Өткен аптада Түркияда президент және Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаттарын сайлау науқаны өтті. Ел халқының 86,87 па­йызы қатысқан сайлауда Парламентке қан­дай партиялардың өткені, олардың қанша орын алатыны белгілі болғанымен, тү­рік хал­қы президент сайлауын екінші тур­ға қал­дырды.
Түркиядағы сайлау: интеграция сипаты қалай болмақ?
1,085
оқылды

Өйткені үміткерлердің еш­қай­сысы қажет дауыс мөлшерін жинай алған жоқ. Президенттік сайлау 28 мамырда өтеді.

Бауырлас әрі халықаралық саясатта өз орны бар мемлекет болғандықтан шығар, қазақстандықтар да, тұтас түркі мемлекет­терінің халықтары да Түркиядағы сайлауға айрықша қызығушылық танытты. Тіпті, әлеуметтік желілердегі белсенділікке қа­рағанда Түркиядағы сайлау ел ішіндегі саяси оқиғалардан да маңызды болғандай көрінгені рас. Кімнің қандай мақсатпен қызыққанын білмейміз, әйтеуір Facebook-та да, Telegram-да да, өзге әлеуметтік желілерде де белсенділік танытқандар мол болды. Пікірлер де әртүрлі. Біреулер Режеп Тайып Ердоғанды, тағы біреулер Кемал Кылычдароғлун жақтады. Үшінші үміткер Синан Оғанды да мақтағандар болды. Болжамдар да аз кездеспеді. Ал біз сайлау нәтижесіне шолу жасап, сайлау нәтижесінің түркі интеграциясына қалай әсер етуі мүмкін екеніне үңіліп көрдік. 

50 пайыз + 1 дауыс керек еді

Сөз басында айтқанымыздай, Түркия­дағы сайлауға дауыс берушілердің 86,87 пайы­зы қатысты. Бұл дегеніңіз дауыс беру­ге құқылы 64 млн 190 мың 651 адам­ның 55 млн 761 мың 445-і өз таңдауын жасағанын білдіреді. Сайлау кезінде ел ішінде және шетелдерде жалпы саны 201 мың 807 жәшік даярланыпты. 

Сайлауға саяси күштер бірнеше коалиция құрып қатысты. Бірінші коали­ция – «Республикалық одақ» деп аталды. Оған Режеп Тайып Ердоған басқаратын «Әділет және даму партиясы» мен Девлет Бахчелі жетекшілік ететін «Ұлтшыл қозғалыс партиясы» кірді. Оларға одақтас ретінде Мұстафа Дестижи басқаратын «Ұлы бірлік партиясы» мен Фатих Ербакан басқаратын «Жаңа әл-аухат партиясы» одақтас ретінде қосылды. Бұл коалиция сайлауда ең басты саяси күш ретінде са­налды. Осы коалиция Режеп Тайып Ер­доғанды президенттіктен үміткер ретінде ұсынды. 

Ал биліктегі партия мен оған жақтас күштерге қарсы тұратын топ ретінде әдетте оппозициялық коалиция аталады. Ол «Ұлттық одақ» деп аталды. Оған Кемал Кылычдароғлу басқаратын «Республи­калық халық партияcы», Мерал Акшенер жетекшілік ететін «Жақсы партия», Темел Карамоллаоғлу басшылық жасайтын «Бақыт партиясы», Гүлтекин Ұйсалдың «Демократиялық партиясы», Әли Бабажан төрағалық ететін «Демократия және се­кіріс партиясы», Ахмет Дауытоғлу басқа­ратын «Келешек партиясы» кірді. Бұл коалицияда саясатта әу баста Ердоғанға серік болған азаматтардың болуы назар аудартады. Мәселен, Әли Бабажан Режеп Тайып Ердоған премьер-министр қыз­метін атқарған кезде министр болған адам. Ал Ахмет Дауытоғлу Ердоғанмен бірге «Әділет және даму партиясын» құруға еңбек сіңірген тұлғалардың бірі. Сыртқы істер, премьер-министр қызметтерін атқарды. Бұл коалицияның ортақ үміткері Кемал Кылычдароғлу еді.

Үшінші топтың атауы – Ата коали­циясы. Бұл топқа «Жеңіс», «Әділет», «Елім» (Ülkem) және «Түркия одағы пар­тия­сы» кірді. Бұл топ президенттіктен үміткер ретінде Синан Оғанды ұсынды. 

Төртінші топ – «Еңбек және бостандық одағы» коалициясы еді. Бұл топқа «Ха­лықтардың демократиялық партиясы», «Түркия жұмысшы партиясы», «Еңбек партиясы», «Еңбекшілер қозғалысы пар­тиясы», «Қоғамдық еркіндік партиясы» және үкіметтік емес ұйымдардың ішінен «Социалистік мәжілістер федерациясы» кірді. Бұл коалиция президенттіктен үміт­кер ретінде жеке қайраткер ұсынбады. «Халықтық одақ» үміткері Кемал Кылыч­дароғлун қолдауға шешім қабылдады.

Түркия президенттігінен үміткер ретінде тіркеліп, сайлауға бірнеше күн қалғанда қатысудан бас тартқан Мүхеррем Инже өзі басқаратын «Мемлекет партия­сы» тарапынан ұсынылған еді. 

Бұл жерде Түркиядағы саяси коалиция­лардың президенттік қана емес, Парламент сайлауы үшін де бәсекеге түскенін атап өту керек.

14 мамырдағы дауыс беру нәтижесінде президенттіктен үміткер Режеп Тайып Ер­до­ған 49,5 пайыз дауыс жинаса, оның бас­т­ы қарсыласы Кемал Кылычдароғлу 44,89 пайыз алды. Үшінші үміткер Синан Оган­ды сайлаушылардың 5,17 пайызы жақ­­таған. Тіпті, сайлаудан бас тартқа­ны­мен, бюллет­тенде есімі қалып қой­ған Мү­херрем Инжеге сайлаушылардың 0,44 пайы­зы дауыс берген. Бұл дегені­ңіз 236 мың адам. 

Жалпы, осы жолғы сайлауда прези­дент­тіктен үміткер 4 адам, Парламенттен орын алуға ұмтылған 26 партия бәсекеге түсті.

Түркия Ұлы ұлттық мәжілісіндегі 600 орын­ның 322-сі «Республикалық одақ» коалициясына бұйырды. Соның ішінде Ердоған басқаратын «Әділет және даму партиясына» – 268 орын, «Ұлтшыл қоз­ға­лыс партиясына» – 50 орын, «Жаңа әл-аухат партиясына» 5 орын тиді. 

Ал оппозициялық коалиция Парла­мент­­тен 213 орын алды. Соның ішінде рес­­­­публикашылдар – 169 орын, «Жақсы пар­­тия» 44 орын алды. Ал «Жасылдар және солшыл келешек партиясы» 61 де­путатты Парламентке енгізді. Бір қызығы, бұл пар­тия алдыңғы сайлауда Парламент­тен орын алмаған еді. 

Ал төртінші коалиция ретінде құрыл­ған «Еңбек және бостандық одағынан» Пар­ламентке тек «Түркия жұмысшы пар­тия­сы» ғана өтті. Бұл партияның 4 де­пута­ты енді Тұркия Ұлы ұлттық мәжі­лісінде отырады. 

Сөйтіп, Түркия билігіндегі партия пре­зидент сайлауында екінші турға қалға­ны­мен, Парламентте басымдыққа ие болды. 

Айтпақшы, Түркия заңнамасы бойын­ша президент ретінде сайлану үшін дауыс берушілердің 50 пайызы және 1 адам жақ­тауы керек. 50%+1 дауыс фор­­муласы жұ­мыс істейді. Сондықтан Түркияда саясат­кер­лер үшін әр дауыс маңызды. 

Енді не болады?

Жалпы, саясатта бол­жам жасаудың тым бе­рекелі іс емес екенін ескерсек, Түр­кияда 28 мамырға белгіленген прези­дент сай­лауының екінші кезеңі жайлы болжам айту да қиын. Бірқатар сарапшы Кемал Кы­лычдароғлу жеңетінін алға тартса, екін­ші тарап Режеп Тайып Ердоған басым­дық­қа ие болады дегенді айтады. Қазақы қал­­­жыңдағы Қожанасырдың пәтуа бер­генін­дей «екеуіңдікі де дұрыс» дейтіндей жағдай қалыптасты. Өйткені 14 мамырға дейін Түркиядағы көптеген зерттеу орталығы Кемал Кылычда­роғлуының бірін­ші турда-ақ жеңіске жете­тінін алға тарт­қан. Бірақ іс жүзінде бәсе­келестердің ешқайсысы қажет дауысты жинай алмады. Дегенмен түрік оппози­циясының күшей­ге­нін атап өту қажет. Ал екінші турда үміт­кер­лердің тағдыры дауыс берушілердің бел­сенділігі мен Синан Оғанды, Мүхеррем Инжені жақтаушылар­дың қадамына бай­ланысты болмақ. Егер Синан Оған өз жақ­тастарын Кемал Кы­лыч­дароғлун қолдауға шақырса, оппози­циясының мүмкіндігі артуы мүмкін. Өйткені қалай болғанда да Синан Оғанға дауыс бергендер са­ны 5,17 пайыз еді. Енді қарапайым ариф­метикаға жүгінсек, 44,89+5,17 деге­німіз 50,06 пайыз. Бұл – же­ңіс деген сөз. Бірақ сайлау кезінде мұндай тым қара­байыр есептің дәл шығуы неғай­был. Оның үстіне, оппозицияның ортақ үміткерін жақтаған күрдтердің кейбір сая­саткерлері Синан Оғанға қарсы. Өйт­кені Синан Оған ультра оңшыл ұлт­шылдардың өкілі санала­ды. Коалицияның идео­ло­гиясы осы бағыт еді. Демек екінші турда жағ­дай өзгеруі мүмкін. Тіпті, Ердоған 52 пайыз жинай­тынын алға тартушылар да бар. Қысқасы, болжам көп. Нәтиже қалай боларын уақыт көрсетеді.

Түркі интеграция қалай өрбиді?

Айтпақшы, Түркиядағы сайлаудан кейін ресми Анкараның сыртқы саясаты қалай өрбуі мүмкін екені де маңызды тақырыптардың біріне айналған сыңайлы. Сайлаудан бұрын түрлі болжам айтылған. Екінші турға дейін де бал ашатындар көп болады. Бірқатар сарапшы егер  К.Кылыч­дароғлу билікке келсе, ресми Анкара Еуро­па мен АҚШ-қа көбірек көңіл бөледі деп санайтынын жасырған жоқ. Әзер­бай­жан­дық Bayraqtar media порталы бас ре­дак­торының орынбасары Надир Азери де сон­дай пікір айтты. 

«Түркияда президент ауысса, ресми Ан­караның түркі әлеміне, Әзербайжанға қа­тысты саясаты түбегейлі өзгереді деп ой­лаймын. Бәлкім, бұл қауіпті де болуы мүм­кін. Өйткені Режеп Тайып Ердоғанның түркі әлеміне, Әзербайжанға қатысты ұста­нымы айқын еді. Ол өзінің сыртқы сая­сатында түркі әлемінің өркендеуіне, Әзербайжанды қолдау мәселесіне көп көңіл бөлді. Әзербайжанның Таулы Қара­бақты азат етуге бағытталған 44 күн­дік соғыста Түркия халқы да, президенті де біз­дің жанымызда болды. Режеп Тайып Ердо­ған мен Илхам Әлиевтің тығыз қарым-қатынасы күллі түркі әлемінің дамуына белгілі бір тұрғыда әсер етті деп ойлаймын. Түркітілдес мемлекеттер кеңесі Түркі мемлекеттері ұйымына, нақ­ты саяси күшке айналды. Біздің Тұран одағын құру жөніндегі арманымыз да Ердоғанның сырт­қы саясаты кезінде жүзеге асып келе­ді. Ал Кылычдароғлу билікке келсе, Түр­кия­ның сыртқы саясаты түркі әлеміне емес, батысқа бағыттала ма деген күдігім бар. Ал Батыс елдері түркі әле­мінің аяғы­нан тік тұрғанын қаламай­ды», – деді На­дир Азери. 

Әрине, әр маманның ойы әртүрлі екені сөзсіз. Біздің пайымдауы­мыз­ша, әзер­байжандықтардың К.Кы­­лы­ч­дароғлуына сал­қындық танытуы, саясаткердің сай­лауал­ды кампа­ниясы кезіндегі бір қатесіне бай­ланысты болуы мүмкін. Сәуірде К.Кылычдароуғлы бір кар­таның суретін жариялаған. Ол карта Қытайдан Еуропаға дейінгі көлік дәлізін сипаттайтын еді. Он­да Әзер­байжан жоқ. Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран арқылы Түр­кияға жететін бағыт көрсетілген. Бұған әзербай­жандық саясаткерлер қатты наразы болды. Өйткені ресми Баку қазір Армения арқылы өтетін Зангезур дәлізін ашуға барын салып жатыр. Әрі Иран мен Әзербайжан­ның арасы суып барады. Сондықтан әзербай­жандықтардың Түркиядағы сайлаудың екінші турына қатысатын үміткерлерге деген көзқарасын түсі­нуге болады. Ал Орталық Азия елде­рінде көзқарас бөлек болуы мүмкін. Өйткені біз мәселеге интег­рациялық процестердің даму динамикасы тұр­ғысынан қараймыз. Әрі Түркиядан географиялық тұрғыда біршама алшақта­мыз. Түркітілдес мемлекеттер бас­шылары ал­ғаш рет бас қосқан 1992 жылдан бері Түркияда 5 президент болды. Олар: Тұрғыт Өзал, Сүлейман Демирел, Ахмет Неджат Сезер, Абдулла Гүл және Режеп Тайып Ердо­ған. Ал интегарциялық про­цес­тер баяу болса да алға жылжи берді. Түркітілдес мем­ле­кеттер басшыларының кеңесі құ­рыл­ған 2009 жылы Түркияның президенті Абдулла Гүл еді. Демек, түркі әлемінің интегра­циясы тұлғаларға байла­нып қалу­дан асып кеткен сыңайлы. 

Оның үстіне, Түркия үшін түркі әлемі тәуір нарық. Бұл нарықтың мүмкіндігі де ар­тып келеді. Ресми Анкараның сауда-экономикалық қатынастарда әр түркі мемлекетіне арнап, белгілеген межесі бар. Айталық, Қазақстан мен Түркия арасын­дағы тауар айналымы көлемін 10 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Соңғы бірнеше жылда инвестиция салу, сауда қарым-қатынастарын дамыту бағытында тәуір жетістіктерге қол жеткіздік. Түркияда қандай саяси күш билікке келсе де, бұл бағыттан бас тарту қисынсыз болар еді. Өйткені дамуды көздеген мемлекеттің кез келгені үшін жаңа нарық, жаңа бағыт өзекті саналады. Оның үстіне, Орталық Азия елдері Түркияны транзиттік дәліздер­дің маңызды бағыттарының бірі санап отыр. Демек, интеграциялық процестердің те­желуіне өзге түркі мемлекеттері де мүд­делі емес. Сол себепті алдағы сайлауда кім жеңіске жетсе де, алдына 2040 жылға дейін стратегиялық мақсат қойып, біріге түскен түркі халықтарының қатынастары өзгере қой­майды деп топшылаймыз. Ал интег­ра­ция жеделдей ме, баяулай ма, ол – басқа мә­селе. Әйтеуір, тоқтамайтыны анық. 

Біздің бұл пайымымыз Түркияда Қа­зақ­станның төтенше және өкілетті елшісі қыз­метін атқарған дипломат, «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапар­бекұлы­ның ойымен де үндесетін сыңайлы. Дип­ломат екінші турда көп өзгеріс бола қой­мауы мүмкін деген пікірде. Дегенмен егер Түркияда билік алмаса қалса, демокра­тия­лық құндылықтарға көбірек көңіл бөлінуі мүм­кін екенін айтты. Әрі сыртқы саясат шы­найылыққа негізделуі мүмкін екенін ал­ға тартты. 

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ

«Отандастар қорының» президенті:

– Бірінші тур­дың нәтижесіне қа­расақ, билік ауы­­сатынға ұқса­май­ды. Сондықтан түр­­кі интеграция­сының болаша­ғы­на қа­тыс­ты сауал қаншалықты өзек­ті, ол жағын біл­медім. 

Ал егер билік ауысса, күрт өзгеріс бо­лады деп есептемеймін. Қазіргі оппозиция билікке келсе, олардың сыртқы саясаты мейлінше шынайылық шеңберінде болады деп ойлаймын. Әрине, жеке қарым-қатынастар да маңызды. Бірақ оппозиция парламенттік жүйені қайтадан алып келеміз деп отыр. Демократия мен заң үстемдігін нығайтамыз дейді. Бұл тұрғыдан қарастырсақ, олардың батыспен қарым-қатынасы жақсара түсуге тиіс. Сондықтан демократиялық құндылықтарға негізделе отырып жүргізген ішкі-сыртқы саясат та да өз көрінісін табады деген ойдамын.

Ал Ресейге келсек, күрт өзгерістер бо­луы мүмкін. Батыстық санкцияға қосылуы ықтимал. Мұндай жағдай қалыптасса, Түр­кияның жаңа билігі мен Ресейдің Кав­каздағы, Орталық Азиядағы өзара теке­тіресіне алып келуі ғажап емес. 

Жалпы, түркі интеграциясы саясатына байланыс­ты үлкен өзгерістер болады деп айта алмаймын. Өйткені түркі интегра­циясы сара жолға салынған сыртқы саясат бағыттарының бірі. Тарихқа қарайтын болсақ, түркі мемлекеттерімен ынтымақ­тастық мәселесін қазіргі оппозициялық «Республикалық халық партиясының» негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік басты постулат ретінде айтып кеткен. Одан кейін бұл партияда біраз өзгеріс болды ғой. Бірақ соған қарамастан оның коалициялық серіктестері, соның ішінде «Жақсы партия» ұлтшыл бағыттағы, түрік интеграциясын қолдайтын партиялардың бірі. Егер вице-прещзиденттердің біреуі ретінде қазіргі Анкара мэрі тағайындалса, ол да түркілік интеграцияға, түркілік идея­ға жақын саясаткерлердің бірі. Сондықтан бұл бағытта үлкен өзгеріс бола қояды деп ойламаймын. Анағұрлым тепе-теңдік, шын­шылдыққа негізделген түркі инте­грациясы саясат болады деген ойдамын.

P.S. 

Түркиядағы президент сайлау нау­қаны қазақстандықтар үшін неге қызық екенінің сырын білмейміз, әрине. Тікелей эфирде дауыс санау, нәтиженің сәт сайын көрсетіліп тұратыны қызықтыратын шығар. Тіпті, Түркия орталық сайлау комиссия­сының біршама тәуелсіз екені де азамат­тардың назарын аударуы мүмкін. Әр саяси партияның белсенділігі де тамашалауға тұ­рарлық құбылыс сияқты. Әлде түркі әле­міндегі қуатты мемлекеттегі өзгеріс шы­нымен де отандастарымыз үшін өзекті болуы ғажап емес. Өйткені түркі интегра­циясының саяси ғана емес, рухани-мәдени астары да бар. Бәлкім, біз күллі түркінің жұдырықтай жұмылғанда жаһанның жартысына әмір жүргізген қуатты болған кездерін аңсайтын шығармыз. 

Амангелді ҚҰРМЕТ