Заман талабына сай адамдардың өмірі де, қолданатын терминдері де өз­геріске ұшырап жатыр.
Заңның негізгі принципі – байыптылық
652
оқылды

 Айталық, бұрын заңда әлеуметтік желіні қол­данушы және инфлюенсер деген терминдер мүлдем жоқ еді. Бірақ уа­қыттың өзі заманмен бірге заңның да өзгеретінін дәлелдеді. Жақында Мем­лекет басшысы «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Заң­ға қол қойды. Заң жобасының негізгі мақсаты – адам құқығын қорғау. Осы­лайша, онлайн-орта қауіпсіз және ашық түрде дамиды. Біз Мәжіліс де­путаты Айдос Сарымнан жаңа заңның ерекшеліктері жайлы сұрадық.

– «Онлайн-платформалар және онлайн-жар­нама туралы» заң біздің қоғамға қаншалықты қажет?
– Менің ойымша, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы – үлкен тереңдік пен бағыт­тың иесі. Шынын айту керек, еліміздің заң­дары заман талабынан кішкене болса да ке­шеуіл­деп жатыр. Бір ғана мысал, қазір Қазақ­стан­да жасалып жатқан қылмыстың 40-45 пайы­зы киберсалада болып жатыр. Біздің өмі­­­­рімізге интернет дендеп енді. Қазір адам­дар­дың өмір сүру салты мен құндылықтары да ға­ламторға байланған. Бірақ біз осы кезге дейін, өкінішке қарай, ұзақ уақыт бойы осы са­ланы дұрыс түсінбегендіктен бұл бағытты анар­хияға жатқызып келдік. Ал шын мәнінде, ин­тернет – біздің өміріміз. Салықты да интер­нет арқылы онлайн төлейміз. Қалтамызда қа­ғаз ақша да ұстамаймыз. Өмірдің өзі интер­нет­пен ұштасқан кезде, оған тиісті шараларды қол­дану, бағыттарды реттеу – заман талабы жә­не заңгерлердің міндеті. Сондықтан қабыл­данған жаңа заң біздің қоғамымызға қажет.


Азаматтардың онлайн қауіпсіздігі қорғалады

– Аталған заңның міндеті қандай? Жаңа заң жо­басы әлеуметтік желіде болып жататын бул­линг­тен азаматтарды қорғай ала ма?
– Заңның басты идеологиясы – азамат­тар­дың онлайн қауіпсіздігін қорғау. Яғни шынайы өмір­дегі бар құбылыстар мен қарым-қаты­нас­тар­дың барлығы, виртуалды әлемде де дәл со­лай көрініс табады. Өмірдегі ережелер мен тыйымдар интернет желілерінде де күшінде болуы керек. Мысалы, бизнес интернетте жа­сал­са да, өмірде жасалса да, бизнес болып қала бере­ді. Адамға өмірде қоқан-лоққы көрсетсе де, интернетте бопсаласа да –  екеуі де буллинг. Заңда осы принциптер ескерілді. Жаңа бас­та­ма­ларға жол аштық. Шынайы өмірде адамның құ­қығы қай деңгейде қорғалса, онлайн плат­формаларда да азаматтардың құқығы сол дең­гейде, дәл сондай дәрежеде қорғалуы қажет. Мы­салы, осыдан бір ай бұрын бізге Ұлыб­ри­тания парламентінің делегациясы келді. Мүм­кіндік болған кезде олардан онлайн қарым-қатынастары жайлы сұрадым. Сонда британдық әріптесім екі адамды түрмеге отырғызғанын айтты. Себебін сұрағанымда: «Біреуін 8 айға, екін­шісін 6 айға соттапты. Себебі олар фейс­букта маған «сені өлтірем, бала-шағаңды отқа ораймын» деп сес көрсетті» деді. Фейсбуктағы бул­лингті сотта дәлелдеп, британиялық әріп­те­сім екі адамды түрмеге отырғызыпты. Содан кейін фейсбукта ешкім оған буллинг жаса­мап­ты. Кез келген саясаткердің, қоғам белсен­ді­сінің аккаунтын ашып қарасаңыз, коммен­тариінде «қарғыс атсын, түбіңе жетем» деген сияқты әңгімелер айтылады.
– Иә, қазір фейк аккаунт ашып, профил ие­сіне аузына келгенін айтатын адамдар көп. Сон­да жәбірленуші буллинг жасағанын дәлел­деп, фейк аккаунт иесін сотқа бере ала ма?
– Әрине, заңның арқасында мемлекеттік ор­гандар мен сот органдарының және әлеумет­тік желідегі белсенділердің арасындағы қа­рым-қатынас мәселелерін шешіп жатырмыз. Қа­зір балаларға қатысты кибербуллинг, пор­нография сияқты салалардың әлеуметтік же­лідегі мәселелері ушығып тұр. Осыны Қа­зақ­станның заңнамасына сай реттейміз. Көп адам бұл заңнама не үшін керек деп сұрайды. Шын мәнінде, әлеуметтік желі арқылы мемлекет­тігі­мізге де нұқсан келуі мүмкін. Сонда тиісті тех­ногиганттар мемлекеттік органнан: «Біз заң­ды тыңдайтын заңды қолданатын елміз. Сіз­дің заңнамаңыздың қай жерінде онлайн плат­форма туралы бап бар?» деп сұрайды. Сон­дықтан біз осы заңды мемлекеттік құры­лым­дар мен  техногиганттар арасындағы қа­рым-қатынасты негіздеу үшін қабылдадық. Заң жобасы онлайн-платформалардың жұ­мы­сын Қазақстан Республикасының заң аясында жүйе­лендіріп, әлеуметтік желі қолдану­шы­лар­ды еліміздің әлеуметтік-экономикалық айна­лы­мына енгізе отырып, осы саланы мем­ле­кеттік реттеудің негіздерін қалыптастырады. Жал­ған ақпаратты орналастыратын немесе та­ра­татын онлайн-платформаларды пайда­лану­ш­­ылар үшін – 20 АЕК, ал кәсіпкерлік қыз­метпен айналысатын блогерлер үшін 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауаптылық енгі­зі­леді.
Бұл заң еліміздегі саяси сепаратизм мен экст­ремизмнің алдын ала ма?
– Иә, «Онлайн-платформалар және он­лайн-жарнама туралы» Заң саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алады. Қателес­пе­сем, соңғы жарты жылдың ішінде 8-9 адам түр­меге отырды. Кейбір адам қателесіп пікір айт­са, кейбірі біреулерге қосылып пікір айт­қан. Біз бүгінгі заңда кезіндегі Қылмыстық ко­­­­декстің декриминализация бағытын да қа­растырып жатырмыз. Егер азаматтың мем­лекет­ке ешқандай қарсылығы болмаса, ағат­тық жасамаса, тек қателесіп пікір айтып қойса, оған айыппұл төлеуге мүмкіндік беріледі. Бір­ақ осыдан кейін азамат қате пікірін жалғас­тыра берсе, оны насихаттаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
– «Онлайн-платформалар және онлайн-жар­нама туралы» Заң қабылданғанға дейін шы­ғарылған шешімдерге әсер ете ме?
– Жоқ, әсер етпейді. Заң күшіне енгеннен кейін жарты жылдың ішінде тиісті мемлекеттік құрылымдар әкімшілік шешімдерін шығаруы керек.
– Қазір әлеуметтік желіні халықтың көп бө­лігі қолданады. Бірақ олар заңнан бейхабар болып, қателік жасауы мүмкін ғой. Жалпы заң жобасы халық арасында насихаттала ма?
– Әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Заң­ның негізгі принципі – байыптылық. Ең алғаш рет қателік жасаған азаматқа айыппұл салы­на­ды. Заңды бұзу деңгейіне қарай айыппұл са­лынбай, тек ескерту жасалуы да мүмкін. Егер әлеуметтік желінің тұтынушысы, аккаунт иесі қате ақпарат таратып жіберсе, оған аудандық әкім немесе мемлекеттік орган ең бірінші ес­керту жасайды. Кейін аккаунт иесі пікірінен бас тартпаса, оған әкімшілік іс қозғалады. Аза­матқа өз қателігін мойындауға мүмкіндік бере­ді. Бірақ азамат айтқанынан қайтпаса, өз ақ­параты үшін жауап бере алатын болса, сотқа жү­гінеді. Шешімді сот шығарады. Егер сот ше­­шімінен кейін де аккаунт иесі пікірінен қайт­паса, айыппұлдары екі еселенеді.


Ешкімнің әлеуметтік желідегі еркіндігі шектелмейді

– Қоғамда «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңға қарсы пікір айтатындар да бар. Олар заң әлеуметтік желіні бұ­ғаттауға немесе біреудің құқығын бұзуға әке­леді деп санайды. Бұл қате пікір ме?  
– Заңды қолдамағандар саны аз. Олардың пі­кірі – қате. Осыдан 1-2 жыл бұрын кибер­бул­лингке қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу ту­ралы айтқан кезде де, біраз адам қарсы пікір айт­қан. Олар  «Үкімет барлық желіні бұғат­тай­ды» деп ойлады. Мінеки, содан бері 2 жыл өтті. Еш­кімнің әлеуметтік желідегі еркіндігі ше­к- телген жоқ. Біз бұл заң жобасын дайындайтын кез­де халықаралық ұйымдармен де кездестік. Ең бірінші айтарым, біздің үкімет азамат­та­рының құқығын таптағысы келмейді. Екін­ші­ден, халықаралық ұйымдармен де қарым-қа­тынасын бұзғысы келмейді. Бірақ ешбір азамат әлеу­меттік желіні «айтқым келгенді айтам, қар­жы пирамидасын құрамын» деп пай­да­лан­бауы керек. Біздің жұмыс әлеуметтік желіні осын­дай қате пікірден тазалау.
– Қаржы пирамидалары да өз жарнамасын әлеуметтік желіде көп жасайды. Соның салдары­нан қарапайым халық опық жеп, аданып жатыр. Заңда қаржы пирамидаларына қатысты бап қарастырыла ма?
– Бұл заңда қаржы пирамидаларына қатыс­ты бағыт қарастырылмайды. Бірақ біз осы ба­ғыттағы мәселелерге қатысты көптеген де­рек­­тер жинадық. Бірнеше партияның аза­мат­тар осы мәселе бойынша комитет отырысын, жұмыс топтарының отырысын өткіздік. Күзде лу­доманияға, ойынқұмарлыққа, онлайн кази­ноға қатысты арнайы заң жобасын әзірлеп жа­тыр­мыз. Сол заң қолдау тапса, қабылданып қалар.


Инфлюенсерлер мемлекетке салық төлеуі тиіс

– Заң жобасын жасау аясында онлайн плат­формалардың жұмысын реттеудің халықаралық тәжірибесі зерттелді ме?
– Көптеген елдердің тәжірибесі зерт­телді. Атап айтсақ, Еуропа елдерінің, Аме­риканың, Жаңа Зеландия, Аустралияның заң­дары қарастырылды. Шынын айту керек, біз қазір солардың деңгейіне жете алмай жа­тыр­мыз. Өйткені әлеуметтік желілердің Қазақ­стан­ға немесе онлайн платформа туралы заң күшінде емес елдерге көзқарасы әртүрлі. Мы­салы, Испанияда, Францияда «инфлюенс мар­­­кетинг» деген ұғым бар. Яғни олар әлеу­мет­­тік желідегі жарнаманы түсінеді. Қазір жар­­наманың көп үлесі теледидар, радио, бил­­борд арқылы емес жекелеген жауапкер­ші­лігі шектеулі серіктестіктер арқылы жүзеге асы­­рылады. Есесіне ол елдерде көз қысты, бармақ бас­ты оқиғалар орын алмайды. Әлеу­мет­тік желіде заңсыз жарнамамен айналысқан аза­­маттарға 300 мың еуроға дейін айыппұл са­­ла­тын мемлекеттер бар. Оның қасында, біз­дің іске асырып отырған заң жобамыз үлкен жұ­мыс­­тың басы ғана. Осы заң арқылы бірінші аза­маттардың арасындағы байланыстар рет­те­леді. Екінші, салық төлеу мәселесі жолға қойы­лады. Мысалы, заңды жұмыс істейтін қыз­меткер өз табысының белгілі бір пайызын зей­нетақы қорына аударып отырады. Дәл со­лай онлайн платформаларда миллардтап ақша жи­нап жатқан азаматтар неге салық төлемеуі керек? Халықтың басым бөлігі заң жобасын қол­дап отыр. Енді әлеуметтік желіден мил­лиард­тап табыс тауып келген инфлюенстер (блогерлер) кәсібін заңдастырып, мемлекетке салық төлеуге  тиіс. Парақшасында жұмыс­та­ры­­­ның ақылы екенін көрсетуі керек. Олар қан­­дай компаниямен келісім жасағанын ай­тып, жарнамасының ақылы екенін жариялауы қажет.
– Онлайн платформаның иесі балаға қарсы ки­бербуллинг ақпаратты және мемлекетке қарсы контентті тартқан жағдайда аккаунттарды тоқтатуға міндетті ме?
– Шынын айту керек, мемлекеттің кез кел­ген әлеуметтік желіні белгілі бір уақытқа бұ­ғат­тауға мүмкіндігі бар. Бірақ тек мемлекетке қауіп төнген кезде ғана. Бірақ үкіметтің елдегі он­лайн платформаларды түгелімен бұғаттай­тын ойы жоқ. Біздің мақсат – заң арқылы әлеу­меттік техногиганттар мен мемлекеттік ор­гандар арасындағы байланысты реттеу. Яғни балаларға буллинг жасалып жатса, әлеуметтік же­ліде саяси сепаратизм мен экстремизм на­си­хатталып жатса, біз тиісті маманмен хабар­ласып аккаунтың заңға қайшы екенін айта аламыз. Заң осындай қарым-қатынастарды тереңдете түседі.
– Осы уақытқа дейін инфлюенсер (блогер) кез келген ақпаратқа жарнама жасап келді. Енді олардың жарнамасы тексеріле ме?
– Кез келген аккаунт иесі тарататын ақ­пара­тының шынайылығына өзі жауап беруі ке­рек. Егер қате ақпарат таратса және оны жә­бірленуші дәлелдесе, аккаунт иесі заң ал­дында жауап береді. Бұл жерде ақпараттың парақ­шаға пост ретінде жарияланғаны немесе пікір ретінде қалдырылғаны маңызды емес. Маңыздысы – әрбір адам өз сөзіне жауап беруі ке­рек. Бұл кез келген елдің Конституциясына, іш­кі тәртібіне қатысты дүние.
– Әңгімеңізге рақмет!

Көктем ҚАРҚЫН