«Қасқырға» қой бақтырып, қор болды
«Қасқырға» қой бақтырып, қор болды
© коллаж: Елдар Қаба
1,417
оқылды
Шыны керек, Түркістан облы­сының шалғай аудандарының бірі Шардара ауданында адам естісе нанғысыз жағдайлар жиі болып тұрады. Кейде жерлікті билік, құ­зыр­лы органдар шекара аймағын­дағы ауданның жағдайына «Орта­лықтың адамдары баса назар ау­дар­майды, мұнда бәрі бола береді» дей ме екен деп қаласыз. Олай демеске лажымыз жоқ. Осымен бірнеше мәрте Шардара жақтан келген шағымнан шектен шыққанын байқағанбыз. Бұл жолғысы тіпті басқаша. Ау­дан­дық полиция бөлімі мен аудан­дық, облыстық прокуратурадан әділдік таппаған жәбірленуші енді БАҚ құралдары арқылы бұл әділет­сіздікке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас Прокуратураның назарын аударуды сұрап отыр. Асыңды ішейіннің кері... Аудандық прокуратураны былай қой­ғанда Түркістан облысының прокура­турасы да бірнеше мәрте заңсыздыққа жол берген. Өкінішке қарай, біздің елімізде прокурорларға ешкімнің ша­масы келмейді емес пе?! Олардан жоғары тұрған айыптаушы орган жоқ. Сондықтан бұл істің басым бөлігі прокуратураға келіп тіреліп тұр. Мәселенің мән-жайын баяндайтын болсақ, бізге Түркістан облысының тұрғыны Бахыт Маликов есімді азамат қылмыстық іске қатысты шикіліктерден зардап шегіп отырғанын айтып шағым­данды. Жәбірленушінің айтуынша, 2018 жылдың 11 қазан күні қарамағында 10 жылға жуық шопан болып жұмыс істеген Шардара ауданының екі азаматына 1 470 қой, 40 қошқар мен 2 жылқыны олардың шаруашылығында одан әрі көбейту үшін нотариуспен бекітіп теңдей бөліп береді. Ш.М және С.Қ есімді азаматтар әрқай­сысы 735 данадан қой, 20 бас қошқар, 1 жылқыдан теңдей бөліп алып, 3 жылдан соң, яғни 2021 жылдың 11 қазанында аталған қойдың үстінен әрқайсысы 441 қойды қосып қайтаруды жеке-жеке мін­деттеріне алады.
«Екі қойшы әрқайсысы 735 қойдан жыл сайын орташа есеппен осынша төл ала­ды. Бірақ мен оларға 3 жылдан соң ғана бар-жоғы үстіне 441 қой ғана қосып, яғни өзімдікімен қосқанда әрқайсысы 1 176 қой қайтарып беруді міндеттедім. Егер төлін жыл сайын алатын болсам, 147 аналық қой алып тұруым тиіс болған. Бірақ мен 3 жылдық төлді бір-ақ алуды жөн көрдім. Ал жыл сайын алынған төл олардың жалақысы, пайдасы, жалпы еңбегіне жұмсалуына келісім бердім. Олар менің келісімімсіз қойды бір-бірі­не беруге, сатуға құқы жоқ. Келісімшартта егер қой басы келісілген санына жетпесе оның құнын сол кездегі нарық бағасымен төлеуге міндеттелген», – дейді жәбір­ленуші Б. Маликов. Өкінішке қарай, 3 жылдан соң әлгі шопандар малдың иесіне қойлардың ұшты-күйлі жоғалғанын айтып келген. Жыл сайын қойларының жағдайынан хабар алып жүрген қожайын алғашында мына жауапқа есеңгіреп, түсінбей қала­ды. Сонымен, жоқ малды өздері іздеуге кіріседі. Осылайша, біреудің қорасынан 150 қойын танып қалады. Сұрастыра келе, оның белгісіз азаматтан сатып алғанын анықтайды. Бір қызығы, белгісіз азамат қойларды бағып отырған шопан емес. Екі ортадағы делдалдар. Міне, шым-шытырық оқиғаға алаяқтық әре­кет­терімен делдалдар да кіріп кетеді. Жә­бір­ленушінің адвокаты А.Айтубаев: «Бұл шопандардың өздеріне сеніп тап­сырылған мал мүлікті иемденіп, талан-таражға салу – жоспарының бір ұшы», – дейді.
Маликов қолындағы дәйекті дерек­тері­мен 2022 жылдың 30 тамызында Шар­дара аудандық полиция бөліміне 2 шопанның үстінен шағым түсіреді. Өкінішке қарай, бастапқыда барлығы заңды, сіздің құқыңыз тапталған, екеуі де сіздің малыңызды талан-таражға сал­ған, екеуін де қылмыстық жауап­кер­шілікке тартамыз деп, арызды қабыл­даған полицейлердің әрекеті соңғы жағында сиырқұйымшықтанып кеткен. Жәбір­ленуші басқа-басқа құқымызды қорғай­ды, мемлекет атынан айып тағады деген про­куратура қызметкерлерінің де әре­кетіне наразы. Осы уақытқа дейін сотқа дейінгі тер­геп-тексеру тек Ш.М-ға қатысты Қыл­­мыс­тық кодекстің 189-бабы 4-бө­лігінің 2-тармағымен жүреді. Ал екінші шопан С.Қ-ның әрекеттеріндегі көрсе­тіл­ген қылмыс құрамы болса да оны қыл­мыстық жауапкершіліктен босады. Бұл жайтқа түсінбеген жәбірленуші та­рап екінші күдікті С.Қ-ны да қылмыстық жауапкершілікке тартып, оған қатысты тиісті бұлтартпау шарасын қабылдау туралы Шардара аудандық ПБ-не және Шардара ауданының прокурорына бірнеше рет шағым түсіреді. Жәбір­ленушінің қорғаушысы А.Айтубаевтың айтуынша, тергеуші Ғ.Орманов және оның әрекетіне қадағалау жүргізетін Шардара ауданы прокуратурасының лауа­зымды тұлғалары С.Қ-ны жауап­кершіліктен шеттеткен. Тіпті, оның қылмыстық әрекеттерін жасырып қалуға тыр­ысқан. Айтуларынша, С.Қ өзіне жүк­теліп берілген малды түгелдей екінші қой­шы Ш.М-ға өткізген. Оны Ш.М-да растап, малды түгелдей алып, сатып жібер­генін айтып, барлық қылмыстық жауапкершілікті өз мойнына алған. Осыны негізге алған полиция оны түгел­дей жауапкершіліктен босатады. Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей, С.Қ-ның мал иесі Маликовтың келісімінсіз қойды біреуге беруге, не болмаса сыйлауға құқы жоқ. Адвокат заңдық тұрғыдан келгенде бұл жауап С.Қ-ны жауапкершіліктен босат­пайтынын айтады. Егер олай бол­ған күннің өзінде де оның да өзіне лайық­­ты жауапкершілігі болуы керек. Бі­рақ полицияның бұл әрекетін про­куратура қолдаған. Допша домалаған арыз
«Бұл жерде үлкен қулық жатыр. Бұлар өзара келіскен. Егер екеуі де кінәні мо­йындаса, олар түрмеге түседі. Сондықтан барлығын біреуінің мойнына жүкте­мекші. Ал сотталушы түрмеден шық­қанша, оның отбасына қарап, жағдайын жасап жүреді. Малды бәрібір өндіре алмайды. Себебі өз аттарында ешқандай мүлік жоқ», – дейді жәбірленуші Б.Ма­ли­ков. Жәбірленуші әлгі екеуіне жеке-дара тергеу әрекеттерін жасау үшін және оған шешім шығару үшін өтініш жазады. Тергеуші С.Қ-ның әрекеттерінде қыл­мыс­тық әрекет жоқ деп ол өтінішті қанағаттандырмайды. «Бұл жерде ұрлау және талан-таражға салу деген баптар бар. Ш.М «ұрлық» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылса, С.Қ-ға «талан-таражға салу бабы қолданылуы тиіс. Шардара аудандық прокуратурасы да «заңды түсіндіреміз, шешім қабыл­даймыз, хабар береміз» деп арқамыздан қағып жібереді. Бірақ ешқандай шешім қабылданбайды. Болмаған соң Түркістан облыстық прокуратурасына Шардара ауданының құзырлы органдары тиісті шара қолданылмай отырғаны жөнінде арыз түсірдік. Облыстық прокуратура Шардара аудандық прокуратурасының бізге «жауабына келіспейміз» деген хатымызды қарамастан, ауданға жолдай салады. Біз енді Бас прокуратураға және Президент әкімшілігіне хат жолдадық», – дейді билікке үлкен үміт артқан жәбір­ленушінің сенімді өкілі, әрі қорғаушысы А.Айтубаев.
Өкінішке қарай, Президент әкім­шілігі хатты Бас Прокуратураға, ал Бас Прокуратура әлгі өздеріне келген хат еке­уін қосып қайтадан қарау үшін об­лысқа жібереді. Түркістан облысының Прокуратурасы бұл жолы тағы да қара­мас­тан, оны екінші мәрте тағы Шардара аудандық прокуратурасына жолдап жібереді. Осылайша, допша домалаған арыздың қайта айналып Шардара ауда­нына келе бергені түсініксіз. Сонда дейміз-ау, Шардара аудандық про­куратурасы өз қызметкер­лерінің заңсыз әрекеттеріне өздері баға бере ме? Яғни, өздерін-өздері тексере ме? Тергеу жүріп жатыр, бір қойшы қама­лып отыр. Екіншісі бостандықта жүр. Ең соңында Шардараның про­куроры жәбір­ленушіге «Тергеліп жатыр, тер­геу қоры­тындысымен шешім қабыл­данады» деп жауап береді. Алайда олар бұл жауапқа қанағаттанбай, Түркістан облысының прокуратурасына қайта шағымданады. Бұл жолы Түркістан облы­сының про­куратурасы тағы да Шардара ауданына жібереді. Мұндай өрескел заңсыздыққа шыдамаған жәбір­ленуші тарап аудандық және облыстық прокуратураның жауап­тарын тіркеп, Бас прокуратураға шағым түсіреді. Өкінішке қарай, «футбол матчы» әлі бітпепті. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де барлық үмітін үкілеп елордаға жолданған хат тағы да Түркістан облысына келген. «Бір апам, бір апамнан да сорақы» де­мекші, Түркістан облысының про­куроры ол хатты тағы ауданға жібереді. Сонда бұл хат неше рет Шардара ауда­нына келді? Соңында жәбір­лену­шілер Адам құқықтарын қорғау уәкілге де хат жолданады. Олар да өздерінше тексеріп, қорытындысының бір бөлігін Бас Прокуратураға жолдайды. Қызығы, ол тағы да айналып ауданға келеді. Прокурор да заңсыздыққа барған
«Біз барлық жоғары тұрған органға жолдаған хатымыздан тұшымды жауап ала алмадық. Енді бізде амал қалмады. Прокуратураның өзі заңды аяққа таптап отыр. 3 арызымыз да қаралмады. Облыс прокурорының орынбасары Қ.Абле­зовтың әрекетсіздігін қарап беру бойын­ша сотқа шағымдандық. Түркістан қала­сы­ның мамандандырылған тергеу соты­ның судьясы А.Джанасов Түркістан об­лысы прокуратурасының лауазымды тұлғалары заң нормаларын өрескел бұз­ғандығы бойынша қаулы шығарды. Қаулыда Түркістан облысының прокура­турасы Қылмыстық процессуалдық ко­дек­стің 105-бабы 3-бөлігінде «Жасалған шешімнің күшін жою немесе оны өз­герту», «шағымды толық немесе ішінара қанағаттандыру», «шағымды қанағат­тан­дырудан бас тарту» туралы шешімдердің бірін қабылдауы тиіс болғандығы, алайда ешқандай шешімді қабылдамағаны айтылған. Сот прокуратуға тиісті шешім қабылдауды міндеттеді. Бізге әлі жауап берілмеді», – дейді адвокат бізбен әң­гімесінде.
Шардара ауданы полиция бөліміндегі іс сотқа өткенде тағы бір қызықты жайт анықталды. Жәбірленуші тарап бұл істің жалғыз күдікті Ш.М-ға қатысты келге­ніне қарсылық білдіріп, С.Қ-ға қатысты істің не болып жатқаны бойынша арыз­дарға әлі ешқандай жауап ала алмағанын, сол себепті істі қайта тергеуге жіберуін сұ­рап, арыз жазады. Сот процесі бары­сында С.Қ-ға және баяғы делдалдықпен айналысқан 2 азаматқа қатысты істері жәбірленуші тарапқа хабарланбастан қысқартылғаны белгілі болады. Бұл туралы құжат іс-құжаттарға тіркелген. Алайда жәбірленуші мүлдем бейхабар. Осыны ескерген сот, істі қайта тергеуге жібереді. Қазір тергеу амалдары 7 айға созылған істің барысы осындай қым-қиғаш оқиғаларға толы. Іс облысқа келді. Бірақ қаншалықты сенімді? Біз облыстық прокуратураға сұрау салып, бірақатар жауап алдық. Түркістан облысы қылмысты қудалау басқарма­сының аға прокуроры Біржан Шүлеев жәбірленуші Б.Маликовтың облыс про­курорының орынбасары Қ.Аблезовтың жеке қабылдауында болғандағы уәждері ескеріліп, аталған қылмыстық іс жақын­да  Шардара ауданнан алынып, Түркістан облыстық Полиция департаментіне қара­луға жіберілгенін айтты. Қазір күдік­тінің ісін бір айға ұзарту бойынша шешім қабылданған.
Прокурор облыстың қарауына келген бұл істе С.Қ-ға қатысты қылмыстық әрекет бар ма, жоқ па қайта қаралатынын айтты. Егер қылмыстық қу­да­лау туралы қаулы негізсіз болса, оның күшін жоймақ. Әзірге тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
Сонымен бірге істі шикі күйінше сотқа өткізген тергеушіге қандай да бір жаза қолданылуы керек шығар. Бұл туралы прокуратура тарапынан тәртіптік іс жүргізу өндірісі қаралып, Полиция департаментіне елеулі кемшіліктерге жол берген тергеуші мен оның басшысына тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс жолданыпты. Ал Шардара ауданының прокуроры жіберген кемшіліктер бойынша облыстық Прокуратураның алқа мәжілісінде қараламақ. Иә, іс әзірге тергеліп жатыр. Тергеу амалдары жүріп жатқан кезде оған кедергі келтірмес үшін жүріп жатқан про­цестер туралы айта алмаймыз. Дегенмен жәбірленушінің осынша шырылдауынан қандай да бір заңсыздықтардың орын алып жатқаны айтпаса да белгілі. Тіпті, заңсыздықтар бойынша сот та шешім шығарып беріп отыр. Бізге өкініштісі, прокурорларымыздың әрекеті болып тұр. Түркістан қаласы мамандандырылған сотының судьясы А.Джанасовтың ай­туынша, тергеу кезінде заңбұзу­шылық­тарға жол беретін тергеушілердің, анық­тау­шылардың, прокурорлардың үстінен шағым жиі түседі екен. Ша­ғым­дар әр­түрлі заңбұзушылықтар бойынша қара­лады. Мәселен, соңғы бір жылда шыққан 37 жеке қаулының 15 шақтысы прокурор­ларға қатысты болған. Де­мек, біздің бүгінгі деңгейіміз, біз соттың шешімінен артық ешнәрсе айта алмаймыз...

Түркістан облысы