Елордадағы Конгресс орталықта «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында» тақыры­бында Астана халықаралық форумы өтті. Екі күнге созылған жиынның ал­ғашқы күні өткен пленарлық сес­сияға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Жаһандық сын-қатерді жұмыла   жеңеміз
681
оқылды

Дөңгелек үстел форматында өткен плен­арлық сессияда жоғары мәртебелі делегаттар әлемдік экономикадағы, сауда және саясаттағы жаһандық үдерістерді талқылады. Сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергети­калық қауіпсіздік секілді түйткілдердің шешу жолдарын егжей-тегжейлі қарас­тырды.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумның төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле, ХВҚ Басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО ұйымының атқарушы директоры Армида Салсиа Алисджабана сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш форум қа­тысушыларына видеоүндеу жолдады. Пленарлық отырысты белгілі CNN жур­налисі Ричард Квест жүргізіп отырды.

Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осы жиынға қатысу үшін елімізге арнайы келген Қатар Әміріне, Қырғыз Республикасының пре­зидентіне, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне ризашылығын білдірді.

Президент жаһандық экономиканың қазіргі жай-күйі мен өңірлік ынтымақ­тастық мәселелері жөнінде пікір алмасу үшін аталған форумның маңызы зор екенін атап өтті.

– Бұл – халықаралық серіктестіктің шынайы мән-маңызын айқындайтын жолдың бірі. Осы форумды бастай отырып, стратегиялық серіктесіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымына және оның ХВҚ, ЮНЕСКО, БҰҰДБ, ДСҰ, ЭСКАТО секілді ұйымдарына, басқа да халықаралық инс­титуттарға, сондай-ақ ақпараттық әріп­тесіміз CNN-ге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер, – деді Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы бұрын-соңды бол­маған геосаяси шиеленіс пен қазіргі заман өркениетінің сын-қатерлеріне назар ау­дарып, Астана халықаралық форумы мис­сиясының бес негізгі міндетіне тоқталды. Атап айтқанда, әлемдегі жағдайды ашық талқылау; негізгі сын-қатерлер мен дағ­дарысты айқындау; осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру; көпжақты қатынас­тардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру; бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту форумның негізгі миссиялары-ның қатарына кіреді. 

Сонымен қатар Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен бері негізі қаланған әлемдік тәртіпке төнетін қауіп-қатерлер туралы айтты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым болып қала беретінін әрі бұл ұйым барша адамзат баласының мүддесі мен шынайы мұқтаждықтарына қызмет ететінін айрықша атап өтті. Президент өз сөзінде әлемдегі жаңа дағдарыстың ық­палына қатысты ой-пікірімен бөлісті.

– COVID-19-дан бастап қарулы қақ­тығыстарға дейінгі соңғы «жаңа дағдарыс­тар» нәзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ бұл тұрақсыздықтың түпкі себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар біз 30 жылдан кейін «блоктарға» бөлінетін ескі көзқарастарға қайта оралу жағдайына куә болып отырмыз. Тек геосаяси күш біздерді жікке бөліп жатқан жоқ. Оның экономи­калық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шек­теуді немесе жоюды, сондай-ақ инвес­тицияны бақылауды қамтиды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан сенімді сауда-экономикалық серіктес ретінде Орталық Азияның эконо­микалық локомотиві рөлін атқарып отыр. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев форум ортақ мәселелерді шешуге, сондай-ақ әріптестікті, даму мен прогресті ілгері­летуге өз үлесін қосатынына сенім білдіріп, жиынға қатысушыларға табыс тіледі.

Сонымен қатар жиында Қырғыз Рес­публикасының президенті Садыр Жа­паров, Босния және Герцеговина прези­­диумының төрағасы Желька Цвиянович, Өз­бекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қо­рының басқарушы директоры Крис­талина Геор­гиева және басқа да спикерлер сөз сөйледі.

Ұйымдастырушылар форум климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мә­селелерді шешу жолдарын қарастыру мақ­сатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогіне арналған алаң болмақ екеніне назар аудартып отыр. Оған 40-тан астам мемлекеттен 400-ге жуық делегат қатысты. Форумның екінші күні де пленарлық оты­рыстар жалғасын тапты. Сондай-ақ жал­қыдан жалпыға: «жасыл экономикаға» көшуді қаржыландыру, көміртекті бей­тараптықтың экономикалық және эколо­гия­лық салдары, өңірлерде жаңартылатын энергия көздерін дамыту сынды бірқатар сессия өткізілді. Онда отандық және ше­телдік ғалымдар мен сарапшылар өзекті мәселелерді талқыға салды. Панельдік сес­сиялардан бөлек брифингтер, құжат­тарға қол қою және кездесулер өтті.

Мәселен, форумның екінші күнгі жұ-мысы «Энергетикалық қауіпсіздікті қай­та қарау: айқын шешімдердің шеңберінен шығу қажеттілігі» тақырыбындағы па­нель­дік сессиямен басталды. Бұл – пікір­талас алаңындағы басты тақырыптардың бірі. Оған сараптамалық қоғамдастықтың, Қазақстан Энергетика министрлігінің және халықаралық энергетикалық ком­пания­лардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар «Өзгелердің шарасыздығы кезінде әрекет ету: қиын сәттердегі «орта держава­лардың» дипломатиясы»; «Цифрландыру және жасанды интеллект: әсері мен салдары»; «Әлеуметтік толқулар: жалған ақпарат және ал­горитмдердің күші» және басқа да тақы­рыптарға талқылаулар ұйымдастырылды.

Іс-шара геосаяси шиеленістің кү­шеюіне және мемлекетаралық ынтымақ­тастықтың дәстүрлі модельдерінің тү­бегейлі өзгеруіне байланысты бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге қатысты жауаптар іздеу үшін әлемдік қоғамдас­тықтың күш-жігерін біріктіруге арналған. Форум аясында аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессия, бейресми пікірталастар және басқа да бағдарламадан тыс іс-шаралар өткізілді.