«АЛЖИР» — жазықсыз «халық жауы» деп жарияланған мыңдаған әйелдердің абақтыға жабылған атышулы жері.
Тұңғыш Президент кітапханасы «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешеніне архивтік құжаттар тапсырды
1,641
оқылды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қазақстан Тұңғыш Президентінің кітапханасы мен Қазақстан Президенті Архивінің 18 құжат пен 60-тан астам кітаптарын «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешеніне салтанатты тапсыру рәсімі өтті.

 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболаттың айтуынша, 1997 жылдан бастап Қазақстанда жыл сайын 31 мамырда тарихымыздың ең қасіретті беттерінің бірі – миллиондаған адамдардың өліміне әкеп соққан жаппай саяси қуғын-сүргін мен алапат ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі. Ол өзінің сөзінде берілген мұрағаттық фотоматериалдар мен құжаттар тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге өз үлес қосатынына сенім білдірді.

«АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінің директоры Самат Тергембаевтың сөзінше, аталған кешен жаппай террор құрбандарына арналған бірегей ескерткіш ретінде ХХ ғасырдың 30-50-жылдарындағы қайғылы оқиғалардың естелігін сақтауға, сондай-ақ болашақта мұндай ауыр қайғы-қасірет қайталамас үшін жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға көмектеседі.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті Архиві директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков Мұрағатта ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының ашылуымен республикада осындай құжаттардың мамандандырылған қоймасы пайда болғанын атап өтті. Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы тиісті ресми мұрағаттық қолдауға ие болды.

Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, Целиноград ауданы әкімдігінің қызметкерлері, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

 Анықтама:

1930-1950 жылдары Қазақстан аумағында лагерьлер мен қамау орындары Бас басқармасы жүйесінің (ГУЛАГ) 11 мекемесі орналасқаны белгілі: Отанына сатқындық жасаған халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Карлаг), Дальний, Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь), Песчаный, Камышлаг, Актөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері. Жылдар өткен соң АЛЖИР мен КАРЛАГ тарихи мемориалдық кешендерге айналды.

«АЛЖИР» — жазықсыз «халық жауы» деп жарияланған мыңдаған әйелдердің абақтыға жабылған атышулы жері. Әр жылдары (1938 жылдан 1953 жылға дейін) 30 мың шаршы метр аумақтағы казармаларда 18 мыңнан астам әйел ұсталды.