Қазақстанда алғаш рет жаңа туған сәбиге асқазан жолдарының туа біткен бірнеше ісіктерін алып тастау бойынша күрделі ота жасалды.
Алматыда алғаш рет  жаңа туған сәбиге кистозды ісіктерді алып тастау отасы жасалды
1,075
оқылды

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары туа біткен ас қорыту жүйесінің өте сирек кездесетін патологиясымен дүниеге келген нәрестеге бір мезетте екі бірдей күрделі ота жасау арқылы, бірнеше кистозды ісікті алып тастап, жаңа туған нәрестенің өмірін аман алып қалды. 

«Жаңа туған сәбиде өңеш пен асқазан-ішек жолдарының екі еселенуі өте сирек кездесетін жағдай. Өңештен дамып қосарланған үлкен киста, бүкіл сол жақ кеуде қуысында орналасқан. Оның салдары сәбидің сол жақ өкпесінің қысылуына және нәрестенің туылғаннан бастап тыныс алу жеткіліксіздігіне әкелді. Сондай-ақ, іш қуысында кистозды үлкен ісіктер (түзілімдер) болды. Сәбиге өте күрделі симультандық (бір мезетте) қайта-қалпына келтіру отасын жасауға тура келді. Бұндай ота елімізде жаңа туған нәрестеге алғаш рет жасалып отыр», -  дейді ғылыми орталықтың басқарма Төрағасының клиникалық қызметтер  жөніндегі орынбасары, профессор Асылжан Ерекешов. 

Дәрігерлердің айтуынша, сәби бойындағы туа бітті ісік ішектің жұмысы мен нәжістің шығуының бұзылыстарына әкелген. Дүниеге келгеніне екі күн ғана болған нәресте аталған орталыққа Талғар аудандық перезентханасынан ауыр жағдайда жеткізілген.    

Бес күн ішінде нәрестенің жағдайын қалпына келтіру шаралары жүргізілді. Баланың өміріне қауіп төнгендіктен операция шұғыл түрде жасалды.  

Күрделі ота жалпы 4 сағаттан астам уақытқа созылды. Операцияны Ғылыми орталықтың тәжірибелі дәрігерлері, хирург, асс.профессор Асылжан Ерекешов, орталықтағы жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан  Құрбанбеков пен білікті балалар хирургы Гүлмира Кәукенбаевалар жасап шықты.       

Отадан кейінгі 17-ші күні Даниал есімді кішкентай пациент аман-есен үйіне шығарылды. 

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы