Осы іс-шара үшін арнайы 70-тен астам киіз үй тігілді.
Шетелден келген туристік компания өкілдері киіз үйде меморандумға қол қойды
1,056
оқылды

Алматыда Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған The heart of Central Asia халықаралық туристік бизнес-форумы өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Facebook-тағы парақшасында жазды.

"Ауқымды іс-шараға Түркия, БАӘ, Египет, Вьетнам және біздің еліміздің ірі қонақүй брендтерінің, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген туроператорлардың, Еуропалық, шетелдік және жергілікті авиакомпаниялар мен туристік фирмалардың мыңнан астам өкілі жиналды. 

Форум B2B форматында өтіп жатыр. Әртүрлі елдің, соның ішінде Қазақстанның мамандары мен сарапшылары тәжірибе алмасады. Еліміздің бизнес өкілдері жаңа серіктестер мен инвесторлар табуға мүмкіндік алады.

 

Ұйымдастырушылар бизнес-форумды ұлттық нақышпен ерекше өткізуді жөн санағанын атап өткім келеді.

Осы іс-шара үшін арнайы 70-тен астам киіз үй тігілді. Оларда компаниялар болашақ серіктестерін өз жобаларымен таныстырды.

Киіз үйде «Kazakh Tourism ҰК» АҚ, «Атамекен» ҰКП және Anex Tour Kazakhstan туркомпаниясы арасында ішкі және кіру туризмін дамытуға арналған меморандумға қол қойылды. 

Kazakh Tourism шақыруы бойынша ірі халықаралық оператор Қазақстанда біздің елімізге кіру туризмімен айналысатын кеңсе ашты. Бұл – Anex Tour компаниясының Қазақстан аумағындағы алғашқы филиалы.

Жұмыс сапарым аясында мен бизнес-форумның басты ұйымдастырушыларының бірі – Anex Tour директорлар кеңесінің төрағасы Вурал Қарасу мырзамен кездестім.

Мен Түркістандағы Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университетінің студенттерінің Anex Tour компаниясының әлемнің кез келген еліндегі филиалдарында тәжірибеден өтуі туралы мәселені көтердім. Компания алаңдарында Қазақстандағы туризм туралы жарнамалық материалдарды орналастыру туралы да сөз қозғалды.

 

Қарасу мырза менің ұсыныстарымды қолдады, сондай-ақ биылғы жылы Қазақстанға Anex Tour арқылы келетін шетелдік туристер ағынын үш есеге арттыруға ниет білдірді.

Сондай-ақ  компания алдағы 3-5 жылда Қазақстандағы шетелдік қонақтардың санын жылына 80 мыңға дейін жеткізуге ниетті.

Біз туризм саласындағы ірі халықаралық көшбасшылармен келіссөздерді жалғастыруға ниеттіміз. Бизнес-форумның барлық ұйымдастырушылары мен қонақтарына ерекше алғыс айтамын. Мұндай іс-шаралар елдегі инвестициялық ахуалға оң әсер етеді. Бізді 2030 жылға қарай Қазақстандағы шетелдік туристер санын жылына 4 млн адамға дейін ұлғайту мақсатына жақындатады",, – деп жазды Асхат Оралов.