«AMANAT» партиясы іске қосқан «Жер аманаты» жо­басы бойынша бүгінде рес­пуб­ликамызда пайда­ла­нылмай жатқан және заң­сыз бөлінген ауыл ш­аруа­шылығы мақсатын­дағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда.
Атырауда 21 мың гектар жер қайтарылды
4,330
оқылды

Атырау облысы бойынша былтыр жалпы көлемі 167,7 мың гектар жер қайтарылған екен. Оның ішінде 15,4 мың гектары – егістік, 152,2 мың га –жайы­лымдық және 100 гектар – басқа мақсатта бөлінген учаске. «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы Сая­си жұмыс бөлімінің меңгеру­шісі Мәлік Кариевтің айтуын­ша, халықтық жобаның басты мақ­саты – ел игілігіне қызмет ету.

«Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев пайда­ланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма бер­гені болатын. Осы мақсатта, «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы жанынан «Жер амана­ты» комиссиясы құрылды. Ко­миссия құрамына облыстық мәс­­лихат депутаттары, жер қа­ты­настары саласының сарап­шылары, Кәсіпкерлер палата­сының, құзырлы мемлекеттік органдардың, БАҚ-ның өкіл­дері және басқа да уәкілетті тұ­ла­ғалар енді. Бүгінге дейін, партиялық жобаны іске асыру мақсатында «Жер аманаты» комиссиясы жұмысын түсіндіру және игерілмеген жерлерді қай­тару бағытында Атырау қала­сында, облысқа қарасты 7 ау­данда бірнеше рет көшпелі кез­­десу ұйымдастырылды. Нәти­­жесінде, жыл басынан бү­гінге дейін барлығы 76 жер учас­кесі қайтарылды. Жалпы көлемі – 21,7 мың гектарды құрайтын жер учаскесінің 40 гектары көлемі – егістік, 21,2 мың га көлемі – жайылымдық және 400 гектары көлемі – басқа мақсат­тар­ға арналған жер телім. Жыл соңына дейін Атырау об­лысы бойынша 210 мың гектар ауыл шаруашылық мақсатын­дағы жер учаскелерін мем­лекетке қай­тару жоспарланып отыр», – дейді ол. 

Бір атап кетерлігі, Атырау об­лысының жер аумағы 11 мил­лион 863 мың гектар болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы санатындағы жер учаскелерінің көлемі небары 3 миллион 57 мың гектар, яки 25,7 пайызды құрайды. Облыста жайылымдық жер мәселесі өзекті болғаны бұған дейін де жазылған бола­тын. Тіпті, Индер ауданында тұрғындар жайылымдық жердің жетіспеуіне байланысты ми­тингке шыққан еді. Есбол, Өр­лік ауылының тұрғындары мал жаятын жердің жылдан-жылға азайып бара жатқанына наразы­лық білдірді. Ал осыдан біраз бұрын Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі еліміздегі жайылым­дық жерлердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайда­ланылып отырғанын, қалған 64 пайызы бос жатқанын мәлімде­ген еді. Мамандар малдың 80 пайызға жуығы өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін бөлінген елді мекендер шегінде және оның айналасындағы өте тозған жайы­лымдық жерлерде жайы­лып жүргенін айтады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша жеке қо­салқы шаруашылықтарда ұста­ла­тын 6,2 миллион мал басын жаю үшін 50 млн гектар жайы­лымдық жер қажет екен. Қан­шама ғасырдан бері тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығымен біте қайнасқан қазақ халқы, соның ішінде, ауыл тұрғындары үшін жайылым мәселесінің қашан да өзекті екенін ескерсек, «Жер аманаты» жобасының мәні – осындай мәселелерді шешуге арналғанын түсінгеніміз дұрыс. Қазір «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы жал­ғасып жатыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы