Әлеуметтік желілер Президент әкімшілігінің тапсырмасын орындаса да жалған ақпаратқа тосқауыл қоя алмаған. Жоғарғы сотта қаралған бұл іс Конституцияға енгізілген Бірінші түзетуге қатысты өте мұқият зерттелді. Қызу пікірталас тудырған іс жалған немесе зиянды деп танылған контентті өзгертуге немесе алып тастауға үкіметтің араласуына байланысты туындаған.
Президент енді әлеуметтік желілерді бақылай алмайды
1,064
оқылды

АҚШ-тың федералды судьясы Байден әкімшілігінің қызметкерлеріне контентті өзгертуге қатысты Google, Twitter, Facebook пен Instagram сияқты платформалармен байланыс жасауға тыйым салды.

4 шілдеде 155 беттен тұратын қаулыда судья Терри Даути осындай шешім қабылдады. BBC бұл республикашылдар партиясының көптен күткен керемет жеңісі болғанын жазды. Aikyn.kz федералдық соттың шешімі «шенеуніктердің цензурасына» қалай әсер ететінін түсіндіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Drew Angerer

Әлеуметтік платформалар Ақ үй шенеуніктерінің ықпалына беріліп, олардың нұсқауларын орындаса да жалған ақпаратқа тосқауыл қоя алмаған. Федералды сотта қаралған бұл іс АҚШ Конституциясына енгізілген Бірінші түзетуге қатысты өте мұқият зерттелген. Америкалық саяси ортада үлкен пікірталас тудырған іс жалған немесе зиянды деп танылған контентті өзгертудегі немесе жойып жіберудегі үкіметтің рөліне байланысты туындады.

Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ Әділет министрлігі бұл шешімді қарап, өздерінің келесі қадамдарын жариялайтын болады. «Біздің тұрақты көзқарасымыз әлеуметтік медиаларға өздерінің платформаларының америкалықтарға тигізетін кері әсерін ескеруі тиіс жауапкершілік жүктеледі», – делінген Ақ үй мәлімдемесінде. 

Ақ үй туралы және онда шешімдер қалай қабылданатынын мына видеодан экс-президент Барак Обаманың аузынан естуге болады:

Жоғарғы соттың шешімі Миссури мен Луизиана штаттарының Бас прокурорлары (республикашылдар) АҚШ шенеуніктері әлеуметтік желілерге Covid-19-бен күрес пен сайлау қауіпсіздігі сияқты тақырыптар туралы жазбалар жариялауда қысым жасады деген айыптау арызынан кейін қабылданды.

Фото m.wikipedia.org сайтынан алынды. Авторы: Joe Ravi

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп тағайындаған судья Даути арызданушылар «өз талаптарын растайтын елеулі дәлелдер ұсынғанын» айтты. «Осы уақытқа дейін ұсынылған дәлелдер антиутопиялық сценарийді көрсетеді», – деп жазған Даути мырза өз шешімінде.

«Күмән мен белгісіздікпен сипатталған Covid-19 пандемиясы кезінде Америка Құрама Штаттарының үкіметі Оруэллдің «ақиқат министрлігіне» ұқсас рөл атқарған сияқты».

Терри Даути Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаменті, ФТБ (FBI), Санақ бюросы, Әділет департаменті, Ішкі қауіпсіздік департаменті және тағы бірнеше үкіметтік құрылымдарға «сөз бостандығы қамтылған контенттерді жою немесе өзгерту үшін, қысқарту үшін қысым көрсету немесе ынталандыру мақсатымен» әлеуметтік желілермен байланыс орнатуға тыйым салды.

Сонымен қатар, АҚШ шенеуніктерінің, соның ішінде Ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркас пен Кибер және инфрақұрылымдық қауіпсіздік агенттігін басқаратын Джен Истерлидің де қызметтік құзыреттерін шектеді. Дегенмен, сот шешімі ұлттық қауіпсіздік төнетін қауіптер мен қылмыстық әрекеттерді ескерту үшін әлеуметтік медиа құрылымдарға жүгіну мүмкіндігін қалдырды.

Фото prospect.org сайтынан алынды

Судья Даути өзінің шешімінің дәлелдемесі ретінде Ақ үй басшылары мен әлеуметтік медиа компаниялар арасындағы электрондық пошта хабарламаларын да келтірді. Мысалы, 2021 жылдың сәуір айында бұрын Ақ үйдің цифрлық стратегия жөніндегі директоры болған Роб Флаэртидің Google қызметкерлеріне жіберген электрондық жазбалары белгілі болды.

Электрондық хатта Флаэрти мырза Google-дың видеохостингі YouTube адамдарды вакцинадан бас тартуға арналған контенттерге «бағыттайтынын» айтқан. «Бұл алаңдаушылықты Ақ үйдің ең жоғары деңгейі білдіруде», – деп ескерту жасаған.

BBC-дің осы мәселеге байланысты сұрауларына Google мен Twitter де, Facebook пен Instagram да жауап беруден бас тартты.