Экономика жаһандануымен қатар жүретін сыртқы сауда айналымында көлік инфрақұрылымын дамыту аса маңызды. Бұл үшін көлік қызметтерінде жаңа әрі жоғары технологиялардың болуын уақыттың өзі де талап етеді.
Саланың дамуына сапалы маман керек
960
оқылды

Сондықтан бүгінгі күні де көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығы өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алдыңғы кезекте логистиканың міндеттеріне көліктің әр алуан түрінің өзара әрекеттесуін оңтайландыру мен логистикалық қызметтердің сапасына көңіл аудару аса қажет. 

Бірыңғай ақпараттық-техно­логиялық кеңістікті қалыптастыру үшін ең алдымен ақпараттық база, технологиялар мен ақпараттық жүйелерді интеграциялау тал­пыныстарының сәтті болуы сеп­тігін тигізеді. Сондай-ақ ұлттық және аймақтық көліктік логис­тика жұмысының нормативтік-құқықтық негіздерінің болмауы осы саладағы жұмыстың ары қарай жандануына кедергі кел­тіреді. Салдарынан үйлестірілген, тиімді қызмет ететін көліктік-логистикалық ресурстарды бас­қарудың механизмінің жоғы бай­қалады. Қазір отандық логис­тикада оның дамуын тежейтін көптеген кедергі бар. Негізгі мә­селелерге кәсіби білім берудің тұ­рақсыз жүйесі мен білікті кадр­лардың жетіспеушілігі кіреді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халық­аралық қатынастар факультетінде бұл бағытта сабақ жүргізу үшін қажетті кадрлық әлеует жеткілікті. Халықаралық логистика мен гео­саясаттың экономикалық және құқықтық аспектілері бойынша белгілі зерттелімдері бар тәжі­рибелі профессорлар мен жас ға­лымдар да жұмыс істейді. Сол себепті «Әлемдік экономика» мамандығында «Халықаралық логистика және сыртқы эконо­ми­калық қызмет» жаңа маман­дан­дығы ашылды. Ондағы мақсат – жалпы сыртқы экономикалық қызмет нарығын, жеке алғанда көліктік кешенді ақпараттық қамтамасыз етуді модерни­за­­циялаудың ииновациялық стра­тегия­сын құруға таптырмас құрал. Себебі «Қазақстан-2050» страте­гиясының талаптарына бейімделе алатын Қазақстанның логисти­калық саясатын жасаудың эле­менттерінің бірі болу – бүгінгі күннің басты талабы. Оның үс­тіне, халықаралық байланыстар үздіксіз өзгерістерді талап етеді. Алайда заңдарды жетілдіру жүйелі сипатта болуы тиіс. 

Көріп отырғанымыздай, Қа­зақстанды әртүрлі ел жүктерінің транзиті үшін ыңғайлы етуге ба­ғытталған талпыныстар ойдағы­дай нәтиже берген жоқ. Еліміздегі 47 жоғары оқу орындары логис­тикалық сала үшін мамандарды даярлағанымен, шынайы өмірде білім беру жүйесі артта қалып қойды. Ал «Халықаралық логис­тика» пәні оқу бағдарламаларында мүлдем жоқ. Сонымен қатар қа­зақстандық ЖОО-ның ешқайсы­сында СЭҚ саласында логисти­калық қызметтер нарығының қа­жеттіліктерін зерттейтін «Ха­лық­аралық логистика және СЭҚ» мамандандыруының аналогі жоқ. Сондықтан мұндай мамандан­дыруды ашу отандық логистиканы дамытудағы үлкен қадам болмақ.

Факультеттің оқытушылық-профессорлық құрамы ақпарат­тық және ғылыми орталықтарды құру мен олардың болашақта қыз­мет етуінің мүмкіндіктерін ба­ғамдай алатын мол тәжірибеге ие. Профессор Құралай Байза­қо­ваның ықпалдастығымен 2014 жылдың 28 желтоқсанынан фа­культетте «Халықаралық логис­ти­ка және геосаясат» орталығы қыз­­мет етіп келеді. Оның мақса­ты – еуропалық және қазақстан­дық нарықтарда халықаралық көлік пен логистиканың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жоға­ры­­лату үшін маман дайындау. Со­ны­­мен бірге логистика, жеткі­зілімдер тізбегін басқару сала­сында білім беру бағдарлама­ла­ры мен ғылыми зерттеулерді дамыту. Бүгіннің өзінде орта­лықтың ық­палымен шетелдік әріптес­термен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Мәселен, Қазақ-неміс универ­ситетімен өзара ықпалдастық жөнінде келісімге қол қойылса, «ТрансАл» ЖШС-мен еуропалық және қазақстандық нарықтарда ха­лықаралық көлік пен логис­ти­каның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда логис­тика мен жеткізілімдер тізбегін басқару саласында ықпалдастық жөніндегі екіжақты келісімге келдік. Одан басқа орталық ха­лықаралық логистика оператор­ларының әлеуетті мүшесі болды.

Бұл ғана емес, кафедраның оқу және өндірістік тәжірибе орын­дарын ары қарай дамытып, болашақта түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін қамтамасыз етуді қарастырып отырмыз. Түлектердің шет тілдерін меңге­руіне де көңіл бөлініп, сәтті ке­ліссөздер жүргізе алатын, тен­дер­лерді өткізу дағдыларына ие және халықаралық сауда ережелерін білетін кандидаттарға ерекше на­зар аударылады. 

Асемгүл БЕКМҰХАМЕТОВА,

ҚазҰУ аға оқытушысы