Алматыда ірі мейрамхана сүріліп жатыр
Алматыда ірі мейрамхана сүріліп жатыр
1,083
оқылды
Соттың шешімі бойынша Алматыда ірі мейрамхана сүріледі. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. «Қала құрылысын бақылау басқармасының жоспардан тыс тексеруі барысында Наурызбай ауданындағы Ақжар шағынауданында жаңа мейрамхананың рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқаны анықталған болатын»,делінген хабарламада. Әкімдіктің айтуынша, осы тексерістен кейін меншік иесіне қатысты ӘҚБтК-нің 316-бабы 1-бөлігі және 321, 463-баптарының 1-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қабылданған. Заңға сәйкес, меншік иесіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс берілді. Алайда мейрамхана иесі ұсыным талаптарды орындаудан бас тартқан. Артынша, әкімдік Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына заңсыз салынып жатқан объектіні бұзу туралы талап-арыз түсірген. 26.08.2022 жылы сот шешімімен талап-арыз толық көлемде қанағаттандырылған болатын. Бірақ  жауапкер алғашқы сатыдағы сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берген. Бірақ  19.10.2022 жылы қалалық соттың қаулысына сәйкес, бірінші инстанциядағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды. Бүгін сот орындаушылардың қатысуымен нысанды сүріп тастау жұмыстары басталды.