Жаз айларында Сенат депутаттары дәстүр бойынша өңір-өңірлерді аралап, ел тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, пікір алмасады. Аталмыш үрдіс аясында бір топ депутат бұл аптаны да жемісті өткізіп, біраз шараның басы-қасында болып қайтты.
Өңірлерге сапар жалғасуда
788
оқылды

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов Жетісу облысында болды және облыстың бірқатар коммуналдық кәсіпорындарын аралады.

Сенаторлар Текелі қаласындағы инженерлік су құбырын салу барысымен, Қаратал ауданында тазарту бөгеттері кәсіпорнының жұмысымен танысты және Талдықорған қаласындағы «Басқуат» қазандығының жылыту маусымына дайындығына куә болды.

Депутаттар кездесу барысында халықты коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету және жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын сапалы және уақтылы орындау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.

Парламентшілер Жетісу облыстық құқық қорғау органдарының өкілдерімен де кездесті. Жүздесуге қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтау, тергеу амалдарын электрондық түрде жүргізу, органдар қызметкерлерін материалдық-техникалық жаб­дықтау және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысының Осакаров ауданында болды. Сенатор ауыл еңбеккерлерімен, жергілікті қоғам белсенділерімен, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерімен, ардагерлер кеңесінің ақсақалдарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қол­дауға, маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Депутат «Сарыбел Нан» ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнында болған кезде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мен ауыл тұрғындарының өмірін жақсартудың маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еліміздің дамуының басты драйверінің бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Біз ол туралы әр сессияда, әрбір парламенттік тыңдау кезінде айтып келеміз. Қазіргі уақытта мемлекетіміз ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөнінде нақты шаралар қабылдады. Дегенмен, қолға алатын көптеген мәселе әлі де бар. Менің ойымша, оларды бірлесе шешу аса маңызды екені даусыз. Менің сапарымның басты мақсаты – Сенат депу­таттары заңнамалық деңгейде қандай көмек бере ала­тынын білу, мемлекеттік бағдарламаларды орын­дауда қандай жағдай орын алып жатқанын көру», – деп атап өтті Серік Өтешов.

Сенатор балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» орталығында және «Жас инженер» студиясында болды.  Депутат сапар барысында жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепте тамақтандыру, сондай-ақ балаларды білім беру мекемелеріне тасымалдау мәселелерін де талқылады.

Серік Өтешов Теміртау қалалық мәслихатының депутаттарымен және қоғамдық кеңестің мүшелері­мен кездесті. Сенатор парламентшілердің қызметі облыстық және аудандық мәслихаттардағы әріп­тестерімен тығыз қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Сенатта құрылған «Өңір» депу­таттық тобы Қазақстан өңірлерін да­мыту жөнінде ұсыныстар әзірлеумен айналысатыны туралы жан-жақты ақпарат айтылды.