Сенат Спикері Мәулен Әшім­баевтың төрағалығы­мен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы заңды қарады.
Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау күшеймек
523
оқылды

Сондай-ақ суармалы жерлерді пайда­лану және су үнемдеу техно­ло­гияларын енгізу жөнінде атқа­ры­лып жатқан жұмыстар жайында Ауыл шаруашылығы министрінің ақпаратын тың­дады.

Отырыс барысында Палата де­путаттары «Мүгедектердің құ­қық­тары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы рати­фика­циялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл құжат Мүгедек­тер­дің құқықтары туралы кон­вен­цияға қосымша келісім болып саналады және аталған Конвен­цияны іске асыру тетіктерін бел­гілейді.

Осы заң жөнінде пікір білдір­ген Сенат Төрағасы елімізде мүге­дектігі бар адамдардың құқық­тарын қамтама­сыз етуге арналған әлеуметтік саясат жүйелі әрі кешен­ді түрде жүргізіліп келе жат­қанын айтты. Сондай-ақ Па­ла­та Спикері ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсетудің маңыз­дылығына және олардың өмір сүру сапасын арттыру мем­лекеттік саясат­тың негізгі басым­дықтарының бірі екеніне назар аударды.

«Ерекше қажеттілігі бар аза­мат­тардың құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғайтын инсти­туттарды және мехнизмдерді жетілдіру – басты міндеттердің бірі. Бүгін мақұлданған заң – осы жолда жасалған маңызды қадам. Бұл Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Мүгедектердің құ­қық­тары жөніндегі комитеті арқылы мүгедектігі бар адамдар­дың шағым­дарын қарау үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Алдағы уақытта заң мүмкіндігі шектеулі адамдардың құ­қық­тары мен мүдделерін қорғауға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы Құжат арқылы БҰҰ жа­нын­дағы Мүгедек адамдардың құқықтары жөніндегі комитеттің Конвенция бо­йынша өздерінің құқықтары бұзылды деп мәлім­деген адамдардың шағым­дарын қарау құзыреті мойын­далады. Аталған Комитет шағымды қарау қорытындысы бойынша нәтиже­лерді, түсініктемелер мен ұсы­ным­дарды тиісті қатысушы мем­ле­кетке жібереді. Осылайша, Қазақ­станның Факуль­тативтік хаттамаға қосылуы мүгедектігі бар азаматтар өздерінің эко­номика­лық, әлеуметтік және мәдени құқық­тарын халық­аралық деңгейде қор­ғауын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар отырыс кезін­де Сенат депутаттары Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ербол Қара­шөкеевтің суармалы жер­лерді пай­далану және су үнемдеу техно­логия­ларын енгізу жөніндегі ақпаратын тыңдады. Сенат Төра­ғасы су проб­лемасы көп салаға, оның ішінде шаруаларға айтар­лықтай салдарын тигізетінін тілге тиек етті.

«Уақыт өткен сайын суармалы жерлерге қажетті судың тапшы­лығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сенаторлар өңірлерге барып, жергі­лікті тұрғындармен кездескен кезде де осы проблема жиі көтеріледі. Сон­дықтан бүгін айтылған барлық ұсыныс осы отырыстың қорытындысы бо­йын­ша әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жолданады. Сенат бұл саладағы басымдық­тарды іске асыру үшін Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Суармалы жерлер – шар­уалар мен ауылшаруашылық өн­діруші­лері үшін өзекті мәселе. Сол се­бепті Сенат өңірлердің мүддесін қор­ғайтын Палата ретінде осы ба­ғытты әрдайым назарда ұстай­ды», – деген Мәулен Әшімбаев барлық әріптестерін осы салада жұдырық­тай жұмылып жұмыс істеуге шақырды. Одан бөлек, Палата отырысында сена­торлар депутаттық сауал­дарын жол­дады.