Жерді сызғылап, шыбықпен салған суреттеріме айналсоқтап отырып байқамай қалыппын. Басымды көтеріп қарасам, қасымда атам жоқ. Орнымнан ұшып тұрып, жалма-жан қораға қарай жүгірдім. Бір болса, сонда жүруі керек.
Қорықтық
2,963
оқылды

Даладан жүгіріп кірген бойда қапелімде алакөлеңкеден қорада не барын аңғарып үлгермедім. Екі көзі алайып кеткен қос мүйізі алып құбыжық ентелеп келіп қалғанда «ата» деп шыңғырып жібердім. Әлгі дәу қарсы алдындағы мені бұйым құрлы көрмей, бір соғып, таптап өте шықты. Қи аралас, шаң қолқамды қапты. Дүние шыркөбелек айналып сала берген, әрі қарайғысы есімде жоқ.

Сол күннен бастап, тілден қалдым. Әлдене айтқым келеді. Көмейіме бірнәрсе кептіліп тұрып қалғандай тұтыға берем. Менің аяқасты мылқауға айналғаным жанына батқан әке-шешем көтеріп алып апармаған жері жоқ. Аудандағы білгір деген дәрігерлердің өзі ешнәрсе дей алмаған соң, Жамбылға апармақ болып жол тосып тұрғанда, үлкен жүк машинасы тоқтапты. Менің бір нәрсе айтқым келетінін, бірақ айтуға тілім жетпей, қиналып отырғанымды көрген жүргізуші мән-жайды сұрайды. Шешем дәрігер-логопедке апара жатқанын айтады. Жолаушы ешқайда сабылмай, үйге қайта апарып, төбемнен қорғасын құюды және оған ненің бейнесі шықса, сол менің дертімнің себебі болатын айтыпты. 

Үйге келген соң анам атама темір тостаған ұстатып, ыстық қорғасынды төбемнен ерітіп, құйыпты. Шар ете қалған тосын дауыстан шырқырап шыңғырып жібергенде, «Ата-а-а» деппін тағы.

Әкемді «тәте» деп атайтынмын. Ертелі-кеш атамның қасынан шықпаймын. Биік қып жиналған шөптің үстінен секіртіп, көп қимылдауға баулитын. Содан да болар, спортқа бейім болып өстім. Жүзуден түрлі спартакиадаларға қатысып, нәтижелер көрсеттім. Бүгінде өзімше жеке жаттықтырушы да болып алғам. Мұның барлығы  атамның ерінбеуге, қимыл-қозғалысқа, еңбекке баулыған әркеттері  арқылы келген қасиеттер деп ойлаймын. Себебі, мен үшін өмірде ол кісіден артық қасиетті де қастерлі жан жоқ еді. Идеалым – атам болатын. Мектептен келе сала, сабағымды оқып бітіріп, тек атаммен бірге уақыт өткіземін. Үй тапсырмасын қалай орындағанымды көрсетейін десем, атам қара танымайды. Бар сауаты – араб-парсыша. Сондықтан болар ешім намаз оқымайтын тұста біздің атамыз намазын қаза қылмай, қолынан тәспісін тастамай, имандылық жолында жүрді. 

Атамның қолынан үнемі тәспі түспейтін. Құрма дәнектерін тесіп, өз  жасаған тәсбихтерін теріп отырып, ұл-қыздары мен немерелерінің амандығын тілеп, күн-түн отырушы еді.  Намазға жығылып, сәждеге басын қойғанда қасына барғым келсе де, ересектеу болып қалғандықтан, кедергі келтірмейін деп сырттай қарап тұрамын. Ал кіші сіңлім Гүлнұр мен інім Айдос иығына мініп алатын. Немерелеріне ешқашан «Тәйт» деген сөзді айтып көрмеген жарықтық, олардың барлық еркелігіне шыдап отыра беруші еді. 

Жаратқан берген жалғыз баласынан көрген немерелерін сабаққа шығарып салып, қайтқанда алдарынан күтіп алып, сырқаттанғанының ем-домын жасап, айналып-толғанып жүретін. Ал сол немерелері мектептен жақсы оқығаны үшін «Алғыс хат» немесе «Үздік оқығаны үшін мақтау қағазын» алып келсе, мейірленіп маңдайымыздан сүйіп, арқамыздан қағады. Келіні ауылдың медициналық пунктінің меңгерушісі болса да, көбіне, өзі қазақи емді қолданып отыратын. 

5 жасымда қайнап тұрған самаурынның кернейін ішіме жабыстырып алыппын. Қатты күйіп қалғандықтан, шыңғырып жылап, көйлегімді де ашқызбай, анамды маңыма жуытпаппын. Өзім өте қорқақ адаммын. Тек атама ғана көрсетіппін. Атам күйіктің орнына ескі әдіспен киізді қыздырып басып, жарамды асқындырмай  өзі емдеп шығыпты. 

Атам шайды қып-қызыл етіп ішетін. Үнемі қасында отыратындықтан, маған да сол қызыл шәйін құйып беретін. Сондықтан да болар, әлі күнге қызыл шәй ішпесем, басым ауыратын әдетім бар. Өзі менің атымды атамайды. Тек «Қара қызым» дейді.  Өмірбақи ұсталық кәсіппен айналысып, қара жұмыс істеген оның қатып қалған қатты алақаны маған жұп-жұмсақ болып сезілетін. Қатты шаршағанымда, осы жұмсақ, әрі аялы да аяулы қолдар маған әлі де елестейді. 

Атам өмірден өткенде көпке дейін томаға-тұйық күйге түсіп, ешкіммен сөйлеспей жүрдім. Таңға дейін ұйықтай алмай, жылап, атамды іздеп шығатынмын. Бірақ бұл әрекетімді ешкімге білдірмеуші едім. Ал ата-анамның маған қаруға шамалары да жоқ, басқа балалары жетерлік еді. Атам қайтқалы қаншама жыл өтсе де, ол әлі менің көз алдымда. Басында домалақ бөркі, үстінде ұзын қара шапаны бар, жүзі жылы, көзі мейірімді атам маған  алыстан қарап тұрғандай болады да тұрады... 

Мен оның шынтағын ұстап жатып ұйықтайтынмын. Әке-шешемнің қойнында жатып, тіпті оларды құшақтап та  көрмеген мен үшін – атам бәрінен де жақын адам болды. Өмірі ұзақ болсын деген ниетпен ата-анасы оған Өмірбай деген атты қойыпты. Ұлтарақтың баласы Өмірбай, Аллаға тоба, 80 жасына қараған шығында өмірден қиналмай, ауырып жатып қалмай, жүріп жүрген қалпында тік кетті. Тек соңғы 2-3 күнде ғана төсек тартыпты. 

Ешқашан ауырып, төсек тартып жатып көрмеген ол өмірден өтерін сезгендей. Сол күні  үнемі қасынан тастамайтын мені қысқы демалысқа нағашы атамның ауылына жіберді. Жуалының Қошқарата ауылындағы қызының үйіне барса да, Қызыл жұлдыз ауылындағы қызына кетсе де,  тастамай ертіп жүретін мені неге бөлек жібергенін сол кезде сезсемші... 

Бүгінде жұрт аузындағы атам туралы естелік сөздерді саралап отырсам, жарықтықтың расында өз ортасында тұлғалық, ақсақалдық дәрежеге жеткені анық екен. Шырайы жарқын, кесек ойлы, жанары әрдайым жарық жұлдыздай жанып тұратын өнегелі азамат, өзіне ғана тән ұтқыр да, ұшқыр сөз тұрпаты мен ағайынның ақылшы, қамқоршысы бола білу болмысын бойында қатар ұштастырды. Ер жетіп, ес білгелі атамның ұлағатты сөздері мен үшін өмірлік азық болды. Азық болғанда көмейден өтіп, тәнге қуат бермейді, көкейіңе қонып, жүректен орын табады. 

Оның ұзын бойлы, ат жақты, ақ сақалды, қыр мұрынды, байсалды да, сабырлы бейнесі әлі күнге көз алдымда. Жас кезінде еңсегей денелі, биік, аяқ-қолдары салалы, сопақ жүзді, бойы ұзын, келбетті болғаны көрініп тұратын. Үстіндегі ұзын қара шапаны, басында  домалақ келген биіктеу қалпағы, жағасы тік жейдесі бітім-тұлғасын биіктете түскендей еді. Қазір қариялардың үстінен ондай киім үлгілерін көре бермейсің....

Жалпы, баланың атасы мен әжесінен алған  өнегесі есінде мықты сақталып қалады. Себебі,  ата-анасының тәрбиесінен бөлек оған бауыр еті езіліп тұратын, еркелетсе де ұлағатты өсиет қалдыра алатын ата-апалардың болғаны да қажет. 

Толқын Өмірбаева, 

Дулати университетінің 

қауымдастырылған профессоры.