Ел дамуын халықтың әл-ауқатына қарап бағалауға болады. Тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылып, жас мамандардың оқу орындарынан алған білім-біліктілігін ел игілігі жолына арнап, еңбек еткені ерекше маңызды.
Жобалар жемісін беріп келеді
501
оқылды

Сол себепті тұрғын саны тұрақты өсіп келе жатқан Астанада жұмыссыздық мәселесіне ерекше ден қойылған. Соңғы жылдардың өзінде ғана қала әкімдігі жұмыспен қамту бойынша бірнеше бағдарламаның жүзеге асуына мұрындық болып, тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыруды да жақсы дәстүрге айналдырып үлгерді. Соның арқасында жұмыс берушілер де кадр тапшылығын толтырып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл өз кезегінде қаланың гүлденуіне ғана емес, ел экономикасының тұрақты өсуіне де серпін беріп келеді. 

Қазір Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталы­ғында жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың саны жылдан-жылға өсіп отыр. Алайда статистиканың өсу себебін жұмыссыз тұрғындардың саны артып отырумен салыстыру қате. Өйткені елордаға қоныс ау­дарушылардың өзге қалалармен салыстырғанда анағұрлым жылдам өсіп келеді. Оның үстіне, қалаға қоныс аударып келген тұрғындарға орталықтың жұмысы туралы ақ­парат та жылдам жетеді. Қазір орта­лықтың жұмыспен қамту бойынша белсенді шараларына қатысуға ниет білдірушілер көп. Мысалы, жұмыс­сыз тұрғындар орталық ұсынып отыр­ған «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Жастар практикасы», «Бірінші жұ­мыс орны», «Ұрпақтар келісімшар­ты» секілді бірнеше бағдарламаның бірін таңдай алады. Бұдан бөлек, жұмыссыздардың уақытша екі қолға бір күрек тауып, кейіннен тұрақты жұмысқа орналасуына да болады. Сондай-ақ алған мамандығы бо­йын­ша жұмыс істегісі келмейтін­дер мен жоғары білімі жоқ тұрғындар үшін де орталық қысқамерзімді курстардан өте алатын жобаларды да тиімді жүзеге асырып отыр. Мәселен, былтыр орталық 12 350 адам­ның жұмысқа орналасуына сеп­тігін тигізсе, оның ішінде тұрақ­ты жұмыс орындарына – 8 362, «Жастар практикасына» – 923, «Қоғамдық жұмыстар» – 2 689, «Әлеуметтік жұмыс орындары» – 174, «Бірінші жұмыс орны» – 179, «Күміс жасқа» – 20, «Ұрпақтар келісімшартына» 3 адам қатысыпты. Ал биыл 2 855 адам тұрақты жұ­мыспен қамтылса, оның ішінде «Жас­тар практикасы» – 264, «Қоғамдық жұмыстар» – 1 702, «Әлеуметтік жұмыс орындары» – 300, «Бірінші жұмыс орны» – 124, «Күміс жасқа» – 622, «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша 1 адам жұмысқа орналасқан. 

Айталық, жұмыссыздарды әлеу­меттік қорғау және халықты жұ­мыс­пен қамтуды қамтамасыз ету шара­сына айрықша мән беріліп отыр. Орталық қазір жұмыс берушілер мен жұмыссыз тұрғындар арасын­дағы делдал қызметін атқарады. Мы­салы, тоқсан сайын өтетін тұ­рақ­ты бос жұмыс орындары жәр­мең­кесінен бөлек азаматтар «Элек­тронды еңбек биржасы» порталын­дағы бос жұмыс орындарының тіз­бесімен өз бетінше танысуына мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін бар болғаны www.enbek.kz пор­талына түйіндемесін тіркесе жетіп жатыр. Екінші, қысқамерзімді кә­сіп­тік оқыту да өз нәтижесін беріп келеді. Оқу мерзімі 1 айдан 6 айға дейін. Кәсіптік оқытуға қатысу­шылар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен 21 мың 787 теңге мөлшерінде стипендиямен, медициналық байқаудан өтуге 6 мың 900 теңге материалдық кө­мек­пен қамтамасыз етіледі. Ал биыл осындай қысқамерзімді курстар жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша және жұмыс берушілердің жұмыс орнында да жүзеге асы­рылады. Үшінші, «Бастау Бизнес» жобасы да кәсіпкерліктің қыр-сы­рын үйренем деушілер үшін тап­тырмас мүмкіндік. Оқыту курсы business.enbek.kz порталында жүзеге асырылады. Оқу ұзақтығы 14 күнтіз­белік күннен аспайды. Маңыздысы, оқығаны туралы сертификат пор­тал­дағы жеке кабинетте көрсетіледі және оны алған күннен бастап үш жыл бойы жарамды. Төртіншіден, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру­ға мемлекеттік гранттар берудің де жолдары қарастырылған. Мәселен, грантты бастапқы бизнесті іске асы­руды жоспарлап отырған қатысу­шылар ала алады. Оның ішінде ха­лықтың әлеуметтік осал тобына кіретін адамдар үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 1 миллион 380 мың теңге беріледі. Бесіншіден, уа­қытша қоғамдық жұмыстармен қамту­дың да тиімділігі көп. Қоғам­дық жұмыстар бір жылдан аспайды. Оған жұмыссыздар, студенттер және жалпы білім беретін мек­тептердің жоғары сынып оқушы­лары оқудан бос уақытында қаты­суы­на болады. Алтыншысы, «Жас­тар практикасы» жобасына жоғары оқу орындарының түлектеріне ма­мандығы бойынша бастапқы тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Оқуды аяқтағаннан кейін 3 жыл ішінде 35 жастан аспаған жастар бір жыл бойы жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ әкімдік әлеуметтік жұмыс орындарын құрған жұмыс берушілерге, оның ішінде әлеу­меттік осал санаттағы азаматтардың жалақысын субсидиялауды да қолға алып отыр. Одан бөлек, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жастарға қажетті еңбек дағдыларын беруге және жұмыспен қамтуға жәрдем­десудің қосымша шарасы ретінде тиімділігін көрсетіп келеді. Соны­мен бірге бағдарламаға қатысуға NEET санатындағы жастар да өтінім бере алады. 

Орталық ұсынып отырған «Ұр­пақтар келісімшарты» жобасы жұ­мыссыздарды жұмысқа орналас­тыруға, зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді ауыстыруға арналған. Бағдарламаға екі жыл ішінде оқуын аяқтаған оқу орындарының түлек­тері қатыса алады. Сондай-ақ «Күміс жас» жобасы зейнет жасына келіп қалған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жасалған. Бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар қатысуға мүмкіндігі бар. 

Еңбек еткісі келген адамға елорда әкімдігі бірнеше жобаны жүзеге асырып отыр. Қолдау бар, ендігі жерде жұмыссыз тұрғын­дар­дың жігері болса жеткілікті. Яғни, әкімдік тарапынан қолдау тауып отырған жобаларға қатысу үшін жұ­мыссыз тұрғындар қаладағы Жұ­мыспен қамту орталығына жүгінсе жетіп жатыр. Мәселен, орталық арқылы жұмысын тауып, ай сайын тұрақты жалақысын алып жүрген Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталы­ғының әлеуметтік қызметкері Динара Серікқызының алғыстан басқа айтары жоқ. Әлеуметтің осал тобындағы отбасыларға кеңес беріп, орталықтың қызмет алушыларына әлеуметтік мәселелерін шешу, портал арқылы қызметтерді алу бо­йынша кеңес беретін ол: «Орталықта қиын жағдайға тап болған азамат­тарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық тұрғыда қолдау көрсетіледі. Өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасымен жұмыс істеп, көмек көрсетудеміз. Шыным­ды айтсам, адамдарға көмектесіп, кеңес беріп жатқаным үшін қуа­намын. Жалақым да жақсы, ең маңыздысы тұрғындардың қажетіне жарап жатқанымның өзі мен үшін жігер сыйлайды», – дейді.

Жұмыспен қамту орталығы арқылы уақытша жұмыспен қам­тылған Айсұлу Ұзақованың да айтары осы. «Жұмыспен қамту орталығына 2012 жылы ең алғаш жүгінген едім. Сол жылы бірінші жұмысыма тұрдым. Оқу бітіре салған жас маман үшін орталықтың көмегі көп болды. Қоғамдық жұ­мысшы болып жүргенде өз бетімше басқа жұмыс тауып шығып кеттім. Алайда соңғы істеп жүрген жұ­мысым жабылуына байланысты тағы да жұмыссыз қалдым. Көп ойланып жатпастан орталық қыз­метіне жүгіндім. Қазір де бұрынғы жұмыс орныма қайтып келдім. Қарым-қабілетің болса, ары қарай басқа жұмысқа ауысып, кәсіби өсуге де мүмкіндік көп. Әзірге отбасылы болған соң осы жұмыс өзіме ың­ғайлы болып отыр. Сондықтан қазір сылтауды айтпас бұрын орталық қызметіне жүгініп, қалауыңа сай жұмыс табу оңай», – дейді Айсұлу Ұзақова. 

Жұмыссыздықты жоюға арнал­ған жобалардың жемісті жүзеге асып келе жатқаны қуантады. Мем­лекеттің де басым бағыты осы. Балық орнына қармақ ұстатудың да мән-маңызы осында. Өйткені еңбек ете білгеннің ертеңі жарық болары анық. 

Ж. МҮСІЛІМ

Елдар ҚАБА (коллаж)