«AMANAT» партиясының мүшелері «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешеніндегі еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қойды.
Аманаттықтар «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешеніне барды
1,039
оқылды

Бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешеніндегі еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қойды. Еске алу рәсіміне қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шараға партия хатшылары, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары, «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері қатысты.

«ХХ ғасырдағы зұлмат жылдардың құрбандарын еске алып қана қоймай, одан сабақ алу үшін өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту – бәріміздің ортақ парызымыз. Түрлі дерек бойынша Қазақстанда қуғын-сүргін жылдары 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе. Ел тарихындағы осы қасіретті кезең бүгінгі Тәуелсіздігіміздің құндылығы мен қадірін ұғындырады», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Оның жұмысына «AMANAT» партиясының мүшелері де белсенді қатысады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні елімізде 1997 жылдан бері аталып өтеді.