22 жастағы Абай ауданының тұрғыны мамыр мен шілде айлары аралығында әлеуметтік желі арқылы бір қызбен хат алмасып отырған.
«Сөйлесіп жүрген қызы еңгезердей еркек болып шықты»: қарағандылық жігіт 2 миллион теңгесінен айырылды
5,734
оқылды

Қарағанды облысының тұрғыны алаяққа алданып, 2 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол интернет арқылы танысқан қызға миллиондап ақша аударған.

"22 жастағы Абай ауданының тұрғыны мамыр мен шілде айлары аралығында әлеуметтік желі арқылы бір қызбен хат алмасып отырған. Желідегі екеуара әңгіме жарасқаны соншалық, жәбірленуші азамат сөйлесіп жүрген қызына 2 миллион теңге ақшаны қалай аударып қойғанын білмей қалған",  дейді мамандар.

Қыз байланысқа шықпай қойғанда ғана жәбірленуші алданғанын түсінген. 15 шілдеде Абай аудандық Полиция басқармасына алаяқтық бойынша арыз түскеннен кейін, тәртіп сақшылары жедел күдіктіні анықтады. Ол Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты.

"Жәбірленуші күдіктімен беттесу кезінде қатты таңғалды. Өйткені сөйлесіп жүрген қызы еңгезердей еркек болып шықты. Тұрғындарды алдағаны үшін күдікті заң аясында тиісті жазасын алады",  дейді Полиция басқармасынан.

Қазір күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп, тергеу жүріп жатыр.

фото: polisia.kz