Облыс әкімі бұл мәселенің қарастырылып жатқанын айтты.
Атырау қаласы екіге бөлінуі мүмкін
6,105
оқылды

Атырау қаласы екіге бөлінуі мүмкін. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтты,  деп хабарлады ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында журналистер әкімнен: «Атырау қаласының халқы қазіргі уақытта 400 мыңнан асып кетті. Көпшілік қаланы екі ауданға бөлу қажеттігі туындап отыр дейді. Әкімдік мұндай мүмкіндікті қарастырып отыр ма?» деп сұраған еді.

«Бізде Үкімет қаулысымен бекітілген Атырау қаласының даму жоспары бар. Жоспарға сәйкес, халық саны өскен кезде әкімшілік-аумақтық құрылым айқындалуы мүмкін. Міне, біз осыны қарастырып жатырмыз. Бізде Жайық өзені бар. Ол қаланы екі бөлікке бөліп жатыр. Осыған байланысты қаланы екі бөлікке бөлуге қатысты көзқарасымыз бар», деп жауап берді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол қаланы екіге бөлу мәселесінде халықтың пікірі ескерілетінін атап өтті.

«Қаланы бөлген кезде тұрғындарға қолайсыздық жасамауымыз керек. Сондықтан шекараға қатысты нақты шешіміз болғанда, бұл мәселені міндетті түрде талқылауға шығарамыз»,  деді Серік Шәпкенов.

 

Фото: tengrinews.kz