Жерде мұхиттың пайда болғанына 4 миллиард жыл болды деген болжам бар. Мұхиттар қандай құдіреттің күшімен пайда болды деген сұраққа әлі толықтай жауап жоқ. Температура көтеріліп, Жердегі мұздықтар ерісе мұхит деңгейі көтеріліп, адамзат өміріне қауіп төнбек.
Тынық мұхитының жағалауы Қазақстанға жетуі мүмкін
2,223
оқылды

Ғалымдар Жерде мұхиттың пайда болғанына 4 миллиард жыл болды деп болжайды. Олар қалай пайда болды? Қандай құдіреттің күшімен пайда болды? деген сұрақтарға ғылым әлі толықтай жауап бере алмайды.

8 маусымда Дүниежүзілік мұхиттар күні атап өтілді. Сол күнге орай америкалық PBS NewsHour телеарнасының бағдарламасында көрсетілген материалға сілтеме жасап Aikyn.kz әлемдік мұхиттың құпиясымен бөліседі.

Фото gamerwall.pro сайтынан алынды

Әлемнің 70,8% алатын тұзды сулар Жерде қашан және қалай пайда болғанын түсіндіретін теориялар аз емес. Адамның өміріне тіршілік нәрін сыйлаған жарқыраған ресурсқа қалай қолымыз жетті? Соңғы бірнеше миллиард жыл ішінде мұхит көп өзгерістерге ұшырады.

Жаратушы сыйлаған 4 әлемдік мұхит бүгінде өзгеріп, дамуын әлі де жалғастыруда. Мұхиттар климатты реттеуде, соның ішінде адам әрекетінен туындаған планета температурасының тепе-теңдігін сақтауда үлкен рөл атқарады.

Бірақ адамзаттың экономикалық әрекетінен туындаған климаттың жылынуы, жылыжай эффектісі мұхиттарға да әсер етіп, су астындағы өмірге қауіп төндіре бастады.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Thomas Barwick

Әлемдік мұхит  деңгейінің көтерілуінен болатын апаттар туралы әртүрлі болжамдар жасалуда. Ғалымдар Жердің полюстеріндегі мұздықтар ери бастаса, әлемдік мұхиттың деңгейі 40-50 метрге дейін көтерілетінін есептеп шығарды.

Егер мұхит деңгейі 25 метрге көтерілсе, онда Жердегі 1,4 млрд адам баспанасыз қалады. Қазіргі жағалаудағы ірі мегаполистер, тіпті тұтастай мемлекеттер су астында қалу қаупі төнеді. Тынық мұхиттың жағалауы Қазақ жеріне де жақындауы әбден мүмкін шығар. Мына видеода сол қауіптердің компьютерлік модельдері келтірілген: 

Жылда маусымда атап өтілетін Дүниежүзілік мұхиттар күні мұхиттың өмірі мен маңыздылығын, адамзат өркениеті оны жойып та, сақтап та, қорғап та қала алатынын көрсетіп келеді. Мұхиттың қалай өзгеретіні және оның өткені мен болашағы туралы фактілер адам өміріндегі судың маңызын ескертеді.

Фото NOAA сайтынан алынды

Біздің планетада мұхит бірден пайда болған жоқ. Жердің пайда болғанына шамамен 4,5 миллиард жыл болса, алғашында мұхиттар онда болған жоқ. Бірінші миллиард жылдары Жерде мұхиттар болмады. Өйткені, ғалымдардың есебінше алғашқы миллиардта планета ыстық болғандықтан, судың сұйық күйде жиналуы мүмкін емес еді.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: CHRISTOPH BURGSTEDT

АҚШ-тың Ұлттық мұхиттық және атмосфералық департаментінің мәліметтері бойынша, планетамыз судың қайнау температурасынан – 100 градус Цельсийден төмен салқындай бастағанда судың сұйық күйде жиналуына жағдай туды.

Бұл әлемдік мұхиттың шамамен 3,8 миллиард жыл бұрын пайда болғанын көрсетеді. Сол кезеңде атмосферада су тамшылары конденсацияланып, жаңбыр жер бетіндегі бассейндерге айнала бастағанын Флорида университетінің ғалымдары айтады. Мұхиттың қалай пайда болғанын мына видеодан көруге болады: 

Судың Жерде қайдан пайда болғаны туралы да ғалымдар арасында әртүрлі гипотезалар бар. 

Соның бірі, вулкандық белсенділік су буы мен басқа газдарды планетаның төменгі қыртыстарынан бетіне ығыстырды. Тағы бір болжам бойынша, мұзды комета планетаға құлаған кезде су пайда болған. Бірақ ғалымдардың пікірінше, шындық осы екі теорияның ортасында сияқты. 

Ал енді Жердің Күн жүйесіндегі нақты орналасуында кездейсоқтық жоқ. 

Фото satellite-maps.ru сайтынан алынды

Өйткені Жердің Күнді дәл осындай қашықтықта, осындай орбитамен айналуы ғана судың үш фазада кездесуіне жағдай туғызады: мұз, сұйық және бу. Егер планета Күнге сәл жақынырақ болса, онда сұйық судың бәрі буға айналып кетер еді.

Фото voda095.ru сайтынан алынды

Егер Жер алысырақ болса, онда температура төмен болып, су буға айналмайтын еді. Ғалымдардың пікірінше, біздің планетамыз алтын ортада орналасқан.

Дәл осындай орында ғана табиғаттағы судың айналымы үш түрде жүреді: сұйық, газ тәрізді және қатты. Адамзат осы алтын нүктеде өмір сүргендіктен, судың үш түрін де өмірінде қолданып отыр. 

Осының бәрі өзінен-өзі, кездейсоқ себептерден болды дегенге сену қиын. Жаратушы құдіреттің араласуынсыз мұндай ғажайыптардың кездеспейтініне көп дәлелдің керегі де жоқ шығар.