Елордада «Тұрақты даму және Орталық Азияның транзиттік әлеуетін іске асыру мақсатында энергетикалық көшу» тақырыбындағы бірінші Қазақстандық авиациялық диалог өтті.
Астанада халықаралық авиация нарығының өкілдері бас қосты
1,069
оқылды

Форумды «ҚазМұнайГаз – Аэро», «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі», Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті ұйымдастырды.

Іс-шараға 250-ге жуық халықаралық авиация нарығының ірі ойыншылары мен компаниялар, халықаралық сарапшылар, даму институттары мен ғылыми қауымдастық қатысты.

– Біз алғаш рет Қазақстандық авиациялық диалог өткізгелі отырмыз. Бұл Халықаралық әуе көлігі қоғамдастығын, Халықаралық азаматтық авиация ұйымын қоса алғанда, Қазақстанның авиация саласының, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысқалы отырған үлкен және маңызды іс-шара. Бүгінгі кездесу барысында қабылданған шешімдер авиаотын нарығын дамытуға, Қазақстанда және жалпы Орталық Азияда ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға қызмет етеді деп үміттенеміз, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Іс-шара барысында авиация саласындағы шығарындыларды азайту мәселесі, елімізде тұрақты (жасыл) авиаотын өндіру мүмкіндіктері, Қазақстанның JET A-1 маркалы авиаотынға көшуі, геосаяси шиеленістер мен экономикалық санкциялардың Орталық Азияның транзиттік әлеуетінің дамуына әсері талқыланды.

– Бүгінгі таңда Қазақстан барлық ірі МӨЗ халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын JET A-1 маркалы отынды өндіруге дайын. Отынның осы түрін пайдалану Қазақстан әуежайларының жанармай құю кешендеріне деген сұранысты арттырады және отандық авиация саласына қызмет көрсету қауіпсіздігі мен сапасы саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес болуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ҚазМұнайГаз Қазақстанның халықаралық тасымалдаушылар үшін тартымды транзиттік авиахабқа айналуы үшін SAF (тұрақты баламалы авиаотын) өндіру мүмкіндігін қарастырады, – деп атап өтті «ҚМГ-Аэро» бас директоры Ильдар Шамсутдинов.

Қазақстанда 2030 жылға дейін көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасына байланысты шешім 2022 жылы қабылданды. Әуе тасымалдарын дамытудың негізгі шарты – авиаотынмен қамтамасыз ету және оның бәсекеге қабілетті бағасы. Форум аясында отандық және халықаралық авиациялық нарық компаниялары арасында ынтымақтастықты көздейтін бірқатар меморандумға қол қойылды.