Белгілі жазушы, қаламгер Шойбек Орынбай оқырманға біршама таныс жан. Жазғаны жалынды, қаламы қарымды жан тек жазушы емес, талай қоғамдық мәселеге қозғау салып, оның мемлекет деңгейінде шешілуіне үлес қосып жүрген журналист.
Шойбек Орынбай: Атқан да, атылған да өзіміз

Тіпті, соңғы кездері драматургияны да қоса алып жүр. Біз белгілі жазушы-журналисті әңгімеге тартып, бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйі туралы сұрағанбыз. 

Оқырман талғамы бәріне төреші

– Шойбек аға, жуырда Алматыда өткен Қа­зақ­стан Жазушылар одағының кезекті ХVI Құрылтайына қатысып қайттыңыз. Әңгімені осы жақтан бастасақ. Көңіліңізге не түйіп қайттыңыз? Жазушылар қандай мәселелер көтерді?

– Құрылтай қарсаңында «Одақ керек пе, керек емес пе?» деген ұшқары пікір желілерде жарияланып жатты. Өкініштісі, мұндай пікір жастар тарапынан айтылды. Сонда біз Одақты тарату арқылы өткен өркениетіміз бен мәдениетімізді, әдебие­тіміз  бен тарихымызды жоққа шығаруы­мыз керек пе? Бұл ұлттық құндылық­тары­мыздың тамырына балта шабу екені тайға таңба басқандай анық. Ең бастысы, осы сыңаржақ ойға нүкте қойылды. Ешқандай айтыс-тартыс болмады. Жүйесіз сөз иесін тапты. Көтерілген мәселелердің тобықтай түйіні –  мемлекетіміздің экономикалық және рухани дамуына үлес қосу дегенге сайды. Сонда ғана өркениетті елдердің қатарында қадамымызды нық басып дамуымыз айтпаса да түсінікті.

– Жасыратыны жоқ, жазушылар ара­сында әу бастан айтыс-тартыс болып тұра­тын. Осыдан 40 жыл бұрынғы жазушылар мен қазіргі қолына қалам ұстаған аза­мат­тардың арасында қандай айырмашылық байқалады? Прозашылар қартайып бара жатыр дегенге келісесіз бе?

– Әу бастағы айтыс-тартыстар туралы нақты ой айта алмаймын. Сезгенім – қазақ зиялыларын жойып жіберу мақсатында сексеуілді сексеуілге ұрып жару саясаты жүзеге асырылды. Кейбір деректерден байқағаным – сталиндік қуғын-сүргін кезінде қазақтар көбірек қырылған. Атқан да өзіміз, атылған да өзіміз. Қасірет! Айтарым, бұл қасірет бізге сабақ болуы керек.

Бұрынғы жазушылардан қазіргілердің айырмашылығы әрине, бар. Өйткені қоғамдық өзгерістер мен уақыт шығарма­шылыққа әсер етеді. Тәуелсіздік алған соң өткен тарихымызды ақтаңдақтардан ар­шып алу мақсатында тарихи туындылар жазу үрдісі алға шықты. Қазір шетелдік әдебиетке еліктеу басым секілді. 

Енді прозашылар қартайып бара жатыр ма дейтін сауалға келейік. Қазақ болмысынан ақындыққа, шешендікке бейім халық. Сондықтан да бізде поэзия – әдебиетіміздің шырағданы. Қазақтың ертегісінен гөрі дастандары мен толғау­лары, жырлары, салт-дәстүрлік өлеңдері басым. Жар-жармен қатар бәдік өлеңдер айтылған. Билер дауды шешендікпен шешіп отырған. Мақал-мәтелдеріміз грек пәлсапасынан әлдеқайда қысқа әрі нұсқа. Алдымен өлең жазып, кейін прозаға көше­тіндер көпшілік. Сондықтан да прозашы­лар қартайып бара жатқандай сезілуі әбден мүмкін. Шынында проза салқын­қанды­лық­ты, жан-жақты ойланып барып жазу­ды талап етеді. Әрине, жастайынан көрін­ген прозашылар да бар, бірақ, ақын­дарға қарағанда аз.

– Қателеспесек, Құрылтайда кітапты көптеп шығарып кітапхананы толтырып қою көркем әдебиеттің құнын түсіреді деп пікір білдіргендер болды. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Шүкір, қазір жазушылардың кітабын шығарып беру сәл реттеле бастаған сияқты. Әлде әлі де жетілдіретін тұсы бар ма?

– Бұл арада әңгіме бір отбасының өмірбаяндық естеліктері мен әркімнің өз ата-бабаларының шежірелерін көптеп жарыққа шығару жайында айтылды деп түсіну керек. Бұрын ондай жазбалар тек қолжазба күйінде сақталатын. Қазір кез-келген жазбаны кітап етіп шығару мүм­кін­дігі бар. Оқырман соның  аражігін ажырата білуі керек. Кейбіреулер оны қара өлең түрімен жазады. Демек, оқырманның талғамы бәріне төреші. Абай айтқандай, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел». Отбасылық естеліктер мен көркем туын­ды­лардың аражігін ажырата білуіміз керек. Бұл менің өз пікірім.

Жазушылардың кітабын шығару реттеле бастаған сияқты дейсің. Бәлкім, солай шығар. Бірақ бұл мәселеде де «көз қысты, бармақ басты» жоқ дей алмаймыз. Әсіресе, ел арасында жүрген қаламгерлер елене бермейді. Пысықайлардың жолы болғыш. 

Тарихи шығармалар сұранысқа ие болып тұр

– Қазіргі оқырмандар қандай жанрдағы кітаптарға көбірек көңіл бөліп жүр? Бай­қауымызша, шетел әдебиетін аударып басу басымдық алып бара жатқан секілді. Біздің қаламгерлер ондай тақырыптарға неге бара бермейді?

– Ересек оқырмандар та­рихи шығар­ма­ларды көбірек оқитынын байқап жүр­мін. Жастар поэзияға құмар. Шетел әдебиетін аударып басу ба­сым­дық алғаны рас. Жастар сол кітаптарды көбірек оқитынын да жоққа шығара алмаймыз. Олардың ой-өрісі ұлттық болмыстан ал­шақтап барады. Соның әсері болса керек, шетелге барып білім алған жастар елге қайтқысы келмейді. Бұл өте зиянды құбы­лыс. Олар шетелдің өркениетін көркей­туге атсалысып жатыр.

Өз тіліңді білмеу, дініңді, тарихыңды танымау, салт-дәстүріңді ұмыту рухани мүгедектікке ұрындырады. Ондайлар бұрын да бар еді, қазір көбейіп барады. Әлем әдебиетін оқыған дұрыс, бірақ, өзіңнің тарихың мен әдебиетіңді ұмытпа, тереңірек білуге ұмтыл. Қазақтың мәде­ниеті мен әдебиеті ешкімнен кем емес.

– Шойбек аға, енді сұхбатымызды жеке өзіңізге бұрсақ. Биыл мерейлі 70 жасыңыз Шымкент қаласындағы рухани ордалары зиялы қауыммен, оқырмандармен кездесу ұйымдастыру арқылы атап өтіліп жатыр. Қандай әсердесіз? Оқырмандарыңыз сізді жазушылықтан бөлек, қаламы қарымды журналист ретінде де жақсы біледі. Өзіңізді драматургияда да сынап көрдіңіз. Қайсысы жаныңызға жақынырақ екен?

– Менің мамандығым – журналист. 17 жасымда аудандық газетке қызметке бардым. Газеттің қым-қуыт жұмысымен қатар көркем туындылар жаздым. Бір қызығы сол жылдары жазған «Сарыбалақ» деген аңыз әңгімем кейбір қаламгерлердің айтуынша, менің жазушылық деңгейімді байқатады екен. Ал драматургияға баруы­ма білікті режиссер Әскер Құлдановтың ықпалы болды. «Қарлығаш әулие – Төле би» пьессасы сол кісінің тікелей айтуымен жазылды. Ол туын­ды­ның екі нұсқасы бар. Кейін режиссер Газиз Ары­новпен бірігіп, «Тозаңды терезе» деген пьеса жазылды. Драма­­тургия маған қол емес секілді. Са­ты­балды Нарымбетов ағамыздың айтуын­ша, кино­сценарий жазуға икемді екенмін. Бірақ бұл жанрда да тындырғаным шама­лы. Жаныма жақыны тарихи тақырыптар дей ала­мын.

Иә, мерейлі мерекемді Шым­кент қала­сындағы бірқатар кітапхана ұжымы  шығармашылық кеш ретінде өткізіп беріп жатыр. Оқырмандарым мен әріптес достарым, өңірдегі зиялы қауым өкілдері­нің ортасында шығармашылығыма есеп беру,  өткенді еске алу сияқты  жылы кез­десулер өтуде.  

Шытырман оқиғалы детектив жан­рына қалам тербейтін жазушылар некен-саяқ. Детектив жанрының атасы атанған Кемел Тоқаев атындағы шытырман шы­ғарма­лар байқауының жүлдегерісіз. Бұл тақырыпта бірқатар көркем дүниелер  жаз­дыңыз. Сізге осы тақырыпқа келуге не түрт­кі болды?

– Сарыағаш аудандық газетінде жұмыс істеп жүргенімде атышулы қартақұмарды біреулер өлтіріп кетті. Сол қылмысты тереңірек зерттедім. Тергеушілермен сөйлестім, сотқа қатыстым. Нәтижесінде, «Қат­елік» атты шытырман оқиғалы по­весть жаздым. Бұдан кейін бірнеше повесть, бір саяси криминалды романым жарыққа шықты. Ал тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында қылмыс белең алып кетті. Газеттерде жасалған қылмыстар жөнінде жиі жазыла бастады. Өте танымал тұлғалар қылмыскерлердің қолынан қаза тауып жатты. Мені неге бұлай болды деген сауал мазалады. Сол мақсатпен қылмыс тақы­ры­бын қаузай бастадым. Қылмыстың түбі – жаза екенін оқырманға түсіндіргім келді. Кейбіреулер менің бұл тақырыпқа барғанымды жақтыра қоймады. Тіпті, телефон арқылы қоқан-лоққы жасағандар да болды. Өйткені шығармаларымда шындық деректер көбірек айтылды.  

«Төле бабаны ұзақ зерттедім»

– Криминал тақырыбындағы «Түрмеге түспейтіндер» романыңызда негізінен Шым­­кент аймағында болған қылмыс әлемі­нің серкелері көрініс тапқан деседі...

– Романда Шымкент аймағы көбірек айтылады. Шындығында біздің өңірде сол жылдары қылмыс қатты өршіп кетті. Қылмыс тақырыбын жазатын газеттер шыға бастады. Солардағы деректерді ұтым­­ды пайдалана білдім ғой деп ойлай­мын. Бұл тақырыпқа барған басқа да қаламгерлер болды. Бірақ, менің оқыр­маным көп болған секілді. Кейіпкер­лерімнің протативтері бар екендігі де рас.  Оның үстіне, кітаптың атауы оқырман шақырып тұр емес пе? «Түрмеге түспейтін қылмыскерлер бола ма?» деп пікір біл­дірушілер болды. Мен оларға «Кітапты оқып шығыңыз, сонда бәрін түсінесіз» деп жауап бердім. Олардың ешқайсысы қайта телефон соққан емес. Меніңше романның мазмұнын дұрыс түсін­ген болуы керек. Көптеген оқырмандарым осы романым­ның төңірегінде жиі сұрақтар қойып жатады. Себебі түсінікті, олар сол оқиға­ларды есітіп білгендіктен де  қызығу­шылық танытатын шығар. Ал қылмыс  серкелері Шымкентте болды ма деген сауалға келсек, бұл жағын ешкім де нақты айта алмайды. Көптеген қылмыс­тардың ашыл­май қалғаны рас. Демек, қылмыстың ашылмауына құзіретті адам­дардың тікелей ықпал етуі әбден мүмкін. Оларды серке дейміз бе, әлде, лауазымды қылмыскер дейміз бе, әйтеуір, қылмысты ұйымдас­тыру­шылар екені тайға таңба басқандай айқын. Қылмысты қолмен жасаушыға қарағанда сол тасадағылардың әрекеті қоғам үшін өте қауіпті.

Менің романымда Сұрсұлба деген кейіпкер бар. Лауазымды тұлға. Соның тікелей айтуымен қылмыскерлер бірін-бірі өлтіріп отырады. Одан өткен қатігездік бар ма? Былай қарасаң, оның қолы таза, қанға боялмаған. Іс жүзінде мойнында бір емес, бірнеше адамның қаны бар. Түрмеге түспейтін де сол. Дегенмен менің рома­нымда заң үстемдік алады. Адам қаны жібермейді ғой.

– Сізді замандастарыңыз тарихи тұлға Төле баба жайындағы «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» атты кітабыңызды дәл бабаның жанында жүргендей шынайы және өте тартымды жазып шыққан деп бағалайды. Әдеби шығармалардағы кейбір кейіпкерлер негізінен ойдан құралады. Сондықтан жа­зып шығу жеңілірек болады. Ал сіз бүкіл ел­дің назарындағы тарихқа қиянат жасал­май­тындай етіп жазылуы тиіс Төле бабаның бейнесін дәл суреттеуге тәуекел жасадыңыз және өте сәтті жазып шыққаныңыз туралы айтылып жүр. Кейіпкерлеріңізді кімдердің әдебиеттеріне, деректеріне сүйеніп жазып шықтыңыз.

– Мен Төле баба туралы жас шағымнан жиі естідім. Әкем Қонысбай бес уақыт намазын қаза етпейтін адам еді. Ол кісіні ауылдағылар сопы деп атайтын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында кеңестік атеизм бел алып, ауылдағы ескі мешітті трактормен сүріп тастады. Сон­дық­тан әкем жұма намазын біздің ауылдан небәрі жиырма шақырым жердегі Таш­кентке барып оқитын. Шаһардағы Әсти­мам мешітінде өте үлкен намазхана бар еді, әр жұма сайын сонда барады. Жаздың күндері демалыста жүрген мені ерте кететін. Өйткені базарға барып азық-түлік, май, шай дегендей алып қайтамыз. Баруға мен де құмбылмын. Себебі мені Төле бабаның сағанасының жанында қалды­рып, балмұздаққа ақша беріп кетеді. Бал­мұз­дақ жей отырып сағанаға кіріп-шығып жүрген қарлығаштарды тамаша­лаймын. Сағананың іші құстың саңы­рығына толып кеткен. Ұялардағы балапан­дар тынбай шырылдайды. Әкемнен бұл сағана кімдікі деп сұрадым. «Бұл Қарлығаш әулие атан­ған Төле би бабаның сағанасы, қабірі іште» деп, жүрелей отыра қалып дұға оқитын. Ол кісі туралы там-тұмдап әңгіме айтатын. Кейінірек бір тойда жыр­шы келіп Төле би туралы дастанды жыр­лады. Ол кездері батырлар туралы жыр­ларды оқып, тамсанып жүрген шағымыз. Ал атақты би туралы дастан олардан ерек­­шелеу әсер етті. Маған батырдан ас­қан биік тұлға жоқ секілді сезілетін. Сөйтсем, Төле баба олардың өзін тезге салып, төрелік жасайды екен. Мұндай да құ­діретті адам болған екен-ау, деп таңғал­дым. Сол таңданыс өсе келе менің зерт­теуіме жалғасты. Ұзақ зерттедім десем де болады.

Студент кезімде біз Бейсенбай Кен­же­баев ағамыздан дәріс алдық. Бірде «Қазақ университеті» газетінде «Бала дауын шеш­кен балаби» деген шағын аңыз әңгімем жарық көрді. Ағайдың көзі соған түсіпті. Шақырып алып, маған: «Сен мына аңызды кімнен естідің?» деп сұрады. Мән-жайды айттым. «Мұның дұрыс екен, сен мұны ары қарай зерттей түс» деп ақыл айтты. Сол кездегі Пушкиннің атымен ата­латын кітапхананың сирек кітаптар қорында «Билер әдебиеті» деген күлгін түсті кітап бар екен. Кітапханадағы та­ныс­­тарына телефон соғып, сол кітапты оқуы­ма көмектесті. Кітап латын әліп­биімен жазылған екен. Ал мен мектепте неміс тілін оқығандықтан ежіктеп оты­рып, ерінбей екі айдың көлемінде дәптерге кириллицамен көшіріп алдым. Редак­ция­сын Мұхтар Әуезов басқарып, жарыққа шы­ғыпты. Кейінірек, Қазанғап Байбол­ұлының дастанының қолжазбасымен таныстым. Сөйтіп, мағлұматым молайды. Сәті түсіп тапсырыспен пьеса жазылып, ол Шанин театрында Әскер Құлдановтың режиссерлығымен сахналанды. Соның нәтижесінде көп жылдардан кейін 1994 жылы романды жазып бітірдім. Алғашында оны еш жерде баспады. Алматының баспалары демеуші тап деп шығарып салды. Сөйтіп, не істерімді білмей жүр­генде жергілікті баспахананың жігіттері – Асылбек, Тағай деген азаматтар кітапты басып шығарып саудаға шығаруға ниет білдірді. Қуана келістім. Екі томды бірік­тіріп, жуан кітап етіп бастырды. Саты­лым­ға шығарып, саттық. Редакторы Төрекелді Байтасов болды. Содан кейін көп ұзамай мемлекет бөлген қаржыға «Төле би» жеті томдығы жарық көрді. Араға екі-үш жыл салып барып, екі томдық болып қайта ба­сылды. Жалпы кітап үш рет қайта ба­сылды.

Кітапты жазу барысында ел аузынан да көптеген шежірелерді жазып алдым. Энциклопедияларды ақтардым. Төле би заманы туралы, замандастары туралы деректерді жинадым. Көкшетауда облыс­тық газетте жүргенімде жергілікті ақын-жазу­шылар мен журналистердің көмегі­мен Абылай мен Төле бидің қарым-қатынасы жөнінде деректерді жинадым. Жалпы қолымда мол деректер болды. Төле бидің кіндік қаны тамған жерге бардым.

Төле би – өз дәуірінде бүкіл қазақ пен өзбек, қырғыз, қарақалпақ арасында танымал болған аса ірі тарихи тұлға.  Жоңғарларға қарсы халықты біріктіруде орасан зор қызмет атқарған билердің бірі, тіпті бірегейі десек те артық айтқандық емес. Еуропа мен Ресей саяхатшыларының жазбаларында да есімі жиі ұшырайды. Себебі сайын далада, Ташкент пен Бұқар тө­ңірегіндегі барлық мәселелер Төле бидің қатысуымен шешіліп отырған. Жас Абы­лайды Сабалақ атымен жасырып тәрбие­леген, хан тағына отыруға ықпал еткен. Кемеңгер тұлғаның шешендігі мен әділдігі өз алдына әңгіме боларлық мәселе. 

Төле би қайтыс болғанда әртарапқа ат шаптырып хабар беріледі. Сол шапқын­шылардың бірі Сарыарқадағы Қазыбек биге барады. Сонда қаралы хабарды естіп күрсінген би: «Төле би өлді дегенше, әділ­дік өлді десейші» деген екен. Міне, даң­ғайыр бидің замандасына берген бағасы осындай.

– «Қайғы заман немесе Төле би тағ­дыры» роман-дилогиясының желісі бойын­ша 10 сериялы «Төле би» картинасы түсі­рілді. Өзіңіз жазған «Қарлығаш әулие – Төле би» пьесасы да талай мәрте театрларда қо­йылды. Алдағы уақытта қаламыңызды қандай бағытқа бұрғалы отырсыз?

– Менің шығармашылығымда Төле би тақырыбына әлі де басымдық беріледі. Кемеңгердің ұлы Жолан туралы романым­ды жазып бітірдім. Биыл жарық көріп қалар деген үміттемін. Сонымен қатар оның шәкірті болған, батасын алған Жабай ата әулие туралы роман жазбақ ниеттемін. Оның бәрін амандық болса, алдағы уақыт көрсетеді.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы