Тамызда мектеп түлектері бақ сынасып академиялық білім алу үшін университеттерге ағылатын кез. Бірақ біз осы секілді белгісіз­дікті бастан кешіретін тағы бір топты назардан тыс қалдырамыз.
Жұмысқа мұқтаж жас маман
1,139
оқылды

Олар – енді ғана дипломға қол жет­кізіп, еңбек нарығына жаңа­дан жолдама алған жастар. Бүгін­де еліміздегі түлектердің жұмыс­қа орналасу көрсеткіші артып ке­леді. Бұл мемлекеттік жұмыс­пен қамту саясаттың тиімділігі ме, әлде еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің жастарға басымдық беруінің нәтижесі ме?   

Елімізде 2022 жылы ЖОО түлек­терінің 79,5 пайызы жұмысқа орналас­қан. «Атамекен»  ҰКП мәліметтеріне сүйенсек, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға жоғары. Аймақтар арасында ең жоғары түлек­тердің жұмысқа орналасу көрсеткіші Батыс Қазақстан облысына тиесілі – 86% , екінші орында Алматы облысы – 84%,  үшінші орында Атырау облысы –  85%. Жұмыспен қамтудың ең тө­менгі деңгейі – 73%, Қызылорда және Түркістан облыстары бойынша анық­талған. Алматы облысының түлектері алғашқы жылы орташа есеппен 196 769 теңге жалақы алса, Шымкент түлек­терінің ең төменгі медианалық жала­қысы  124 895 теңгені құрайды.

Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығы 2023-2030 жылдары жалдамалы жұмысшыларға деген сұраныс 2 мил­лионға жуық адамға жетуі мүмкін деген болжам келтіреді. Мұның басты себеп­терінің бірі 2023 жылдан 2028 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру тоқтатыла тұратыны дейді сарапшылар. 

Маманға деген мұқтаждық қандай?

Бүгінде білім беру (395,6 мың адам), ауыл шаруашылығы (196,3 мың адам) және сауда (193,2 мың адам) салалары­ның мамандарына деген сұраныс жо­ғары деңгейде. Тізімнің көш басындағы білім беру саласының кадр жетіспеу­шілігі елдегі 2000-шы жылдардың басынан бері байқалып келе жатқан «бейби бумның» айқын көрінісі.

«Атамекен» ҰКП кадр қажеттілігі бойынша жүргізген сауалнамасында  51,2 мың кәсіпкерлік субъектісінде 134 051 жұмысшыға қажеттілік бары анықталған. Әсіресе, Алматы, Астана қалалары, сондай-ақ Қарағанды, Шы­ғыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстарында кадр жетіспеушілігі айқын сезіледі.

Оның ішінде сауда, өңдеу өнер­кәсібі, құрылыс, білім беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, орман шаруашы­лы­ғы, балық шаруашылығы – кадр­ларға өте мұқтаж салалар қатарында.

Сондай-ақ нарық тігінші, аспаз, күзетші, қолөнерші, автомеханик, бухгалтер, ауылшаруашылық өндірісі­нің тракторист-машинисі және сату менеджері секілді мамандарға мұқтаж.

Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығы мәліметтерінше, цифрландыру жағдайында көптеген ел секілді Қа­зақстан да білікті IT мамандарының же­тіспеушілігіне тап болып отыр.  Бүгінде 69,5 мың IT маманы қазақстан­дық кәсіпорындармен 84,1 мың электронды еңбек шартын бекіткен.  Бұл әрбір бесінші қызметкер бір мез­гілде бірнеше ұйымда жұмыс істейтінін білдіреді. Ал мұндай маманның орташа айлық жалақысы 516 мың теңгені, ал медианалық жалақысы 352 мың теңгені құрайды. 

Түйіндеме – түлектің визит картасы

Көбіне жастар диплом алғаннан кейін бірден армандаған жұмысқа орналасамын деп ойлайды. Өйткені көп жағдайда жас маман қызметтік жолын компаниядағы төменгі лауа­зымдардан бастайды. Сізге шынымен жақсы жұмыс табу үшін кәсіби қабі­леттілігіңізді дәлелдеуге және ысылуға тура келеді. Университет түлектері ма­мандығы бойынша теориялық және практикалық дайындықтан өткенімен, өмірлік тәжірибесінің жеткіліксіздігі кейде тұсау болады. Әсіресе, алғаш рет жұмыс іздей бастағанда, түйіндеме әзірлеу және сұхбаттасу жастарға оңай соқпауы мүмкін. Сондықтан жоғары оқу орындарының түлектеріне мансап жолын ойдағыдай бастауға көмекте­сетін кеңестермен бөлісуді жөн көрдік. 

Түйіндемеге ерекше назар ау­дарыңыз! Дұрыс емес немесе сапасыз жасалған түйіндеме беделді компанияға кіруге кедергі келтіреді. Өйткені бұл сізді болашақ жұмыс берушімен бай­ланыстыратын алғашқы мүмкіндік. Бір күнде жұмыс беруші ондаған түйін­демені қарайды. Сондықтан түйінде­меңіз орфографиялық және стилисти­калық тұрғыдан сауатты болғаны абзал және қажетті лауазымды бірден көр­сеткен дұрыс. Фотосуретті де назардан тыс қалдырмаңыз.

Қазір жұмыс берушілер арасында түйіндемеге балама CV атты құжат танымал. Латын тілінен аударғанда Curriculum Vitaе (CV) «өмірлік бағыт» дегенді білдіреді. Оның түйіндемеден айырмашылығы, CV-де ақпарат то­лығырақ көрсетіледі. Мұнда сіз жетіс­тіктеріңізді жай ғана тізіп қоймай, ма­­рапаттарыңыз бен құндылықта­ры­ңыз туралы айта аласыз. Түйіндеменің ұзындығы – бір-екі бет, CV – екі, алты, тіпті он екі бетке дейін жетуі мүмкін. 

CV әсіресе ғылыми сала қызметкері болуға ұмтылсаңыз көп көмегін тигіз­бек. Егер сіз университеттерге өтініш берсеңіз, міндетті түрде CV жазыңыз. Профессорлар сіздің қайда ғылыми мақалалар жарияладыңыз, не туралы жаздыңыз және сіздің ғылыми қызығу­шы­лықтарыңыз қандай екенін білгісі келеді.

Жұмыспен қамту тетігі тиімді ме?

Қазақстанда жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған барлық бағдар­лама 2,5 жылдан астам уақыт қана жұмыс істейтінін айтады мамандар. 

Бүгінде жастарды жұмыспен қамту мәселелері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатын іске асыруда үлкен маңызға ие. Өйткені еңбек на­рығындағы жастар халықтың осал тобы. Себебі олардың жұмыс тәжірибе­сі жоқ, мемлекеттік қолдау шаралары­нан хабарсыз және ұзақ уақыт жұ­мыссыз жүрген немесе үй шаруашы­лы­ғымен айналысатын біліктілігі тө­мен және бала тәрбиелеп отырған жас аналар.

Қазақстанда жастарды қолдау және «Жергілікті жерлерде» жұмыссыздық­пен күресумен Халықты жұмыспен қамту орталықтары айналысады. Ор­талық еңбек делдалдығынан бастап микрокредиттер алу туралы кеңес беру, қоғамдық жұмыстарға жіберу, әлеу­меттік жәрдемақыларды ресімдеуге дейін қызмет көрсетеді.

Анна Альшанская Қоғамдық саясат саласындағы жас зерттеушілер бағдар­ламасы аясында жүргізген талдауда «Мемлекет жүзеге асырып жатқан ша­раларға қарамастан жастарды жұмыс­пен қамтудың қолданыстағы тетіктері тиімсіз екенін көрсетті» деп қорытынды шығарған. Себебі көп жағдайда Ха­лықты жұмыспен қамту орталықтары ұсынатын бос орындар спектріндегі мамандықтар саны шектеулі немесе жалақысы төмен.  Жұмыс берушілер де тәжірибесі жоқ немесе ұзақ уақыт жұ­мыстан үзіліс алған жастарды еңбекке тартуға құлықсыз. «Электронды еңбек биржасын енгізу де проблеманың то­лық­қанды шешімі деп көрсетуге жет­кіліксіз. Бірақ халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік орталықтарынан бас тарту және міндеттерді жеке сек­тор­ға ауыстыру жастардың еңбек на­ры­ғындағы белсенділігін арттыру про­цесін одан әрі кешеуілдетуі ғажап емес. Сондықтан ХҚКО-ны одан әрі реформалау қазіргі  ең тиімді шешім болуы мүмкін» деп қорытындылайды сарапшы. 

Jefes жоспары

2001 жылғы қаржы дағдарысынан кейін Аргентинада іске қосылған Jefes жоспары жұмыспен қамтуға кепілдік беру негізінде жұмыс істеген болатын. Оның аясында жұмыссыз азаматтарға федералды қаржыландыру негізінде әртүрлі жұмыс орны ұсынылды. Бұл тәжірибе көптеген әйелге жұмыс табуға мүмкіндік берді, ал 2005 жылға қарай олар барлық жұмыспен қамтылғандар­дың 3/4 бөлігін құрады. Бұл әйелдерге ата-ана мен үй қызметшісінің рөлімен шектелмей, қоғам өмірінде өзін тәуел­сіз сезінуге мүмкіндік берді.

Jefes бағдарламасы көптеген өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды рәсімдеуге көмектескенін де атап өткен абзал, өйткені Қазақстанда бұл барлық жұмыспен қамтылған жастың үштен бір бөлігін қамтиды. Jefes сонымен қа­тар мемлекеттік жұмыс орнынан жеке секторға ауысқан жұмысшылар үшін ең төменгі жалақы деңгейін белгіледі. Жеке фирмаларға жалданған жұмыс­шы­лар­дың 93%-ға жуығы мемлекет ұсынған жалақыдан жоғары жалақы ұсынды.

Аталмыш бағдарлама 2009 жылы тоқ­татылды, бірақ ол шамамен 2 мил­лион адамға жұмысқа орналасуға мүм­кіндік берген болатын. Нәтижесінде, елдегі жұмыссыздық деңгейін 2,5%-ға төмендетті. Сонымен қатар экономис­тер бағдарлама болмаған жағдайда адамдардың 26%-ы жұмыссыз қалаты­нын анықтады.

Аргентина проблемаларымен сәй­кес Қазақстанның қазіргі ахуалын ескерсек,  аталмыш тәжірибе жағдайды айтарлықтай жақсарта алар еді. Ол жас­тарды ғана емес, азаматтардың барлық тобын жұмыспен қамтуға, сонымен бірге  жалпы адамдардың жалақысы мен әлеуметтік қорғалуын арттыруға көмектесе алар еді.

Кәмила ЕРКІН