Ел аумағындағы 12 мың шақырым жылу құбырының 3 мыңнан астамы толығымен алмастыруды қажет етеді.
«Жабдықтардың 66-80%-ы тозған»: Депутат жылу кәсіпорындарындағы бақылауды күшейтуді талап етті
998
оқылды

Депутат Бауыржан Смағұлов бүгінгі Мәжіліс отырсында электр станциялары мен жылу және электр желілерін жөндеу қызметіне өзгеріс енгізуді талап етті. Ол елдегі жылу-энергетика саласының жағдайы мүшкіл екенін айтып, Премьер-министрден тез арада шара қабылдауды сұрады.

Бауыржан Смағұлов ұсынған мәліметке сәйкес, Қазақстандағы энергетикалық, яғни өңірлердің жылуына жауап беретін кәсіпорындардағы апат 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 23%-ға артқан. 

«Еліміздегі энергетикалық кәсіпорындарда жүргізілген тексеріс қорытындысы көңіл көншітпейді. Биыл бірінші қаңтардағы жағдай бойынша жылу өндіру саласында 37 энергия көзі жұмыс істейді. Олардың құрылғанына 61 жылдан асқан. Олардың материалдық жабдығының 66%-ы тозған. Ал кейбір қалаларда 80%-дан астам жабдық ескірген. Қазір осыған байланысты Мәжілісте заң жобасы қаралып жатыр. Аталған құжат энергетика саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейді», – деді депутат. 

Депутаттың сөзінше, ел аумағындағы 12 мың шақырым жылу құбырының 3 мыңнан астамы толығымен алмастыруды қажет етеді. Осы ретте Бауыржан Смағұлов жылу-энергетикалық компанияларының жауапкершілігін күшейтіп, жуық арада жөндеу жұмыстарын жоспарлау үшін шекті тарифтерді бекітуді ұсынды.