Мемлекет басшысы алқалы жиындарда, өзінің халыққа арнаған Жолдауларында еліміздегі қарапайым еңбек адамдарын қадірлеп, олардың маңдай терінің ақталуына қажетті барлық жағдайды жасау, еңбектерінің лайықты түрде еленуіне ықпал ету жайлы жиі айтып, жазып жүр.
Жақсы жұмыс – жанға ырыс
944
оқылды

Қазақстан халқына кезекті Жолдауларының бірінде ол: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деп өзінің еңбек адамына қатысты көзқарасын нақтылап, тиісті деңгейде тапсырмалар берді. 

Расында, солай, көп жағдайда қалаларды айтпағанда, ауылдардағы қарапайым еңбек адамдардың ел ертеңі үшін таң атпастан  жұрттан бұрын тұрып, түн ортасына дейін тыным көрмей, жерлестерінен кеш жатып, тынбай еңбектенуі көбіне елеусіз қалады. Солардың қатарына зейнетке шықса да ауылындағы наубайханада тамшылатып тер төгіп, жерлестерінің қолын ұзартып отыр­ған Бақтыгүл Бөлекбаеваны қосуға болады. 

Бақтыгүлдің наубайханада нан-тоқаш өнімдерін пісіріп жүргеніне он жылдан асыпты. Жанындай жақсы көретін жұмысты  Қарашоқы ауылындағы наубайханада  бастаған. Осында біраз жыл жұмыс істеген соң мұндағы кәсіпорын  жабылып қалып, амалсыздан аудан орталығы Сарыөзектегі наубайханаға ауысып, біраз уақыт осында тер төкті.  Қолы ұсынықты, нан өнімдерінің бабын беске  білетін, өз ісінің білгір маманы  мұнда да тек жақсы жағынан көрінді. Туған жері  – Қарашоқыдағы наубай­хана қайта іске қосылғанда, еш ой­лан­бастан ауылға оралды. Ауылдас­тарының нан өнімдеріне деген сұ­ра­нысын қанағаттандырып, тапсы­рыс­тарын тап-тұйнақтай етіп орындап жүргеніне бір жылдан асты. Нан мен тоқаштың түр-түрін пісіріп, жерлес­терінің алғысына бөленіп жүр. 

Ол нан өндірісі технологиясын жатқа біледі, қажетті өнімдердің өлшемдерін, құрамын жадына мықтап сақтап алған. Соңғы үлгідегі наубайхана жабдықтарының тілін де жан-жақты меңгеріп, нан-тоқаш өнімдерінің сұранысқа сай болуын басты назарында ұстайды. 

«Мамандықтың оңайы жоқ. Дегенмен наубайханашылықтың орны басқалардан бөлек, жоғары жауапкершілікті, ыждағаттылықты, тазалықты  қажет етеді. Өйткені ас атасы – нан пісіру жүрдім-бардымды, бейқамдықты,  жайбарақаттық пен жауапсыздықты көтере алмайды», – дейді кейіпкеріміз.

Қосағы бұл өмірден ертерек өтіп кетті. Жалғыз қалдым демеді. Бес баланы қанаттыға қақтырмай, тұм­сық­тыға шоқтырмай бағып-қақты, өсіріп-жеткізді. Олардың төртеуі өз алдарына түтінін түтетіп, жеке-жеке отбасы болып отыр. Көпбалалы ана ретінде 53 жасында зейнеткерлікке шыққанымен, еңбектен қол үзген жоқ. Әлі күнге ауылдағы наубайхана­ның жұмысын жүргізіп, жерлестері­нің алғысына бөленуде. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы