Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданының мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, халық алдында атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Аймақтың адымы қарышты
724
оқылды

– Осы аралықта біз барлық ұйымдастыру іс-шараларын ше­шіп, қысқа, орта, ұзақмерзімді бағ­­дар­ламаларды орындау үшін құжаттар әзірледік. Облысты дамы­тудың кешенді бағдарламасы қабылданды. Алайда осы бағдар­ламаға кірмей қалған жоспарлар еліміздің Премьер-министрі об­лыс­қа келгенде қолдау тапты, – деді Н. Ұранхаев.

Бірінші жартыжылдықта об­лысқа 230 миллиард теңге инвес­тиция тартылған. Оның ішінде Боро­дулиха ауданына 15 миллиард теңге тиесілі. Сонымен қатар облыс әкімі ауылшаруашылық өнеркәсібі туралы да тілге тиек етті. Биыл алғашқы алты айда ауыл­шаруа­шылық саласының ішкі өні­мі 22 пайызға өскен. Сонымен қатар ірі қара саны артқан. 

Аймақ басшысы дамудың не­гізгі бағыттары – экологиялық және жағажай туризмін Шүлбі су қой­масында, Үбі, Михайловские және Жерновка көлдерінде дамы­тудың әлеуеті жоғары екендігін атап өтті. 

Сондай-ақ облыс әкімі су жүйе­лерін жаңғырту жұмыстарына да тоқталды. 

– 2026 жылы облыс бойынша 96 су құбырының құрылысы және жаңғырту жұмыстары жоспар­ланып отыр, оның 66-сы – ауылдық елді мекендерде, – деді өңір басшысы.

Ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін көпқабатты үйлер салынуда. Осы жылдың алғаш­қы жартыжылдығында 130 мың шаршы метр баспана, оның ішінде 1 084 шаршы метр баспана Бородулиха ауданында салынған.

Әкімнің айтуынша, жұмыс­сыздық мәселесі де жоспарлы түр­де шешіледі. Бірінші жартыжыл­дықта өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болған. Биыл аймақта 24 926 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. 

Есептік кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, тиісті меке­мелерге нақты тапсырма берді.

А.ҚАЗАҚ