Тоқсан сайын тұрақты түрде ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып жатқан жұмыс берушілердің қарасы көп. Астаналық студенттер мен жұ­мыссыз жастар өздеріне ұнаған бос жұмыс орын­да­рымен танысып, мамандық бойынша қызмет етуге қа­тысты да қызықтырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкеге жастар көп келді
827
оқылды

Шарада денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, қызмет көрсету се­кілді өмірлік маңызды салалардан бос жұмыс орындарын табуға бо­лады. «Астана жастары» жастар ре­сурстық орталығының қызмет­кері Олжас Хамитовтің айтуынша, Esil University-мен бірлесіп «Астана жас­тары» жастар ресурстық орта­лығы, халықты жұмыспен қамту орта­лы­ғымен бірге жастар үшін ке­зекті бос жұмыс орындары жәр­мең­кесін өт­кізген. Бұл жолы 50 ком­пания 500-ге жуық жұмыс ор­нын ұсын­ған. Олар­дың қатарында мем­лекеттік қыз­мет істері агент­ті­гінің Астана қала­сы бойынша депар­та­мен­ті, банк­тер және басқа да мекемелер бар.

Сондай-ақ Esil University жәр­меңкесінде жұмыс тапқысы келе­тіндер көп болды. Өйткені мұнда бірнеше жұмыс берушімен сұх­баттасу мүмкіндігі жасалды. Уни­верситет өкілі Бекаршын Жұма­нова мұндай шара жастардың өмір жолында жақсы қызмет тауып, ары қарай маман болып қалыптасуына жағдай жасауға арналған таптырмас орын екенін алға тартып отыр. Се­бебі жастар өзінің қарым-қабілетін көрсетіп, жүрегі қалайтын жұмыс орнын табуына септігін тигізу үшін бірнеше таңдау жасауына жәрмең­кеде толығымен жағдай жасалған. 

– Біз – өз шығармашылығы арқылы тың ойлары, идеялары бар жас студенттерді іздейтін ком­паниямыз. Бізде тұрақты жалақы, ресми жұмысқа орналасу, карье­ралық өсу, тату ұжым бар. Сту­дент­тер бізге түйіндемелерін береді, біз олармен байланыс орнатамыз, олар бізге өндірістік практикаға немесе жұмысқа орналасуға келе алады, – деп атап өтті персонал жөніндегі менеджер Қымбат Сүлейменова.

Жәрмеңкеге келушілердің де ұйымдастырушыларға айтар ал­ғысы шексіз. Мәселен, елордалық студент Теміртас Шаймерден жәр­меңкеге келген көптеген компа­ния­лардың ұсынып отырған бос жұмыс орындарымен танысудың мүмкіндігі туғанына дән риза. 

– Кез келген компанияда іс тәжірибеден өтіп, ары қарай тұ­рақты жұмысқа тұруға да болады екен, – дейді ол. 

Ал Фариза Ділімбетова бір жылдан кейін диплом алады. Бірақ қазірдің өзінде тәжірибе жинау үшін жұмыс іздеп жүр. Тәжірибесіз жұмысқа орналасу қиындығын білетін ол да студент үшін мұндай іс-шаралар жақсы жұмыс орнын табудың тамаша мүмкіндігі бола­рын айтып отыр. 

Айта кету керек, былтыр осын­дай жәрмеңкенің арқасында 250-ден астам адам жұмысқа орнала­сыпты. Оның ішінде 160-тан астам жұмыс беруші мен 2,5 мыңға жуық жас қатысса, барлығы 1800-ден ас­там бос жұмыс орны берілді. Сон­дықтан Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесін тоқсан сайын тұрақты ұйымдастырудың маңызы зор. 

Ж.МҮСІЛІМ