Комиссия мүшелері жыл басынан бері Райымбек ауданында 17 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын атап өтті.
Латифундистермен күрес жалғаса береді – Дәулет Кәрібек
775
оқылды

«AMANAT» партиясының Хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановпен бірге Алматы облысының ауыл тұрғындарымен кездесіп, жайылым тапшылығы мәселесін талқылады. Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің тозуы, дизель отынының қымбатшылығы, мемлекеттік субсидиялардың жетіспеушілігі және т.б. мәселелерді көтерді.

Райымбек ауданы Нарынқол ауылының тұрғыны Ысқақ Өмірәлиевтің айтуынша, бүгінде ауыл тұрғындарының мал жаятын жері жоқ. Жақын маңдағы жер иелері жергілікті тұрғындардың малын өз аумағына өткізбейді. Алайда жайылымдарды өздері де пайдаланбайды.

«Аудан аумағындағы бірнеше мың гектар жер жеке меншік иелікте. Алайда жер игеріп жатқан ешкім жоқ. Не мал жайылмайды, не жер жыртылмайды. Қарапайым халық сонда не істеуі керек? Сонымен қатар, суару маусымында су тапшылығы мәселесі пайда болады. Соның кесірінен, шаруашылықты дамыту қиынға соғып отыр», – деді ол.

Комиссия мүшелері жыл басынан бері Райымбек ауданында 17 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын атап өтті. Сондай-ақ, тағы 18 мың гектарды қайтару бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.

«Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Райымбек ауданының тұрғындарын толғандырған тағы бір түйінді мәселе – шекара маңындағы ауыл шаруашылығы жерлерін ресімдеу екенін атап өтті.

«Көп адам 90-шы жылдары ҚХР-мен мемлекеттік шекара белгіленбей тұрып жер алып, оған өмір бойы мұрагерлік құқығына ие болды. Қазір оны заңдастыру мүмкін болмай отыр. Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жеке меншікке және пайдалануға берілмейді. Тіпті, әкімдік қаулысының негізінде уақытша жер пайдалануға толық құқығы ресімделген тұлғаларға да шекара маңы аймағындағы жерге мемлекеттік акті берілмейді. Соған байланысты, шаруалар ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар мен өзге де мемлекеттік көмекке өтінім беру мүмкіндігінен айырылды. Бұл мәселені «Жер аманаты» комиссиясы қарастырады», – деді Бақытжан Базарбек.

Бұдан соң, партиялықтар Кеген ауданындағы Кеген ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұндағы жергілікті шаруалар да ауыл шаруашылығына арналған жер тапшылығы мәселесіне алаңдап отыр.

«Былтыр аудан аумағында біраз мал қырылды. Жайылым да, шабындық та жоқ. Малға азық, жем-шөп дайындай алмаймыз. Ең құнарлы жер кәсіпкерлерге тиесілі. «ҚазМясо» компаниясы 17 мың гектарға иелік етіп отыр. Ал ауданда мал бағатын жері жоқ қаншама отбасы бар. Қандастарымыздың 40 отбасына осы уақытқа дейін жер берілмей келеді. Тіпті, ауыл айналасындағы жер де жеке меншік иелікте», – деді Бұршақпай Белеков есімді ақсақал.

Өз кезегінде, Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл жұмыс ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетімен бірге атқарылуда. Бұл ретте, «AMANAT»-тың басым міндеттерінің бірі – қайтарылған жердің халық арасында әділ бөлінуіне қатаң бақылауды қамтамасыз ету.

«Әр учаске мақсатына сай пайдаланылуы тиіс. «Жер аманаты» комиссиясының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының жайылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Биыл 1 қаңтардан бері Алматы облысында 44,6 мың гектар жер қайтарылды. Жыл соңына дейін 220 мың гектарды мемлекет меншігіне қайтаруға уәде береміз. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Латифундистермен күрес жалғаса береді», – деді партия Хатшысы.

Комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов ұсынған мәліметке сәйкес, былтыр Алматы облысында мемлекет меншігіне 113 мың гектардан астам жайылым қайтарылды. Оның 57,8 мың гектарын меншік иелері өз еркімен қайтарып берді. Тағы 13,3 мың гектар жер сот шешімі бойынша қайтарылды.

Бұған дейін «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен jerkarta.gharysh.kz геосервисі әзірленген еді. Ол елді мекендердегі жайылым тапшылығын және мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсетеді.

Жалпы, ел аумағында былтыр «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен пайдаланылмай жатқан 5 млн. гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Еске сала кетейік, қазақстандықтар жер мәселесін жедел шешу үшін «AMANAT» партиясының «жедел желісіне» 8 800 080 44 41 телефон нөміріне арқылы барлық заң бұзушылық фактілері туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмір бойынша қабылданады.