Басқа өңірлер сияқты Ақмола облысында да киіктердің көбеюі көп түйткілге негіз болғандай. Еккен егіні тұтастай тапталып кеткен ақмолалық шаруалар енді алқаптарын қорғау үшін оның айналысынан терең ор қазып тастапты.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, еліміздегі киіктер саны соңғы он жылда 6 есе өсіп, бүгінде 1 миллион 318 мыңнан асып жығылған. Ал белгілі экобелсенді Батыр Сейкеновтың айтуынша, елдегі киіктердің жалпы саны 6-6,5 миллионға жуықтаған. Былтыр министрліктердің өзара келісімімен киіктердің санын реттеу жайы қарастырылған еді.
Ал шаруалар киіктерден қорғануға өздері кіріскен сыңайлы. Киіктерден әбден зәрезап болған Ақмола облысының Атбасар, Жақсы, Қорғалжын аудандарында шаруалар егістік алқаптарының айналасын 3 метр тереңдікте қазып тастапты. Ешқандай құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы органдардың келісімін алмастан осындай қадамға барған шаруалардың әрекетіне экология жанашылары, жергілікті тұрғындар мен тиісті органдар қарсылық білдіріп жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазылған терең шұңқырларға киікпен қоса төрт түлік те түсіп кетіп, арандай бастаған.
Атбасар ауданындағы Сепе, Ново-Мариновка, Сочинское, Петров ауылдарындағы шаруа қожалықтары да егістерін ормен қорғауға кіріскен.
«Енді киіктер жаңағы қазылған орларды айналып шағын ғана біздің егістік жерімізге келеді. Қазылғанымен ол шұңқырлар үш-төрт жылдан кейін топырағы ішіне құлап қайта тегістеліп кетеді. Киіктер үстінен өте береді ғой. Онда олар жаңағы қазылған жердің жанынан тағы қазып тастайды», – дейді Атбасар ауданы Есенгелді ауылының тұрғыны Нұрбай Жүсіпов.
Түйткілді мәселе жайлы алдымен Атбасар ауданы әкімдігінен анықтамақ болдық. Әкімдік шаруалар орды жергілікті биліктің келісімінсіз өз бетінше қазғанын мойындады.
– Үш метрлік траншеяларды киіктердің шабуылынан зор шығынға батқан шаруалар өз бетінше қазған. Бұл әкімдіктің еш келісімінсіз жасалған. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері министрліктерге дейін шағымданған бірақ ешқандай жауап алмаған. Орасан зор шығынға ұшырағандықтан осындай терең шұңқырлар қазып тастапты, – дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.
Ақмола облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекция басшылығы аталған мәселенің күрделене түскенін айтып, істің прокуратураның қарауына жолданғанын жеткізді. Ведомство басшысы Лашынтай Дүйсеновтың айтуынша, киіктердің көбеюі көп мәселенің алғышартына айналған. Аталған мәселе Степногор қаласында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың қатысуымен өткен жиында да көтеріліп, министр киіктер өтетін жолдардың бәрі бей-берекет егістік жерлерге айналғандықтан мұны толықтай тексеріп барып шешім қабылданатынын мәлімдеген еді.
– Бұл өте сұмдық жағдай. Атбасар, Жақсы, Қорғалжын аудандарында шаруалар егіс алқаптарының айналасын қазып тастаған. Қазірге дейін бес киік қазылған орға құлап өлді. Біз облыстық прокуратура, экология департаменті, жергілікті атқарушы органдар, ауыл шаруашылығы, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармаларына хат жаздық. Күні кеше Атбасар ауданында арнайы жиын да өткізілді. Қазір іс жоғарыда аталған аудандардың прокуратура және полиция қызметкерлерімен қаралып жатыр. Киіктердің көбеюі мәселесі бойынша осы айдың 24 мамырында Орал қаласында, одан кейін Астанада үлкен жиын өткізілмек, – дейді аумақтық инспекцияның басшысы Лашынтай Дүйсенов.
Түйінді мәселе жайлы Ақмола облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына хабарластық. Ведомство басшысы Ерғали Шорин бұл мәселе өздерінің құзыретіне кірмейтінін айтып, аумақтық инспекция жазған хаттың облыстық экология департаментіне жолданғанын жеткізді.
– Егістік жерлер дұрыс пайдаланылмаса ол мәселемен біз айналысамыз. Біз аумақтық инспекция жазған хатты экология департаментіне қайта жолдадық. Бұл мәселе біздің құзыретімізге кірмейді, – дейді басқарма басшысы Ерғали Шорин.
Ал экология департаменті басшылығы аталған мәселенің жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының тікелей міндеті екеніне сенімді. Олар хаттың қайта кері жолдағанын жеткізді.
– Жердің қазылып тасталғаны экологияға еш қатысы жоқ. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың және жердің пайдалануын және қорғалуын бақылау басқармасының құзыретінде болуы керек. Бізге келген хатты біз қайта өздеріне жолдадық. Бұл біздің құзырымызға кірмейді, – деді Ақмола облысы экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметов.
Өңірде киіктерге қатысты күрделі жағдайдың жуық арада шешімін табар түрі көрінбейді. Табиғат жанашырлары бұл мәселенің бір жақты етпей тыным таппайтыны түсінікті. Іс құқық қорғау органдарының қарауына жеткен. Жауапты органдар тиісті шешім шығарып кінәлілерді жауапкершілікке тартуы да мүмкін. Дегенмен, бұл мыңдап жортқан бейкүнә жануарлардан егістіктерін қорғаған шаруалар мәселесін біржола шешпейді. Сондықтан тиісті министрліктер мен ведомстволар аталған жағдайды реттеуге тезірек назар аударар деген үміттеміз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы