Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдайлар вице-министрі отставкаға өтініш берді
876
оқылды

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі вице-министр Марат Күлдіковтің қызметтен босату жөнінде өтініш бергенін растады.

«Марат Күлдіковтің өз еркімен қызметінен босату туралы өтініш жазғанын растаймыз. Қазіргі таңда оның лауазымнан босауын мақұлдау процедурасы жүріп жатыр», – делінген ведомствоның баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметте.

Еске салсақ, Абай облысындағы өрт кезіндегі жедел штаб отырысында Президент Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіковтің сөзін бөліп, министрлік жұмысына сын айтқан болатын.

«Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайлы қарады?! 14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді. Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген осындай қарым-қатынас бола ма?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?» – деп сұрады Қасым-Жомарт Тоқаев.