«Аватар: Су жолы», «Аладдин», «Жұлдыздар шайқасы: Күштің оянуы», «Галактика сақшылары» сияқты әлемдік туындыларды қазақша дубляждаған Шах-Мұрат Ордабаевтың есімі қалың көрерменге танымал.
Киноға екінші өмір сыйлайды
1,789
оқылды

Өмірде де, өнерде де ізденуден танбайтын актер қазіргі таңда Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында қызмет етеді. Біз актермен өнердегі жолы, қазақша дубляждың деңгейі жайлы әңгімелестік. 

– Сізді көрермен театр актеры ретінде жақсы таниды. Жалпы өнер жолын таңдауыңызға не әсер етті?

– Менің ата-анам өнер адамдары. Торғайда алғаш ашылған театр, филармония, «Шертер» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің не­гі­зін қалаушылар. Анам 16 жылдай театр бас­қарған, сондықтан мен бала кезден сахнада өс­тім. Әуелде өнердегі жолымды әншіліктен бас­­­тадым. Кәмелет жасқа толған соң, актерлікті таңдадым. Әрине, осы жолға келуіме ата-анам себепкер.

– Сахнада көбіне комедиялық көңілді рөлдер сомдайсыз. Ал өмірдегі Шах-Мұрат қандай?

– Сахнада көрерменге қызмет етеміз. Сон­дық­тан комедиялық әртіс ретінде көрінетін шы­ғармын. Өмірде достарымның арасында да көңіл­ді жүремін. Бірақ оңаша қалған кезде мен мүл­де басқа адаммын. Романтикпін, табиғатты, тір­шілікті, жан-жануарларды жақсы көремін. Қо­лымнан келгенше жануарларға тамақ апа­рып тұрамын, олар адамдардың көмегіне мұқ­таж деген ойдамын. Шынымды айтсам, адам­дар­ға емес, жануарларға көбірек көмектеседі екен­мін. Өйткені адамның өз өмірін түзеуге мүм­кіндігі бар. Ал жануарлар бізге тәуелді. Таби­ғаттың қорғалмауы, Астана сыртындағы Тал­дыкөлдің жағдайы мені қынжылтады. Әуез­ді ән тыңдап отырып та, шабыттанамын. 

– Театрдағы сіз сомдаған, жаныңызға жақын рөл бар ма?

– Әртісте жанына жақын рөл болмайды. Әр­бір рөл әртіске сәл де болсын жақын, өйт­ке­ні әртіс рөлді құрастырғанда бойындағы қа­бі­летін, ерекшелігін қолданады. Ал мүмкін мен әлі ондай спектакль ойнамаған шығармын. Өзінің бір қылығы жағынан немесе еркелігі жа­ғынан образ актерге ұқсас болуы мүмкін. Бірақ өзіме ұқсайды деп бір кейіпкерді айта ал­маймын.  

– Актерлық пен бірге дубляжды қатар алып жүрсіз. Дубляж режиссеры болу қиын емес пе?

– Дәл қазір қиын емес. Бірақ бастапқыда актерлық пен дубляжды бірге алып жүру әрине, оңай болмады. Яғни уақыт жағынан қолайлы бол­ған жоқ. Дубляжға қатысқысы келетін, жаңа­дан келген әртістерге айтарым, бұл оңай жол емес. Тек актер болу жеткіліксіз, жан-жақ­ты болу керек. Тіл білу, музыкалық қабілет, сце­нарий құрылымын білгеніңіз абзал. Жалпы ки­но өндірісінің ішіндегі механизмдердің біра­зын білген дұрыс. Өзім ағылшын тілін белгілі бір деңгейде білсем де, әлі де үйреніп келемін. Кейде шетел аудармашыларының назардан тыс қал­ған сәттерін дыбыстау кезінде тауып отыр­ған кездерім болды. 

– Еліміздегі қазақша дубляждың деңгейі қалай? Қандай жетістіктер мен кемшіліктері бар?

– Дубляж сапасының деңгейі жақсы. Бірақ дубляж көрілімі, көрерменнің сұранысы төмен. Шетелден келген фильмдердің барлығы орыс­ша көрсетіледі, тек 1 пайызы субтитр. Сон­дық­тан бұл жағынан алғанда жағдай онша емес. Дуб­ляж мамандарының деңгейі өте жоғары деп есеп­теймін, жетістіктері көп. Шетелдік компа­ния­лардың тапсырысы бойынша жасалған фильмдерге берген бағалары өте жоғары. Сапа­сы, орындаушылығы жағынан жақсы дубляж­да­лып, біраз алғыс сөздер алып жатқан жайы­мыз бар. 

– Осы уақытқа дейін қандай фильмдерді қа­зақ­шаладыңыздар? Дубляждың сәтті шығуы ак­терге байланысты ма?

– Дубляж режиссері ретінде шамамен 30-дан астам фильмді дыбыстадым. Ал дубляж ак­тері ретінде осыдан 2 есе фильм дайындадым. Әрине, барлығы бірдей басты кейіпкер емес, кей­де хор да айтамыз. Дубляждың сәтті шығуы бірін­ші кезекте аудармаға, мәтіннің үйлесті­рілуі­не, редакцияға байланысты. Екінші, шы­ғар­­машылық құрамға, режиссерге, дыбыс ре­жис­серіне, музыкалық жетекшіге, кастинг ди­­­­рек­торына және актерге байланысты. Яғни көп факторлар тоғысады. 

– Көбіне кинотеатрларда қазақша нұсқаның сеанстары ыңғайсыз уақытқа қойылады. Соның сал­дарынан қазақша дубляжға көрермен аз бара­ды. Олай болса, сұранысты арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? 

– Иә, кинотеатрларда біз дубляждаған қа­зақ­ша фильмдер қолайсыз уақытқа қойылады. Ол бізге байланысты емес. Кинотеатр жеке кә­сіпкерлерге қарайды. Олар білгенін істейді. Өйткені кәсіпкелерге жақсы ақша табу керек. Кинотеатр иелеріне ешкім бөгет бола алмайды. Заң жүзінде дубляж саласындағы тіл мәселесі қорғалмаған. Сондықтан кинотеатр иелеріне де ешкім заң бойынша талап қоя алмайды. Бұл мә­селені шешу үшін «шетелден келетін фи­льм­дердің тең жартысы қазақша дыбысталуы қа­жет» деген арнайы заң қабылдауымыз керек сияқ­ты. Сонда ғана қазақша дубляждың дәре­жесі өседі. Ал бұл заң қабылданса, кинотеатрлар табыс жағынан қиналып қалады. Көш жүре түзеледі. Халық қазақша фильмдерді бірден қа­былдамауы да мүмкін. Сол үшін мемлекет қа­зақша дубляжды көрсеткендері үшін ки­но­театрларға салық жағынан жеңілдік қарастырса, бұл іс өрге басар еді. 

– Өмірдегі серігіңізді театрда жолықтырып­сыз. Сол жайлы айтып беріңізші?

– Иә, әйелімнің аты – Маржаннұр. Алғаш театр­да кездестік, бірге өнер көрсетеміз. Қ.Қуа­­­­ны­шбаев театрының актрисасы, му­зыкант, скрип­кашы, ұстаз. Менің өмірім­дегі ең бас­ты адам – әйелім. Біздің ортақ тақы­рып­тарымыз көп. Алайда дәстүрлі патриар­хал­ды қарым-қатынас ұстанбаймыз. Әр шешімді қа­­былдар ал­дында міндетті түрде бір-бірімізбен ақыл­да­са­мыз. Бұл біз үшін маңызды. Бір-бірі­міздің уа­қы­тымызды бағалаймыз. Әрбір баста­ма­мыз­ды қолдап отырамыз және жылына бір рет теңіз­ге баруға тырысамыз. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Балжан ЖАНИ, 

ЕҰУ студенті