Әлемдегі киіктің 90 пайызы Қазақстанда мекен етеді.
Мәжіліс депутаты Үкіметтен киік санын азайтуға қатысты шаралар қабылдауды сұрады
1,798
оқылды

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан кейінгі жылдары елде киік саны шамадан тыс көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, олардың қарапайым шаруаларға зияны тиетінін айтты. Осы мәселеге қатысты Үкімет басшысы мен Ауыл шаруашылығы министріне сауал жолдады.

Депутат ұсынған мәліметке сәйкес, әлемдегі киіктің 90 пайызы Қазақстанда мекен етеді. Оның абсолютті басым бөлігі – Батыс Қазақстан облысындаға Орал популяциясы. 

«Қазақстандық, әсіресе батысқазақстандық ғалымдар мен сала мамандарының еңбегі арқасында Орал популяциясы биыл 2 млн-ға жетті, Экология министрлігінің есебінше, 1,6 млн, БҚО ауыл шаруашылығы мамандарының есебінше 2,5 млн-ға жеткен, ал мен орташа есеппен 2 млн деп алып отырмын.

Бұл сөзсіз қуанатын жағдай әрине, бірақ киік санының шамадан тыс еселеп өсіп кетуі, бірнеше жылдан бері батысқазақстандық шаруа қожалықтарына үлкен материалдық шығындар әкелуде. Биыл бұл жағдай өзінің критикалық ең соңғы нүктесіне дейін жеткелі отыр.    

Арифметика тілімен сөйлесек,  жазғы мезгілде әрбір киік   күніне 6-7 келі  шөпті азық қылады, яғни 2 миллион киік көктем-күз кезінде 100 мыңдай тонна шөпті жеп жояды. Сонда шаруа қожалықтарының малына не қалады?! 

Және мәселе тек шөппен шектелмейді, орташа есеппен әр киік күніне 5 литрге дейін су ішеді, сонда әр тәулік сайын 10 мың тонна су тұтынатын 2 миллион киік көктем-күз аралығында жергілікті су ресурстарын 2,4 млн тоннаға сарқиды деген сөз», деп түсіндірді депутат.

Депутат алдағы қыста Үкіметтен көмек болмаса жұт болу қаупі бар екенін айтты. Биыл БҚО оңтүстік бағытында орналасқан 5 ауданның қожалықтары мен мал иелері қысқа мал азығын жеткілікті дайындай алмауы мүмкін. Олар: Жәнібек, Бөкейордасы, Жаңақала, Казталов және Ақжайық аудандары.

«Бізге Үкіметтен нақты мынадай көмек керек:

1) Киіктің санын жергілікті шаруашылықтарға зияны тимейтіндей қылып  шектеу (тиісті заңнамалар қабылдау бойынша бастамалар көтеру, ұсыну, қабылдату);

2) Киіктің шаруашылыққа келтірген залалын – толық, әділ және жедел өтеудің пәрменді тетіктерін қалыптастыру;

3) Биылғы қоян жылының қысынан малды аман шығару мақсатында киік өрісі болатын ауданның мал иелеріне мал азығын дайындау үшін республикалық бюджеттен (немесе сатып алу үшін) жедел түрде субсидия бөлгізу. 

Алдыңғы екі пункт бойынша зерттеу құжаттары, тиісті НҚА дайындау үшін уақыт керек екені түсінікті. 

Ал үшінші пункт, яғни субсидия мәселесі кезек күттірмейтін мәселе! Әрі елімізде мұндай практика бар, мысалы Ақтөбе облысында соңғы үш жылда ірі қара малына – 30 мың, саулық қойға – 8 мың, жылқыға   8 мың теңгеден облыстық бюджеттен  қаржы бөлініп келеді. Неге екенін білмеймін, БҚО-да ондай тәжірибе көптен бері жоқ. Бірақ биылғы малдың жемшөбіне қажетті субсидияны жергілікті бюджет көтере алмайды. 

Батысқазақстандық  ауылшаруашылық мамандарының есебінше, қажетті субсидия кемінде 10 млрд теңгені құрайды. 

Құрметті Алихан Асханұлы! Құрметті Ербол Шырақпайұлы! 

Сіздерден осы мәселені биылғы жылдың қыркүйек айынан қалдырмай шешулеріңізді сұраймын!»,  –деді ол өзінің жолдаған сауалында.