Ортақ үйдің ісін ойласып шешкен жөн
Ортақ үйдің ісін ойласып шешкен жөн
383
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысының орталығында пәтер иелері коп­пера­тивтерінен мүлік иелері бір­лестіктеріне көшу қарқыны тым төмен. Петропавл қаласында бір мыңнан астам көпқабатты үй болса, соның тек отыз пайыздан сәл ас­тамы ғана үйді басқарудың жаңа формасына ауысқан. Неге? Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысында ашықтық жоқ әрі тиімсіз болғандықтан оларды таратып, орнына мүлік иелері бірлестіктерін, ал кішігірім үйлер үшін – қарапайым серіктестік құру керек екені туралы әңгіме 2019 жылдан бері айтылып келе жатыр. Сол жылдың желтоқсанында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, Президент 2020 жылғы Жол­дауында осы реформаның маңыздылығына тоқталған болатын. Талап бойынша, жаңа құрылымдар былтыр 1 шіл­деде құ­рылып бітуі тиіс еді. Алайда бұл шаруаның «ауы мен бауы» көп болған­дықтан әрі жұмыс тым сылбыр жүр­гізілгендіктен, кейін осы мерзім биылғы 1 шіл­деге дейін шегерілді. Бірақ МИБ-тер әлі күнге дейін өріс ала алмай келеді. Мәселен, Петропавлда мүлік иелері ко­оперативін немесе қарапайым серік­тестік құруға тиіс 1 073 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның тек 367-сінде ғана МИБ тір­келген. Үйді басқарудың жаңа форма­сына көшуді аяқтауға небары үш-ақ ай қалғанына қарамастан, көрсеткіш – 30 пайыздан асар-аспас. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 1 837 көппәтерлі үй бар болса, соның ішінде 1 545-і басқарудың жаңа нысанына көшуге жатады. Ал қалғандары – коммуналдық, апаттық жағдайдағы немесе шағын га­баритті үйлер. 1 шілдеден кейін пәтер иелері коопер­ативтері өз жұмысын тоқтатуы тиіс. Алай­да Петропавлда бұл жұмыс өте баяу жүр­гізілуде. Неліктен? Ұлттық құрылтайдың және Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды да­мыту институты» жекеменшік меке­месінің директоры, тұрғын үй саласындағы қарым-қатынастардың жілігін шағып, майын ішкен маман Сергей Худяков бұл ретте ең алдымен пәтер иелері ко­оперативтері төрағаларының сылбырлығы себеп деп есептейді.
«Сондай-ақ жергілікті әкімдік тұрғын­дармен жұмыс істеудің орнына МИБ және ҚС құру бойынша ойдан шығарылған есеп берумен шектелді. Әрі кейбір бұқаралық ақпарат құралдары бұл басқару формасы туралы теріс ақпарат таратты. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан жаңашыл­дық­ты жалпы қабылдамаушылық байқалады», – дейді Сергей Герольдович.
Сондай-ақ өңірдің Ресеймен шекара­лас орналасқаны да біршама қиындық туғызып отырған көрінеді. Өйткені көп­теген пәтерлердің иелері жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тоқтатпай, өздері көрші елде тұрып жатыр. Ал Петро­павлдағы баспанасын жалға берген. Меншік иелерін іздеп тауып, басқарудың жаңа тұрпатына көшуге шақыру – көп уа­қыт пен күш-жігер қажет ететін өте күр­делі іс. Кейбір тұрғындар МИБ құрудағы қағазбастылықтан қажыған көрінеді. Бір­қатары ортақ үйді күтіп ұстауға аса қызы­ғу­шылық пен белсенділік таныта қой­майды.
Қалалықтардың көпшілігі МИБ құр­ған­нан кейін оның төлемақысы қымбаттап кете ме деп алаңдаулы. Бұл орайда облыс­тық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар кондоминиум нысанының бір шаршы метрі үшін күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарна­ларының мөлшерін бірлестік мүшелері, яғни тұрғындар бірлескен жиындарда айқындап, бекітеді деп түсіндірді. «Сонымен қатар жалпы шешім бойынша шаршы метр үшін төлем мөлшерін қайта қарауға мүмкіндік бар. Шаршы метр үшін төлемнің орташа мөлшері облыста 40 теңгені құрайды. Сондай-ақ жиындарда тұрғындардың өздері барлық қызмет­кер­лерге жалақы және басқа да шығындарды белгілейді. Қаражат жетіспеген жағдайда тұрғындар тарифті көтеру туралы шешім қабылдай алады», – деп түсіндірді әкім­діктегілер.
ТҰРҒЫНДАР ЕНЖАР
Қалалық әкімдік өкілдері болса, бұл орайда тұрғындардың өздері кінәлі деп есептейді. «Мүлік иелері бірлестіктерін құруға негізінен мынадай себептер кедергі келтіріп отыр: біріншіден, пәтер иелерінің жалпы жиналыстарға қатысуда белсенділік танытпауы және дауыс беруден, жазбаша сауалнамаларға қатысудан бас тартуы. Екіншіден, пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары басқарудың жаңа нысанына көшуге аса қызығушылық танытпайды. Үшіншіден, ортақ мүлікті ұстау мәселе­лерімен айналысуға қабілетті әрі соған да­йын бастамашыл, жауапты және құзы­реті жеткілікті адамдардың жоқтығы се­беп», – дейді Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Шаһар басшысы Руслан Аңбаев тұр­ғын­дармен кездесу барысында МИБ құру­дың маңыздылығына баса назар аударып, бұл жұмысты жеделдету қажеттігін еске салуда.
«МИБ пен ҚС-тің артықшылықтарын тұрғындар жақсы біледі. Бұл құрылымдар тек бір көппәтерлі үйдегі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайдың иелерін біріктіреді. Онда бөгде адам жоқ: барлық шешімдерді тұрғындардың өздері қабылдайды, ал төраға сол үйдің тұрғындары арасынан сайланады. Бұрын пәтер иелері коопера­тивтері бірнеше үйді біріктіретін және ортақ бір ғана есепшот болатын әрі қаржыны пайдалануда еш ашықтық жоқ еді. Ал МИБ пен ҚС құрылған жағдайда бір үйге бір шот ашылады әрі оны меншік иелері өздері басқарады. Сонымен қатар жаңа түзетулерге сәйкес, есеп беру мерзімі өзгертілді: егер бұрын тоқсан сайын есеп берілсе, енді ай сайын. Осының барлығы тұр­ғындарға үй кеңесі мен тексеру комис­сиясы арқылы өз үйлерін басқаруға, яғни шығындарын жоспарлауға және бақылауға мүмкіндік береді», – деді қала әкімі Руслан Аң­баев қала тұрғындарымен кездесу барысында.
«Жаңа өмір бастамаған» үйлердің аула­ларына биылдан бастап балалар алаңы, спорттық тренажерлар да орнатылмайды. Себебі ПИК-тер 1 шілдеден бастап жұмысын тоқтататындықтан, олар тек мү­лік иелері бірлестіктеріне немесе қара­па­йым серіктестіктерге сенімгерлік басқа­руға берілетін болады. Әрі мұндай өтініш­тер тек МИБ төрағаларынан ғана қабыл­данады. Жалпы, биыл Петропавлдағы көпқабатты үйлердің аулаларына бала­лардың 20 ойын алаңы және 30 тренажер кешені орнату жоспарда бар.
«Бұл жұмыс мүлік иелері бірлес­тік­терінің және тұрғындардың қатаң бақы­лауы­мен жүзеге асырылады. Кейін МИБ төрағалары жұмысты қабылдап, сенім­герлік басқаруға алады. Қалалықтар да, төрағалар да ортақ мүліктің бүлінбеуі үшін жауапкершілік танытқаны абзал», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ ол МИБ құру міндетті еке­нін, басқа амал жоқтығын еске салды.

Солтүстік Қазақстан облысы