Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, биылғы шілдеде Электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер 98 мың бос жұмыс орны туралы ақпаратты орналастырып, жақсы кадр іздеген.
Жұмысы зорықтырды, төлемі торықтырды
504
оқылды

Маусым айы­мен салыстырғанда бос орындар саны 8,1 мыңға немесе 9%-ға арт­ты. Жасыратыны жоқ, бүгінде елде білікті маман табу мұңға айналды. HR мамандары оларды тауып, тартудың бір құпиясымен бөлісті. Егер вакансия туралы хабарлан­дыруда «Еңбекке жарамсыздық парағы төленеді» деп жазса, ол өз қадірін білетін майталман маман­дарды қызықтырады екен.   

Себебі бұл – компанияның әрбір команда мүшесін бағалайтынын біл­діреді. Әйтпесе, қазіргі заманда еңбекақы төлеу қорының жүктемесі өсіп бара жат­қандықтан, компаниялар өз персо­налының үлкен бөлігін аустаффингке шығаруға немесе олармен азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарт бе­кітуге, болмаса жұмыстары мен қызмет­терін, өндірісін аутсорсингке тапсыруға үйір болып барады. 

Үкімет 35 АЕК-ті неге көпсінді?

Осы орайда салада бір жаңалық бар: 2023 жылғы шілдеден бастап халық арасында «больничный» аталатын, уа­қытша еңбекке жарамсыздығы бойынша төленетін жәрдемақы көлемі айтар­лықтай артып отыр. 

Жаңа норма биыл қабылданған «Кей­бір заңнамалық актілерге әлеу­меттік қамсыздандыру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қарас­ты­рылған. Осы заң арқылы қолданыстағы Еңбек кодексіне тиісті түзетулер енгізілді.

Бұған дейін ел Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1103 Қаулысымен бекітілген дәл осы жәрдемақының мөл­шері небәрі 15 айлық есептік көрсеткіш болатын. Бұл биыл 51 750 теңгеге тең еді. Енді оның көлемі 25 АЕК-ке немесе 86 250 теңгеге дейін шамалы өсірілді. 

HR-менеджер Айдар Қасенов мұны да аз санайды.

«2023 жылғы 1 шілдеден бастап кү­шіне енген жаңа заң жобасында «еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша 1 айға төленетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшері тиісті жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс» деп қадап айтылған. Бұл елдегі ең төменгі жалақыдан, яғни 70 мың теңгеден сәл ғана көп. Сонымен бірге осы азғантай сомадан барлық са­лық пен жарна – зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, медсақтандыру жарнасы ұсталады. Яғни, ресми жалақысы 150 мыңнан көп адамдарға жұмысқа уақытша жарамсыз­дық парағын рәсімдеу тиімсіз болып шы­ғады. Салдарынан еңбеккерлер едәуір табысын жоғалтпас үшін ауырып жүріп, жұмыс істеуін жалғастырады. Бұл әрине, жұмыс сапасына кері әсер етеді», – деді Айдар Қасенов.

Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов болып тұрған тұста, ол еңбеккерлердің қамын ойлап, 2021 жылы еңбекке уақытша жарамсыздығы үшін жәрдемақыны 15 АЕК-тен бірден 35 АЕК-ке дейін, яғни екі еседен көпке көтеруді ұсынды. 

Оның командасы тиісті заң жобасын да әзірлепті. Алайда мақсатына жете ал­май кетті. Бұл ведомствоны бір жыл­дай ғана басқарған оны 2022 жылдың көктемінде Еңбекминіне қайтадан оралған Тамара Дүйсенова ауыстырды. Салдарынан жәрдемақы көлемі 25 АЕК-пен шектелді. 

Еңбек заңнамасына сәйкес, еңбекке уақытша қабілетсіз болып қалған жұ­мыскерлерге жұмыс берушілері өз есе­бінен төлейтін әлеуметтік жәрдема­қының көлемін мемлекет шектейді. Әлгінде айтылғандай, жұмыс беруші 25 АЕК-тен аспайтын мөлшерде ғана төлейді. 

Осылай шектеу арқылы Еңбекмині Қазақстанның өз мойнына алған халық­аралық міндеттемелерін бұзып отыр. Өйткені Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясында белгіленген деңгейге сәйкес еңбекке уақытша жа­рамсыздық төлемақысы еңбеккерлердің табысының 45%-ын құрауы шарт.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылғы екінші тоқсанда республикадағы орташа жалақы 365 502 теңгені құрады. Бұл соманың 45 пайызы 164 475 теңгені құрайды. Демек, «боль­ни­чный» мөлшері де осыншаны құрауы қажет еді. 

Ал елімізде уақытша еңбекке жарам­сыздығы бойынша жәрдемақының табысты алмастыру көрсеткіші небәрі 23,6%-ды құрайды (86 250 теңге). Бұған дейін 19,8% болатын. Яғни, ХЕҰ бел­гілеген межеден – 45 пайыздан екі есе­дей кем.

Жоғары жалақы – тек жаны сірілерге...

Сөз болып отырған заңнамалық норма қабылданғанға дейін оны қо­ғамдық талқылауда қорғаған Еңбек министрлігінің мамандары осы жәр­де­м­ақыны 35 АЕК-ке көтерсе де аз бола­ты­нын білдірген еді. Жұмыскердің жала­қысы 90 мың теңгені құраса, онда 3 күн ауырған жағдайда жәрдемақы көлемі 12 мың теңгені, 10 күн үшін –42 мың теңгені және 15 күн үшін  64 мың теңгені құрайды.

«Жалақысы 250 мың теңге болса, 3 күн үшін жәрдемақы көлемі небәрі 35 мың теңгеге, 1 ай үшін  102 мың теңгеге (35 АЕК) теңеледі. Яғни, бір ай нау­қастан­ған еңбеккер жалақысының жар­тысынан көбін жоғалтады. Жәрдемақы оны өтемейді. Соның кесірінен жала­қысы 150 мың теңгеден асатын барлық жұмыскерге еңбекке уақытша қабілет­сіздігіне байланысты 5-6 күннен асатын мерзімге жұмыста болмау тиімсіз. Сөй­тіп, толық емделмей жұмысқа ерте шығады. Бұл дерттің қайта меңдеуіне, созылмалы ауруларға немесе мүгедек­тікке соқтыруы ықтимал. Жұмыскер­лердің лайықты әлеуметтік қорғауды алу құқықтарына қысым жасалады», – делінді министрліктің 2021 жылғы рет­теушілік әсерді талдауында.

Алайда Үкімет осыған құлақ асып, уақытша еңбекке жарамсыздық жәрде­мақысын 35 АЕК-тен жоғары ету ор­нына, оны ақырында 25 АЕК-ке дейін түсіріп тастады. 

Сарапшылардың пікірінше, осының кесірінен шенеуніктер ұлт саулығына соққы беріп отыр деуге болады. Өйткені аталған жәрдемақының мемлекет кепіл­дендірген мөлшері әлдебір дертке шал­дығып немесе жарақат алып, еңбекке жара­май қалған жұмыскерлердің ем­делу­мен, операциялармен, медициналық рәсімдермен және манипуляциялармен, дәрі-дәрмектер алуымен, кейінгі қал­пына келумен, соның ішінде оңалту іс-шараларымен, дәрі-дәрмектермен, көлік шығыстарымен және басқасымен байланысты толып жатқан қосымша шығыстарын мүлдем өтемейді.

Озық елдер озып барады

Мемлекеттің шектеп отырған жәр­демақысы науқастанған жанның ас-ауқатынан да аспауы мүмкін. Мұның сыртында билік органдары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарла­масын енгізіп, жылу, жарық, су және басқа да монополистердің коммуналдық ақыны күрт арттыруына жол берді. Содан бұқараға тонаушы сыйақылар сұ­райтын банктерден немесе микроқаржы ұйымдарынан кредит алып, борыш батпағына бата беру ғана қалады. 

Салдарынан сырқаттана жүріп, жұмысын жалғастыратындықтан қа­зақстандықтар шетінен аурушаң.

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, Қазақстанда еңбекке жарамды жастағы тұрғындардың саны азайып барады. Әрбір 1 мың жұмыс істейтін азаматқа 740 қария немесе баладан келеді (5 жыл бұрын 496 қарт не баладан келетін). Осыдан елдегі жұмыс қолына түсетін демографиялық жүк­темені аң­ғаруға болады. Мамандардың айтуынша, дұрысы, 1 қария не балаға 1,5, не 2 жұ­мыс істейтін адамнан келгені абзал.

Сарапшылар адамзатқа соққы болған пандемиядан кейін аурушаң адамдар қатары көбейгеніне назар аудартады. 

The Times басылымының жазуынша, осыған орай таяуда Ұлыбританияда реформа басталды. Оның аясында сыр­қаттанып, жарамсыздық парағын рә­сімдеген жұмыскерлерге салықтық жеңілдіктер енгізілетін болады. Билік осы арқылы халықтың ауру-сырқауының жоғары деңгейін төмендетіп, экономи­калық өсімді ынталандыруға ниетті. Себебі Бюджеттік жауапкершілік басқармасының (OBR) мәліметінше, ұзаққа созылған дерті салдарынан жұмыскерлердің уақытша еңбекке жарамай қалуы бір жылда мемлекетке 16 миллиард фунт шығын келтірген. 

Дамыған елдердегідей жарылқап тастамағанымен, ел Үкіметі ең құрыса, жұмыс берушілер төлейтін уақытша жарамсыздық жәрдемақысының шегін батыл көтерсе жөн.

Айхан ШӘРІП