Мыңдаған киіктің шабуылы салдарынан енді көктеп шыққан егіні тұтастай тапталып кеткен шаруалар зар илеп отыр. Алайда аталған мәселе жөнінде Үкімет пен Парламентте, облыс әкімдіктерінде талай жиын өткізілгенімен, нәтижесі болмаған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылық басқармасының мәліметінше, ел аумағында киіктердің саны 2 миллионға жуықтап қалған. Қазіргі уақытта елімізде киіктердің еті мен терісін ғылыми мақсатта болмаса, басқа да мақсаттар үшін қолдануға 2024 жылға дейін тыйым да салынған.
Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен жануарлар дүниесін қорғау, сақтау және көбейту жөніндегі өкілетті орган ведомствосы қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар және «Охотзоопром» РМК мамандандырылған ұйымдар егістік алқаптарын киіктердің таптап кетуіне жол бермеу үшін көмек көрсету және ескерту мақсатында арнайы штаб та құрылған еді. Ведомство киіктен «көресіні көрген» аймақтағы фермерлерге көмек беру мақсатында «Охотзоопром» инспекторлары мен орман шаруашылығы мамандарынан қосымша арнайы экипаждар жолдауға мәжбүр болғандарын айтады. Дегенмен аймақтардағы жағдайдың ушыққаны соншалық, жергілікті шаруалар дабыл қағуда.
Ақмола облысында да мәселе биыл аса күрделі. Әсіресе, Атбасар, Жақсы, Жарқайың, Егіндікөл, Целиноград және Астрахан аудандарында мыңдаған гектар егістік алқапты киіктер таптап кеткен. Облыс аумағындағы киіктердің жалпы саны 2021 жылы шамамен 40 мың басқа жуықтаса, былтыр 80 мыңнан асып жығылған. Ал биыл өңірдегі әкімдіктер жүргізген деректер бойынша киіктердің жалпы саны 200 мыңнан асып кеткен.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде киіктер жайлап кеткен егістік аумағы 100 мың гектардан асады. Басқарма басшылығы одан қаншалықты шығын келтірілгенін тап басып айта алмады. Былтырғы шығын көлемі 7,1 миллиард теңгедей болған. Ведомство алдағы уақытта комиссиямен тексеріс жүргізіліп, шығын көлемі есептелетінін жеткізді.
– Түйінді жағдайды шешу үшін облыс әкімдігі биыл да киіктердің санын заңнамалық деңгейде реттеу мәселесін шешуге ықпал етуді сұрап, министрліктер мен Үкіметке, Парламентке хат жіберген еді. Бірақ күні бүгінге дейін бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Өйткені киіктер әлі де болса мемлекеттік қорғауға алынған. Осыған байланысты қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, егістік аймақтардағы шекараны шолу, атты және авто-мототехникалы шолушыларды қолдану, киіктердің жолына дыбыстық құрылғылар қойып үркітуден басқа амал болмай тұр. Шығынға белшесінен батса да, фермерлерге мемлекеттен көк тиын көмек берілмейді. Бұл заңмен де қарастырылмаған, – дейді Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов.
Естеріңізге салсақ, былтыр егістік алқаптарын қорғау мақсатында Атбасар ауданындағы шаруалар өз еріктерімен олардың айналасын 3 метр тереңдікте қазып тастаған болатын. Аталған іс жануарларды қорғаушылар мен фермерлер арасында үлкен дау туғызған. Атбасар ауданының әкімдігі жергілікті фермерлердің бұл әрекетін киіктердің шабуылынан былтырдың өзінде шаруалардың 2,5 миллиард теңге сомасында шығынға батқандығымен түсіндірген. Әрі жергілікті деңгейде аталған мәселені шешу мүмкін еместігін айтқан. Аталған жағдайға қатысты құзырлы органдардың тарапынан нақты іс жүзінде еш әрекет болмауы қос тараптың арасындағы дауды шиеленістіріп жіберген еді. Дегенмен күрделі мәселеде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы да тиісті шаралардың жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жыл сайын көктем уақытында инспекция «Охотзоопром» РМК-мен бірлесіп киіктердің санына әуеден санақ жүргізеді. Жыл сайын киік төлдеген кезде оның саны бірнеше есеге ұлғаятынын ескерген жөн. Биыл киіктер төлдегенге дейін-ақ саны 60 мың бастан асып жығылған. 10 мамырда киіктердің жаппай төлдеуі басталды. Енді жаңа туған киік құралайын қоса алғанда өңірде шамамен 100 мыңға жуық киік бар деп шамалауға болады. Экология министрінің бұйрығымен киіктердің ауыл шаруашылығы жерлерін таптап кетуін болдырмау мақсатында жедел штаб құрылған. Мұндай штаб киіктердің барлық популяциясы бойынша өңірлік дейгейде де құрылды, – дейді Ақмола облысы жануарлар дүниесі және орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.
Ведомствоның деректеріне сенсек, аймақта киіктер мәселесін шешу мақсатында халықаралық сарапшылар да тартылыпты. 20-24 мамыр аралығында олар Қорғалжын қорығы мен Батыс Қазақстан облысы киіктерінің көшіп-қону аймақтарын аралаған. Сондай-ақ Астана қаласында 25-27 мамыр аралығында киіктердің санын реттеу мәселесі талқыланған. Экология министрлігі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетімен бірлесіп, киіктердің санын реттеуде ғылыми зерттеу жүргізіп, биологиялық негіздеме алу жұмысына кіріскен.
Сонымен жыл өткен сайын елдің онсыз да құлдырап бара жатқан ауыл шаруашылығы саласына елеулі кері ықпалын тигізіп жатқан киіктер мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Бұл орайда ауыл шаруашылығы және экология министрліктері бірлесіп, киік популяциясын реттеу және олардың көшіп-қонатын жерлеріне бейберекет егін салуды тоқтату мәселесін жылдамырақ шешпесе астықты аймақтарда мәселе одан сайын ушығатыны айтпаса да түсінікті.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы