Ғалымдар адамның ойындағысын оқитын технология жасады. Енді арнайы құрылғы арқылы адамдар компьютерді басқарады, мәтін құрайды, электронды поштамен хат-хабар алмасады. Ғажайып технология адам-машина арасындағы коммуникацияның жаңа дәуірін бастады.
Адамның ойындағысын оқитын технология жасалды
1,445
оқылды

Synchron компаниясы мидың ірі қан тамырларына стенттер қойып, соның көмегімен компьютерді оймен басқаруға болатын технологияны сынақтан өткізе бастады. Мұндай жаңа тәсіл неврологиялық ауруларды емдеуден бастап, адамның компьютер мен басқа да гаджеттерді оймен басқаратын керемет мүмкіндіктеріне жол ашты. Жаңа технологияның ерекшеліктерін Newatlas сайтында жарияланған сенсациялық мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото Synchron компаниясының сайтынан алынды. Авторы: Adam Glanzman

Австралиялық Synchron стартапы мидың ірі қан тамырына орнатылған ми-компьютер интерфейсін клиникалық сынақтан өткізе бастады. Бұл технология бас сүйекті ашпай, теспей тек мидағы ірі қан тамырға стент қою арқылы жүргізіледі. 

Билл Гейтс пен Джефф Безос 140 миллион доллар бөлген стартап болашақта кез келген ауруханада бас сүйегін теспей орната алатын қауіпсіз интерфейс ұсынған. Осы әдіспен стартап Илон Масктың Neuralink-тің бас сүйектің ішіне орнатуға арналған шешіміне балама жол тапты. Электродтарды миды қоршап тұрған қан тамырларына орналастыру арқылы компьютерлерді, мобильді құрылғылар мен электрлік арбаларды, аяқ-қол протездерін оймен басқаруға болатыны сынақтарда сәтті көрсетілді. 

Адам бір іс-қимыл жасау үшін алдымен сол қимыл туралы ойлайды, мидағы электр сигналдары жұлыннан тарайтын нерв жүйесі арқылы басқа органдарға жеткізіледі. Адам іс-қимыл жасайды. 

Енді австралиялық ғалымдар мидағы электрлік белсенділікті қан тамырға орналасқан стенттердің көмегімен бірден оқып, адамның ойындағы тапсырманы компьютерге жібереді. Мысалы, қозғалысы түрлі себептермен шектелген адамдар компьютерде мәтін құрайды, электронды поштамен хат-хабар алмасып, басқа адамдардан тәуелділігін азайтады әрі өмір сапасын жақсартады. 

Бастапқыда Synchron stentrode омыртқаның зақымдануы, түрлі қозғалыс нейрон ауруларына немесе басқа да жарақаттардың салдарынан қозғалыс қызметін жоғалтқан адамдардың қарым-қатынасын, өзара әрекеттесуі мен тәуелсіздігін қалпына келтіретін медициналық құрылғылар ретінде сатылатын болады. Бірақ технологияны жасаушылар stentrode имплантанты адам мен машина арасында ақыл-оймен байланыс орнатуға үлкен мүмкіндіктер ашатынын айтады.

Қазіргі кезде Neuralink, Blackrock Neurotech, BrainGate және басқа да көптеген компания жоғары жылдамдықты және ықтимал екіжақты адам-компьютер коммуникациясы үшін мыңнан астам электродты тікелей миға орналастыратын импланттар жасауда жақсы көрсеткіштерге жеткен.

Бірақ олар имплантты адамның бас сүйегін тесіп қана орналастыра алады. Мұндай технология әсерінен әртүрлі медициналық асқынулар болуы мүмкін.

Фото Synchron компаниясының сайтынан алынды. Авторы: Adam Glanzman

Synchron практикалық тұрғыда оңтайлы тәсілді қолданады: компания мойын венасы арқылы мидың қан тамырларына орнатылатын «стентрод» жасады. Стентрод кәдімгі жүрек қан тамырларын кеңейтуге арналған стенттерге ұқсайды.

Тек стентродта мидағы сигналдарды қабылдайтын 16 электрод қойылған. Synchron-ның негізін қалаушы және оның техникалық директоры профессор Николас Опидің айтуынша, жаңа технологияның айтарлықтай артықшылығы да осында. Стентродпен жабдықталған 10 адам сынақтан өткізілді және оны керемет сенімді деп бағалады. Олар стентрод орнатылған күннен бастап оны қалай пайдалану керектігін жылдам үйренген және оны қосымша дәлдеуің, икемдеудің қажет етпейтінін айтқан.

Жаңа технология бөлінген 145 миллион доллардың көмегімен Synchron стартапы құрылғыны медициналық пайдалануға рұқсат алу үшін негізгі сынақтарды аяқтауға жақын. Алғашқыда құрылғы сал ауруына шалдыққан адамдарға қоюға ұсынылмақшы. Инклюзивті әлем құруға ұмтылған қоғамдарға бұл жақсы шешім болуы мүмкін. Біздің ойымызша, Synchron технологиясы адамның ойындағысын қашықтан білуге арналған құрылғылар шығару ықтималдығын да өсірді.