Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттың бірі ретінде айқындады. Біз үшін басым міндет – халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру.
Мемлекеттік қызметтегі заңнамалық өзгерістер
1,833
оқылды

Бұл бағыттағы жұмыс мем­лекеттік аппарат қызметін бюро­кратиядан арылту, мемлекеттік қызметке кіруді және одан шы­ғуды жеңілдету, дарынды басқа­рушыларды және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, стратегиялық адам ресурстарын дамыту ша­ра­ларын қамтиды. Мұны жүзеге асы­ру үшін біз тиісті заңнамаға бір­қатар өзгеріс пен толық­тыру енгіздік. Нәтижесінде, соңғы бір жылдың көлемінде мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша 4 заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.

Былтыр шілде айында Цифр­лық даму министрлігімен бірге әзір­ленген «Цифрландыруды да­мыту туралы» заң қабылданып, талдау және мониторинг жүргізу негізінде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде бұзушылықтардың алдын алуға және қызмет алушы­ның құқықтары мен заңды мүд­де­лерін қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған ұсыныстарды әзірлеу функ­циясы агенттікке берілді. Осы­лайша, былтырдың өзінде 46 мың­ға жуық бұзушылық анық­талды. Оның ішінде ең жиі кезде­сетіндер – қызмет көрсету мерзі­мін және тәртібін бұзу, артық құ­жаттарды сұрату, қызмет көрсе­ту­ден негізсіз бас тарту.

Бұған қоса, өткен жылдың қа­раша айында аудан әкімдерін сайлау жөнінде заң қабылданды. Сәйкесінше, биылдан бастап пилоттық режимде кейбір аудан әкімдерін халық сайлайтыны ес­керіліп, «Мемлекеттік қызмет ту­ралы» заңға өзгерістер енгізілді. Онда сайланатын әкімдер сынақ мерзімінен және ротациядан босатылды. Сайланған әкімдерге «лауазымын төмендету» тәртіптік жазасы алынып тасталды.

Мемлекет басшысының тап­сырмасын орындау мақсатында былтыр желтоқсан айында мем­лекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемле­кеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер ен­гі­зілді. Енді мемлекеттік грантпен оқу орындарын жоғарғы көрсет­кішпен аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылдық жерлерде тө­менгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жастарды мем­лекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауыл­дық аймақтарға оралуына, со­нымен қатар өңірлердегі кадр тап­шылығын азайтуға септігін ти­гізіп, мемлекеттік қызметке кі­руді жеңілдетеді. 

Бұған қоса, «Б» корпусының жо­ғары лауазымдарына агент­тіктің келісімімен конкурстық ірік­теусіз тікелей тағайындау мүм­кіндігі беріліп отыр. Бұл толық­тырулар күшіне енгеннен бастап агенттікпен осындай 38 таға­йын­дау келісілді. 

Заңнамаға енгізілген өзге де толықтыруларға сәйкес, бұдан былай екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауа­зымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұл мем­лекеттік қызметтен шығу тәр­ті­бін жеңілдетеді. 

Мемлекеттік қызмет сала­сындағы заңнамалық өзгеріс­тер­дің басым бөлігі биылғы жылдың 20 наурызында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңында көрі­ніс тапқанын айта кету керек. Осы заңдағы өзгерістер мен то­лықтыруларға сәйкес, отандық заңнамаға келісімшарттық қыз­метшілер ұғымы енгізілді. Келі­сімшарттық қызметшілер мемле­кеттік қызметші санатына жат­пай­ды. Олар салалық жобаларды іске асыру үшін тартылатын бо­лады. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге қатысты нақты ережелер мен талаптар тиісті Үкі­мет қаулысында белгіленеді.

Заңнамадағы жаңашылық­тардың бірі – өңірге барып жұмыс істейтін мемлекеттік қызмет­ші­лерге ротациялық төлем енгізіліп отыр. Қолданыстағы заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қыз­метшіге уақытша үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер же­тіспегендіктен, ротацияланған қыз­метшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшінің ротациядан бас тартуына алып келуде. Ротация­лық төлемді енгізу осы олқылық­тардың орнын толтыруға бағыт­тал­ған. Ротациялық төлемді енгізу үшін Республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға қажетті қаржы бөлу мәселесін ма­құлдағанын айта кету керек. 

Заңнамаға енгізілген басқа да өзгеріске сәйкес, мемлекеттік қыз­­метте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыреті агенттікке бері­ліп отыр. Уақыт көрсеткендей, кешегі пандемия және жан-жақ­ты цифр­ландыру үрдісі қашық­тан жұ­мыс істеу, сонымен қатар икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігін көрсетті. Осы мәселе бойынша жалпы қа­жетті норма­лар 2021 жылы Қазақ­стан Рес­публикасының Еңбек кодексіне де енгізілген бо­латын. Алайда мем­лекеттік аппа­раттың ерекше­лігін ескеріп, мем­лекеттік қыз­метте бұл мәселелер нақты және ег­жей-тегжейлі рет­телуі тиіс бол­ғандықтан, енді мем­лекеттік қыз­метте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кесте­сінің тәртібі агенттіктің тиісті бұйры­ғымен белгіленетін болады.

Осы айтылғандармен қатар мемлекеттік басқару академия­сына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі оқудан кейін міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс деген талап алы­нып тасталды. Бірақ академия тү­легінің жалпы мемлекеттік қыз­метте үш жыл жұмыс өтеуіне қа­тыс­ты талап сақталады. 

Қолданыстағы заңнамаға ен­гізілген толықтырулардың бірі – мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу­ге қатысты. Бұған дейін әр мемле­кеттік орган өз штат кестесін өзі бекітетін. Осыған орай, басшылар мен орындаушылар саны реттел­мей келген еді. Нәтижесінде, бір басшыға кейде 1 немесе 2 орын­даушыдан ғана келетін жағдайлар кездесетін. Ал енді кейде кейбір органдарда басшылар саны тіпті орындаушылардан да асып кету фактілері болатын. Бұдан бы­лай мұндай олқылықтарды бол­дыр­мау үшін басшылар мен орындау­шылар саны агенттіктің бұй­рығымен реттелетін болады. 

Келесі өзгеріс жалақы үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін есептеу тәртібін бекіту құ­зы­ретін Агенттікке беруге қатыс­ты. Қалыптасқан жағдай бойын­ша мемлекеттік қызмет­ші­нің жала­қысы оның жұмыс өтіліне байланысты. Осылайша, қазір Үкімет қаулысымен тиісті жұмыс өтілін есептеу тәртібі бекітілген. Үкіметтен құзыреттерді орталық органдарға беру саясаты аясында аталған тәртіпті бекіту құзыреті агенттікке берілді.

Заңнамадағы келесі жаңа­шыл­дықтардың бірі – саяси қыз­метшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босатуға байланысты. Заңға сәйкес, саяси қызметшi саяси мiндеттердi iске асыруға жа­уапты. Яғни, саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен. Енді, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкі­лет­тігін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босату институты енгізіледі. Мұндай босату туралы шешімді Мемлекет басшысы ғана қабылдайтын болады. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Мәселен, Оңтүстік Корея, Сингапур, Ұлы­британия, Германия, Испания, Ирландия елдерінде мұндай тә­жірибе қолданылатынын айта кету керек.

Осы айтылғандармен қатар, заңнамаға мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақта­луын бақылауды жүзеге асыруға қатысты түзетулер енгізіліп отыр. Аталған түзету 1 сәуірден бастап қол­данысқа енгізілді. «Мемле­кет­тік қызмет туралы» заңда мем­ле­кеттік органдарда жұмыс кесте­сінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы агенттік құзыреті ретінде бекітілді.

Енгізілген түзетулердің тағы бірі – мемлекеттік қызметшілер­дің еңбекақысы саласындағы актілерді агенттікпен келісуге қатысты болып отыр. Қолда­ныс­тағы заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы жүйе­сін және оларға сыйақы төлеу тәртібін Үкімет бекітеді. Оны әзір­лейтін – Ұлттық экономика министрлігі. Бұдан былай мем­ле­кеттік қызметшілерді ынта­ландыру бойынша бірыңғай сая­сат­ты ұстану мақсатында ең­бек­а­қы са­ласындағы актілер мін­детті түр­де агенттікпен келі­сілетін болады. 

Мемлекеттік қызметті жетіл­діру бойынша заңнамаға енгі­зіл­ген өзгерістер мен толықтыру­лардың қысқаша реті осындай.

Агенттік алдағы уақытта Мем­лекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бағы­тында мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу, оның ішінде кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, ме­ри­тократия қағидаттарын ілгері­лету, мемлекеттік қызметке қа­был­дау мен іріктеуді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстарды жүргізетін болады.

Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ, 

Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің төрағасы