Қарағанды облысында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен болды.
Ашаршылық ақиқаты ашылуда
1,112
оқылды

Ол аймақ мәслихаттарының депутаттарымен кездесті, сондай-ақ «Ашаршылық.  Голод. 1928-1934» тарихи құжаттар жинағының жаңа томдарының тұсаукесеріне қатысты. Деректі шежірелер жинағының авторлары отандық ғалымдар мен тарихшылар болды. 

Жинақтың алтыншы және жетінші томдарының тұсаукесері Долинка кен­тіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында өтті. 

Айта кету керек, бұл  серияның бес томы 2021 жылы Сенатта көпшілікке таныстырылған болатын.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор Долинка ауы­лын­да орналасқан «ҚарЛаг» музейіне барып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ру­хы­на тағзым етті. Қасіретті кезеңнің ізі қал­ған осы тарихи орында «Ашаршылық. Го­лод. 1928-1934» бірегей құжаттар жи­нағының жаңа 6-7-томдары жұртшылыққа таныс­тырылды. Іс-шараға тарихшы ға­лымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Аталған құжаттар хроникасының ав­тор­лары – белгілі отандық ғалымдар мен тарихшылар. Еңбекке енген құжаттардың басым бөлігі бұрын-соңды Қазақстанда жарияланбаған. Тіпті, кітапқа басылған сол кездегі анықтама, бұйрық, қарарлар­дың бір бөлігі бүгінге дейін құпия сақталып келген.

– Президентіміз Қасым-Жомарт То­қаев­тың бастамасымен соңғы жылдарда ашаршылық тақырыбын зерттеу жұмыс­тары жандана түсті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы да бастама көтерді. Соның аясында мемлекеттік комиссия құрылып, бүгінде тиісті жұмыстар жүргі­зіліп жатыр. Нәтижесінде, бұрын құпия болып келген көптеген архив материал­дары ашылып, қуғын-сүргінге қатысты құжаттар негізінде көптомдық жинақ жа­рық көрді. Дегенмен әлі де болса ашыл­маған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар, – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата төрағасы аталған тақырыптарды ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеу мәсе­ле­сін күн тәртібінен түсірмеу керектігін де атап өтті. Ол Сенат бұл бағытта жүйелі жұ­мыс жүргізіп келе жатқанын, қолға алын­ған іс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

– Соңғы екі жылдың ішінде Сенаттың бастамасымен ашаршылық тақырыбына арналған бес томдық құжаттар жинағы әзірленді. Соның аясында бұрын еш жерде жарияланбаған бірегей құжаттар жиналды. Жұмыс мұнымен тоқтамай, жалғасын та­уып, нәтижесінде бүгін аталған жинаққа жаңа екі том қосылып отыр. Бұл жеті том­дық жинақ – Сенаттың ашаршылық тақы­рыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғас­ты­рудың маңызы зор. Сол себепті Сенаттың бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерттеу­лер жалғаса береді деп сенеміз, – деп Мәу­лен Әшімбаев жинақтың жаңа томда­рының жарық көруіне атсалысқан ғалымдар мен редакция алқасына алғысын білдірді.

Сондай-ақ өңірге сапар барысында Сенат төрағасы мәслихат депутаттарымен кездесті. Мәулен Әшімбаев өңірлерді дамытудың өзекті мәселелерін шешудің жаңа жолдары туралы өз көзқарасын ұсына отырып, әріптестерін заң шығару процесіне белсенді қатысуға шақырды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы