Мектептегі әлімжеттік, мұғалім мен оқушы арасындағы жанжал, жас­­өс­пірім­дер суициді... Бүгінгі қо­ғамның осындай келеңсіз мәсе­ле­леріне тосқауыл қоюдың бір жолы – елімізде тәуелсіз ата-ана­лар инс­пекциясын құру.
Ата-анада жауапкершілік үлкен
1,062
оқылды

«Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің негізін қа­лаушы Нұркен Асанов «Сұрауы бар» Youtube ­ар­насына берген сұх­батында айтты. 

Кейіпкердің пікірінше,  бүгінгі қоғам Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңін еске түсіреді. 

«Біз құдды бір қансонарда өмір сүріп жатқандаймыз. Олай дейтінім, бұл ат ізі мен ит ізінің шатасқан заманы секілді. Бала тәрбиесінде қайсысы оң, қайсысы теріс деген сұраққа ата-ана да, мұғалім де жауап бере алмай аң-таң отырған қоғам­дамыз», – дейді ол.

Н.Асанов бүгінде жастардың бойын­дағы кертартпа мінезден құтылудың бір жолы – ата-бабамыздың ұлағатты тәрбие­сін сіз болып, біз болып, мемлекет болып қолға алып, балаға жастайынан егу екенін айтты.

«Малда, итте құтырма деген ауру бола­ды. Одан тек хайуанды өлтіріп, оны көміп құтыласыз. Неге? Өйткені әлгі ауру қал­ған­дарына жұғады. Біздің жас­тарымызда осындай құтырма ауруы пайда болды. Оны вакциналау керек, әйт­песе оның тоқтауы болмайды. Вак­ци­наның ішіне не кіреді? Ата-бабалары­мыздың өсиет еткен тәрбиесі, ұлағатты тәлімі кіреді. Бұл қай­дан табылады? Бұл отбасы, ошақ қасы, дас­тарқанда табы­лады. Үйде күнде соны­мен сусындап өскен баладан есейгенде жаман адам шықпайды», – дейді спикер.

Оның ойынша, ұстаздың мәртебесін өсіретін де, өшіретін де – ата-ана. 

«Мұны аксиома ретінде қабылдауы­мыз керек. Біз қазір ата-ана ретінде мек­теп­ке «не үшін», «неге» деген сұрақ­пен бара­мыз. Соның орнына «не істей ала­мыз» деген сұрақпен бару керек. Мұ­ғалім­ді әңгімеге тартып, балалары­мыз­ға не істей аламыз деген сұрақты кө­теретін бол­сақ, екі тарап та бір-бірі­мен түсінісер еді. Ал біз баламыз есіктен кірмей жатып «мек­тепте не болды?», «мұ­ғалімің не деді?» деген провока­ция­лық сұрақтарды бала­ға қоятын болсақ, «Маша мен медведь­тің» күнін кешеміз. «Маша мен медведь» көріп өскен бала өтірік жылай са­лады, өтірік күле салады. Бұрын бізде қалай еді? Мектепте мұ­ғалім­нен таяқ жеп келсек, ата-анамыз біз­ге «өзің кінәлісің», «неге ол жерде дұ­рыс жасамадың» деп басатын», – деді меценат.

Алайда Нұркен Асанов бір тарапты ғана кінәлай беруге болмайтынын, мұ­ғалімдердің арасында да өз ісіне салғырт қарайтындары бар екенін айтты.

«Тойда отырып, ZOOM-ға қатысып жүрген мұғалімді көрдім. Құдалық болып жатыр еді, бір жеңгеміз атып тұ­рып, телефонын алып, сабақ беріп келе жатыр. Ұстаздық ету ондай болмаса керек. Сіз кешегі Ахметтердің ізін жал­ғас­тырамын деп осы салаға келдіңіз екен, әуелі айнаға қарап, рухыңызды тү­зеңіз. «Алты алаш жиналса, төр – ұстаз­дікі» деген нақыл бү­гінде жай сөз болып қалды. Оның тү­біріне үңілген ұс­таз өзінің принциптерінен айнымай­ды», – деді ол.

Н.Асановтың ойынша, мемлекет мек­тептер арасындағы текетіресті қатты да­мытып жіберді.

«Мысалы, хоккей мен мәнерлеп сыр­ғанаудың адамға базалық берері бір. Бірақ мен мәнерлеп сырғанауды таңдай­мын. Екеуінде де текетірес бар, бірақ біреуінде дөрекі, біреуінде көркем бәсеке. Біз, өкі­нішке қарай, хоккеистерді да­йындап жатырмыз. Бәрі де бір-бірін езіп жаншып, өтіп кеткісі келеді», – деп қынжылысын білдірді ол.

Меценат өз әңгімесінде бүгінгі күйі­мізді жемтік үшін жаны қиналған қо­ғамға теңеді. 

«Жемтік үшін жан қинап, таласпа құр,

Босаға мен төріңді аласта бір.

Адамзатта болмаған алтын заман

Келе жатыр Алладан Алашқа бұл, – деген Мәшһүр Жүсіптің өлеңі бар. Бізге рух­ты өсіру керек. Рух немен қорек­те­неді? Ата-баба өсиетімен, ізгілік жолы­мен», – деді ол. 

Н.Асановтың пікірінше, министрлік жанынан Отбасы агенттігін құру еш­қан­дай мәселені шешпейді. Оның орнынан Ата-аналар инспекциясын құру қажет. Ол ведомство Ішкі істер министрлігіне де, Оқу-ағарту министрлігіне де бағын­байтын тәуелсіз ұйым болады. Сол инс­пекцияның бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді шешуде ата-аналарға да, ұстаздарға да сөзі өтімді болар еді. 

А.ҚАЗАҚ