Биыл Құрбан айт 28 маусымға тура келіп тұр.
Құрбан айт: ең арзан қой қай өңірде?
1,384
оқылды

Биыл Құрбан айт 28 маусымға тура келіп тұр. Құрбан шалудың уақыты осы күні Құрбан айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Айт кезінде құрбандық шалуға ниеттенген жамағаттың барлығын да мал бағасы қызықтыратыны сөзсіз. Осыған орай, ҚазАқпарат еліміздің өңіріндегі құрбандыққа шалынатын мал бағасына шолуды ұсынады.

Айт намазы Астана қаласында таңғы сағат  6.00-де басталады. Өзге қалалар бойынша ақпаратты muftiyat.kz сайтынан қарап алсаңыздар болады.

«Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс. Құрбан шалуға ниеттенген кісі малды өзі соя алмаса, арнайы қасапшының көмегіне жүгінуіне болады. Қой мен ешкі бір адамның атынан шалынады. Ал түйе мен ірі қара мал бір адамның атынан да, жеті адамның атынан да сойылса болады. Бірақ жеті адамнан асып кетпеуі тиіс»,  дейді Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай.

Астанада қой бірнеше жерде сатылып жатыр. Дене-тұрқына байланысты тоқтылар 55 мың теңгеден басталса, ірі қойдың бағасы 70-80 мың теңге шамасында.

Алматыда қой бағасы 35-70 мың теңге аралығында саудаланып жатыр. Тоқты 35 мыңнан басталады, қошқар бағасы 65-70 мың теңге арасында.

Түркістан облысында құрбандыққа арналған қойдың ең арзаны 50 мыңнан басталып, 130 мың теңгеге дейін жетеді. Малдың орташа бағасы 75-80 мың теңгені құрады.

Ал Шымкентте 40 мың теңгеден басталып, ірі қойдың бағасы 110 мың теңгеге дейін барып жығылады. Қаладағы орташа баға 60-70 мың теңге шамасында.

Ақтөбеде тоқты бағасы 45-50 мың теңгеге, қойды 65-70 мың теңге, ірі қараны 420-500 мың теңгеге алуға болады.

Солтүстік Қазақстан облысында қойдың орташа бағасы 50 мың теңге. Іздеген адам 40 мың теңгеге де табады. Құрбан айт мерекесіне орай сұранысты пайдаланып, қойды 80-90 мың теңгеге сатып жатқандар да бар.

Павлодар облысында қойдың орташа бағасы  60 мың теңге.

Ал Оралда қой малы 45 мың мен 75 мың аралығында сатылып жатыр.

Ақмола облысында құрбандыққа шалынатын қойды 35 мыңнан 65 мың теңгеге дейін сатып алуға болады.

Көкшетауда қойдың бағасы орташа 60-80 мың теңге шамасында. Дегенмен арық, кішірек тоқтыларды 50 мың теңгеге сатып жатқандар да бар. Ал семіртулі тұрған ірі қойлардың құны 100 мың теңгеге жетіп қалады. Құрбандыққа сатып алған малды «Бижан ет комбинаты» ЖШС және «Аз» мал базары аумағында шалуға болады. Онда қасапшылар 5-20 мың теңге шамасында мал түріне байланысты қызмет көрсетеді.

Ұлытауда да, Қарағанды облысында да тоқты 55-65 мың теңге шамасында, ірі қой 70-90 мың теңге аралығында.

Маңғыстау облысында тоқты 35-45 мың теңгеге, қой 55-70 мың теңгеге өткізіліп жатыр.

Қызылордада тоқтыны 35-45 мың теңгеге, қойды 65-75 мың теңгеге сатып алуға болады.

Атырауда екі апта бұрын қойдың орташа бағасы 55 мың теңге болған. Қазір ірі қойға 130 мың теңгеге дейін сұрап жатыр. Марқаның бағасы 55 мың теңгеден басталады. Ал сиырдың бағасы 200 мыңнан 400 мың теңгеге жетті.

Таразда тоқтылар 40 мың теңгеден басталса, ірілері 55 мың теңгеден өтіп жатыр. Қошқар бағасы 70 мың теңгенің шамасында екен.

Шығыс Қазақстан облысында қойдың орташа бағасы 50-70 мың теңге. Сиырдың бағасы  300-400 мың аралығында.

Абай облысында қой 60-70 мың теңгеге сатып алуға болады. Ірі қара малдың бағасы 200 мыңнан басталып, 400 мыңға дейін барады.

Қостанайда дене-тұрқына байланысты тоқталар 35 мың теңден басталса, ірі қойдың бағы 90-100 теңгеге жеткен.

Жетісу мен Алматы облыстарында ірі қой 60-80 мың теңге аралығында, тоқтылар 50 мың теңгеден сатылып жатыр.

Құрбандыққа шалынатын мал қандай болуы шарт?

Шариғат ережесі бойынша, ұрғашы мал да, еркек мал да құрбандыққа жарай береді.

Алайда қой мен ешкінің еркегі, ал сиырдың ұрғашысы болған дұрысырақ. Қой мен ешкі бір жастан, сиыр  екі, түйе  бес жастан асқан болуы керек. Дегенмен алты айдан асқан қозы, я болмаса, тоқты ірі болса құрбандыққа шалуға рұқсат. Ондай жағдай қолы қысқа, әлеуметтік жағдайы көтермейтін адамдарға тән. Алты айлық тоқтының құрбандыққа жарайтынын анықтаудың бірден-бір жолы: денесі бір жасқа толған қойдың денесімен тең болуы керек екен. Жағдайы барлар мүмкіндігінше бір жасар қой немесе ешкіні құрбандыққа шалғаны дұрысырақ делінеді. Ал сиыр мен түйені жеті адам бірігіп, құрбандыққа шалса да болады. Ханифа мазһабына қатысты шариғат үкімдерін баян ететін «Һидая», «Мухтасарүл-Қудури», «Әл-Лүбабу фишшархил-Китаб» кітаптарына сәйкес, бойында төмендегідей кемістігі болған мал құрбандыққа жарамайды:

1. Екі немесе бір көзі соқыр;

2. Өте арық;

3. Сойылатын жерге жүріп бара алмайтын дәрежеде арық немесе ақсақ;

4. Құлағы, құйрығы немесе басқа мүшесінің үштен бір бөлігінен көбі жоқ мал;

5. Желіні кесілген (қой мен ешкіде бір, сиырда екі желіні кесілген болса);

6. Дәрі әсерімен желіні тартылған;

7. Нәжіс азықпен қоректеніп, көп уақыттан бері таза нәрсемен бағылмаған;

8. Мұрны кесілген;

9. Тісі жоқ;

10. Ауру мал.

Ал аталған кемшіліктер малды сатып алғаннан кейін пайда болса, қайтадан құрбандыққа жарайтын малды сатып алу қажет. Бірақ кедей адамның құрбанында бір кемшілік шықса, сол малды шала береді. Себебі кедей адамның шалған құрбандығы  нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар. Бұдан бөлек, мүйізсіз, мүйізі сынған және ақталанған мал құрбандыққа жарайды. Ал желіні тартылған кәрі мал мен емізулі төлі бар малды құрбан ету мәкрүһ. Құрбандыққа шалынатын өгізге міну немесе оған соқа жегіп жер жырту мәкрүһ болады. Малды алғанда саудаласуға рұқсат бар. Ең бастысы, құрбандықтың кем-кетігі болмауы шарт.

Құрбандықтың етін толығымен үйде қалдыруға бола ма?

Бай болсын, кедей болсын Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату  мұстахаб. Бір бөлігі  туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі  кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі  өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасында да қалдыра алады.

Қарыз алып құрбан шалу міндет емес. Өйткені құрбан шалу үшін адамның жағдайы болуы керек. Мүмкіндігі бар адам құрбан шалу керек, ал жағдайы болмаса қарызданып құрбан шалудың қажеті жоқ. Алайда құрбан шалудың сауабынан құр қалмайын, мен де құрбан шалайын деген мақсатта қарыз алса, ол болады. Бірақ шамасына қарау керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, Құрбан айтта мұқтаж жандар құрбандыққа шалынған мал етін алу үшін онлайн түрде өтініш бере алады.

«Құрбан айт мерекесіне орай құрбан шалу рәсімдерін өткізу үшін біздің басқарма  QURBAN-2023  жобасы әзірленді.  QURBAN-2023 жобасы онлайн және офлайн форматта іске асырылып жатыр. Республика бойынша өкілдіктерде құрбан шалу рәсімдері онлайн және офлайн форматта да өткізілуде. Ал медреселер мен қайырымдылық мекемелер құрбан шалу бойынша тапсырыстарды және құрбандық етін тек офлайн форматта қабылдауда,  деді Батыржан Мансұров.

Сондай-ақ діни басқарма өкілі Құрбан айтта онлайн форматта құрбан шалу және оны мұқтаждарға тарату рәсімдерін түсіндіріп өтті.

QURBAN-2023  жобасы аясында онлайн форматта құрбан шалу рәсімдерін өткізу және оны мұқтаждарға тарату үшін 2023 жылы 16 маусымнан бастап www.qurban2023.kz сайты іске қосылды. Аталған сайтқа құрбан шалу үшін тапсырыс беруші тиісті өтініш қалдыра алады. Ол үшін сайтқа кіріп, көрсетілген нұсқаулықтарды орындау қажет. Құрбандық шалынғандығы туралы есеп видео ретінде тапсырыс берушінің Whats App нөміріне жолданатын болады. Сондай-ақ сайтқа мұқтаж жандар да тіркеліп, шалынған құрбандық етін алу үшін онлайн түрде өтініш толтыра алады. Нәтижесінде, шалынған құрбандық етін еріктілер өтініш қалдырған мұқтаж жанның сайтта көрсеткен мекенжайына жеткізіп береді», – дейді ол.