Аса қамқор, ерекше мейі­рімді Алланың атымен бастаймын!
Ниет пен сүйіспеншілік мейрамы
417
оқылды

Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пай­ғам­барымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сә­лемі болсын!   

Қадірлі отандастар!

Сіздерді мұсылман қауымы­ның ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құт­тықтаймын. Айт қабыл болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұ­мыстарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала бәріміздің мерейі­мізді үстем етсін!

Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспен­шілікті паш ететін мейрам. Ұлық мере­кенің тәрбиелік мәні мен мағы­насы тереңде жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаң­дар, олар­дың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүрек­теріңізге ұялаған тақуа­лық­тарың (шынайы ниет­терің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делін­ген. Аятта айтыл­ғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниет­тенген пенде бұл амалды риясыз оймен орын­дайды.

Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нәсіп еткен нығмет­тің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бө­лейді. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың са­лауа­ты мен сәлемі болсын): «Па­рыз амалдан кейінгі Аллаға ұнам­ды іс – мұсылманның жү­ре­гіне қуаныш сыйлау» деген.

Халқымыз «Бота алғанша бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың ал­ғы­сын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауап­­ты істің бірі. Мұсылман бала­­сының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, оны мүгедектер мен жетімдерге, көп­­балалы отбасылар мен қарт­тарға таратып, алғысын алуға тыры­сатыны сондықтан.

Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қол­дан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрты­мыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақ­саты – мұсыл­мандар арасында өзара мейірім­ділік, жомарттық, қайырымды­лық, қанағат сын­ды адамгершілік құндылық­тарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашы­лығына бөленейік.

Ардақты ағайын!

Алла қаласа, биыл елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма ел азаматтарына, әсі­ресе қала тұрғындарына қо­лайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын іске қосты. Барша мұ­сыл­ман қауы­мын мүфтияттың «Раббың үшін құрбан шал» қайырымды­лық акциясына үлес қосып, сауапты істерде белсенді болуға үндеймін.

Бүгінде әлем мұсылмандары Мекке қаласында қажылық жа­сауда. Солардың қатарында парызын өтеп жүрген 4 мың отан­­дасымыздың ниеті мен дұ­ғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз.

Алла Тағала еліміз бен жері­мізге берекесін жаудырып, шал­­ған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істерімізді қабыл еткей. Әмин!


Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти