Тобыл қаласында екі күн бойы думанға бөлеген сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» атты республикалық әзіл-сықақ театрының фестивалі өтті.
«Күлкі терапиясы» күлкіге көмді
462
оқылды

Бұл байқау осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Байқаудың жылдағы мақсаты, ұстанымы сол баяғы, еш өзгермеген. Тек биыл арамызда қазылар алқасын бастаған Көпен Әмірбек ағамыз жоқ. 

Әзілсүйер қауым Сейіт ағаның шымбайға батыратын шығармаларын, езу жиғызбайтын шығармаларын сахна төрінен тамашалады. Бар ғұмырын мәдениет, руханият саласына арнаған Сейіт Кенжеахметовтің ұлттық дәстүр, әдет-ғұ­рып туралы жазғандарымен қоса сатирасы бір төбе. «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күл­кі болу – өлім». Бұл автордың еш ұмытыл­майтын, жадында сақталған қанатты сөз тіркесі. 

Аталмыш байқау алғаш рет 2019 жылы Арқа­лық қаласында тұсауын кескен. Сатира кешіне қатысатындар саны жыл сайын алмасып, кө­бейіп келеді. Биыл олардың қатарында Қос­танай, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар,  облыстары бар. Барлығы 12 театр ұжымы келген. Біздің облыстың намы­сын Мұрат Нағашыбайдың жақында ғана құр­ған «Күн мен Түн» әзіл театры, Рудный қаласы­нан Берік Серікұлының «Берік шоу» әзіл сықақ театры және Бейімбет Майлин ауданы­ның Мар­хабат Нокишов жетекшілік ететін «Халық» театры қатысып, қорғады. 

Сахна шеберлерінің өнеріне әділ бағасын берген қазылар алқасының қатарында  ҚР мәде­ниет қайраткері, «ТТТ» театрының директоры, «Тамаша» ойын-сауық отауының актері Асылбек Боранбай, ҚР мәдениет қайрат­кері, жазушы-сатирик, «Екі езу» театрының көркемдік жетек­шісі Нұрлыбек Жұбатқан, Жазушылар одағы­ның мүшесі, ақын Абылай Маудан және Сейіт ағамыздың қызы, белгілі ұстаз-ғалым Зәмзәгүл апайымыз бар. Олар театр ұжымдарының өнеріне екі күн бойы тапжылмай қазылық етті. 

Байқаудың алғашқы күні театр ұжымдары Сейіт Кенжеахметұлының шығармаларын сахналаса, екінші күні өздері таңдаған туын­ды­ларды орындады. Сахнада сатириктің бірқатар әзіл-сықағы көрініс тапты.

– Бүгінгі кеш өте жоғары деңгейде өтті. Оны үзбей өткізіп жүрген осы елдің азаматтарына алғысымыз шексіз. Тек Қостанайда фестиваль жылма-жыл өтіп отырады. Мені осы байқауға қа­тысушылардың көбейіп келе жатқаны қуант­ты. Қазылар алқасы тілдің тазалығына, сахна­ның әдебіне, мәдениетіне, актерлік шеберлікке, жүріс-тұрысқа қарап, барлығын қалт жібермей бақылап, сараладық, – деді «ТТТ» театрының директоры Асылбек Боранбай шараны ұйым-дастырған облыстық Мәдениет басқармасының тарапына да алғыс-риза­шылығын жеткізді. 

– Сатираның негізі Қостанайдан тарайды. Бейімбет Майлиннің «Мырқымбай» деген бірауыз сөзінің өзі езуге күлкі үйіреді. Одан бе­рі­дегі сатираны сөз семсер етіп жүрген қаншама есімді де атауға болады. Сейіт ағамыз этнография мен сатираны бірге алып жүре білген жан. Осын­дай алып кісінің атын жаңғыртып, асқақ­татқан барша азаматқа алғы­сым шекіз. Тағы бір айта кетерім, Қостанайдың өзінде мықты сати­рик­тер бар. Мысалы, Дәмер Әбіш, Ғұмар аға­мыз­дың керемет шығармаларын да жаңғыртып жатсаңыздар деймін, – деп тілегін білдірді ақын Абылай Маудан.    

Сонымен, екі күнге ұласқан «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары байқауы­ның бас жүлдесі Түркістан облысының Келес ауданынан келген «Күлкі терапиясы» театрына бұйырды. Жетекшісі – Ербол Назаров. Олар 500 мың теңгелік жүлдеге қол жеткізді. 1 орын  Жамбыл облысы, «Басқар Битанов» халық театры, жетекшісі Эльмира Жақсыбайқызы. Жүлделі екінші орынды Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы, «Бостан» әзіл-сықақ театры, жетекшісі Қуаныш Бүркітбаев. 3-орынды екі бірдей театр алды. Қызылорда облысы Шиелі ауданы «Жадыра» ойын-сауық отауы. Жетекшісі Фархад Доскенов және Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының «Халық» театры, жетекшісі Мархабат Нокишов.  

Көпен Әмірбек атындағы арнайы сыйлық Павлодар облысы Май ауданы Халықтық «Мер­зихан Шайхин» атындағы театры, жетекшісі Аида Чаймарданова және Ғұмар Ахметчин атындағы арнайы сыйлықты Мұрат Нағашыбай жетекшілік ететін қостанайлық «Күн мен Түн» әзіл театры иеленді. Респуб­ликалық өнер сайы­сынан ешкім құралақан кеткен жоқ.  

Айтолқын АЙҚАДАМОВА