Атырауда жастар кәсіпкерлігі айтар­лық­тай жолға қойылған. Қазір Атырау облы­сын­да жеке ісін жалғас­тыруға ниетті жас­тарға жеңілдікпен шағын несие, тіпті қай­тарымсыз гранттар беріліп жатыр.
Бизнеске бейім буын
816
оқылды

Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәм­бетовтің айтуынша, жас кәсіпкерлер 2,5 пайыздық  сыйақы мөлшер­лемесімен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады.

«Бүгінге дейін шағын несие бойынша өтінім берген 18 үміткердің бизнес жобасы қаралып, оның 17-сі мақұлданды. Кәсібін кеңейткісі келетіндердің қатары көп. Жа­қында ғана облыс әкімінің өкімімен құ­рылған комиссия құрамы 18 үміткердің құ­жатын қарап шықты. Бизнес-жоба­лардың басым көпшілігі мал шаруашы­лы­ғы­мен айналысуға бағытталған. Комиссия мүшелері ұсынылған жобалардың өзек­тілігін, дәлелділігін, экономикалық негіз­ділігін, маңыздылығы мен өміршеңдігін ескере оты­рып, тиісті шешімдер қабыл­дайды», – деді Азамат Мәмбетов.

Ерекше атап өтерлігі, шағын несиелер 21 жас­тан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкер­лерді қолдауға ба­ғытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан ас­пауы тиіс. 

Белгілі болғанындай, биылғы 6 нау­рыздан басталған шағын несиелерге өтінімді үміткерлер «Агронесие корпора­циясы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалына бере алады. Жастарды қолдауға арналған бағдарламаға сәйкес, облыс бойынша кәсібін дамытқысы ке­летін 136 жасқа 680 млн теңге көлемінде микронесие беру жоспарланып отыр. 

«Кәсіпкерлік бастамашылыққа қолдау көрсету үшін жастарға микрокредит 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласын­дағы жобалар үшін микрокредит  7 жылға дейін беріледі», – дейді Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов. 

Расында, қазір  білек түріп,  бел жазбай еңбек етуге бейім адамға  мүмкіндік көп. Атыраулық Алмас Ахметқали жастар кәсіп­керлігін дамытуға  бағытталған мем­лекеттік бағдарламалардың жемісін көріп отыр. Ол Атырау облысына қарасты Иса­тай ауданының Хамит Ерғалиев ауылында тұратын жас кәсіпкер «Бастау-Бизнес» жобасын кәсіпкерлік негізде оқытуды business enbek сайты арқылы онлайн оқып, сертификатын алған. 

Осылайша, жас кәсіпкер «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға» сәйкес, жаңа бизнес идеяларын іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға өтініш беріп, қайтарымсыз грант ұтып алған. Қазір жас кәсіпкер 4 мыңға жуық тұрғыны бар Хамит Ерғалиев ауылында автоқызмет көрсетеді. 

«Грант қаражаты арқылы автоэлектрик және автодиагностика қызметі үшін керекті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Өзім  осы мамандық бойынша Атырау қаласында 2016 жылдан бері жұмыс істеп келдім. Былтыр қайтарымсыз грантты алып, ауданда өз кәсібімді аштым. Бұл кәсіпті қаладан да ашуға болатын еді. Бірақ ауылда мұндай қызмет түрін көрсететіндер аз. Сондықтан да болар, сұраныс жоғары.  Оның үстіне, ауылымыз Атырау–Астрахан автокөлік жолының бойында орналасқан­дықтан, жолаушылардың да келуіне қолайлы болып тұр»,  – дейді жас кәсіпкер Алмас Ахметқали. 

Мемлекеттік бағдарламалардың же­місін көріп отырған тағы бір кейіпкеріміз – Әлібек Жұмағалиев. Ол  Атырау облы­сына қарасты Махамбет ауылында тұрады. 1 млн 225 мың теңге көлеміндегі қайта­рымсыз  грантқа ие болған жас кәсіпкер Махамбет ауылынан шағын кинозал ашқан.

Әлібек ашқан кинозалға келушілер қа­тары көп. Кинозалда күндіз балаларға мультфильмдер, кешкілік мезгілде ересек­терге арналған түрлі жанрдағы қызықты фильмдер көрсетіледі.  

«Грант арқылы жеңіп алған қаражатқа қажетті жабдықтарды, LED-экранды сатып алдым. Залға жөндеу жұмыстарын жүргіздім.  Келушілер саны көбейсе, бұдан да кең ғимаратқа көшуді жоспарлап отырмыз», – дейді жас кәсіпкер Әлібек Жұмағалиев.

Ал Мөлдір Мұқанова мемлекеттік бағдарлама арқылы Атырау қаласынан тігін шеберханасын ашқан. «Даму» қоры арқылы несие алып іс бастаған жас кәсіп­кер бүгінде шағын цехында дизайнерлік киімдер тігіп, тұтынушыларға сапалы ма­талар, аксессуарлар да ұсынып отыр.

Еске сала кетсек, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында, Атырау облысы  бойынша биыл түрлі бағыттағы әлеуметтік қолдау шараларымен 29 139 адамды қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде «Бастау-Бизнес» жобасы аясында  2 850 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуды бастады. Қазір олардың 2 132-сі оқуын аяқтап, нәтижесінде 194 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. 17 түлек қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы