Спортпен тегін шұғылдану мүмкіндігі қарастырылған кешен биыл қыркүйек айында есігін ашады деп жоспарлануда.
«AMANAT»: Алматыда жаңа спорт кешені бой көтерді
693
оқылды

Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Серік Есматов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері «Алатау» заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Бұл спорт нысаны «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерін іске асыру аясында салынып жатыр.

«Биыл 9 наурызда «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Республикалық сайлауалды штаб мүшелері қала тұрғындарының талап-тілектерін тыңдады. Оның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде бассейндер салу мәселесі де көтерілген еді. Тұрғындарды толғандырған  бұл мәселе ескеріліп,  Алматы қаласы бойынша партияның 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілді.  Алдағы 5 жылда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін жобалау және құрылысы кезінде бассейндер салу мәселесі қарастырылады», – деп атап өтті Серік Есматов.

Нысан бастапқыда өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ жобадағы өзгерістерге байланысты мерзімі ұзартылды. Қазіргі уақытта жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені 99%-ға дайын. Мұнда ауданы 535,39 шаршы метр болатын 6 жолақты бассейн, сондай-ақ жалпы ауданы 212,0 шаршы метр кішкентай балаларға арналған жеке бассейн қарастырылған.  

Сонымен қатар, «Алатау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде спорттың 10 түрі: таеквондо, дзюдо, жүзу, баскетбол, ауыр атлетика, велоспорт, еркін күрес, грек-рим күресі, шахмат және дойбы бойынша балалардың тегін спорт секцияларына жаппай қатысуын дамыту көзделіп отыр.