Саябақтағы сойқан: себеп пен салдар
Саябақтағы сойқан: себеп пен салдар
964
оқылды
Өткен аптада әлемжеліде бір балаға бірнеше жасөспірімнің жабылып, аяусыз соққыға жыққан видеосы тарады. Ес-түссіз жатқан баланы асқан қатыгездікпен жабыла ұрып жатқандардың әрекеті көпті шошытты. Кейіннен бұл сұмдық оқиға Қызылорда облысы Қазалы ауданында болғаны анықталды. Жүгенсіз кеткен жастардың жан­түр­ші­герлік әрекеттері көптің талқылауына тү­сіп жатыр. Бірі беймезгіл уақытта көше ке­зіп жүретін балаларын бақылауда ұста­майтын ата-ананы кінәласа, келесісі мек­теп мұға­лімдері тарапынан оқушы­лардың тәртібіне атүсті қарайтынын алға тартады. Тентек тобырлар басын допша теп­кі­леген бозбала 6 сәуір күні ауыр халде ауру­ханаға жеткізілгені мәлім болды. Ең со­рақысы, алғашқыда жәбірленуші тара­пы­нан жаңбыр суынан тайып құлағаны жа­йында ақпарат тараған. Дейтұрғанмен, шын­дыққа жанаспайтын дақпырт көп­ші­ліктің ашу-ызасын туғызды. Видеода бір­неше баланың сұлқ жатқан бозбаланы аяу­сыз тепкілеп жатқаны анық көрініп тұр. Ендеше, «өздігінен тайып жығылған жет­кіншекті аяусыз тепкілейтіндей не түлен түртті?» деген заңды сұрақ қоғамды тол­ғандырады. Қазір құзырлы орындар тарапынан ба­ланың соққыға жығылғаны расталып отыр. Соққыға жығылған жасөспірім аудандағы №70 мектептің 9-сынып оқу­шысы екені белгілі болды. Ал соққыға жыққан балалар Әйтеке би кентіндегі №266 мектепте оқи­тын оқушылар болып шықты. Бұл жайында Қызылорда облыс­тық білім басқармасы­на хабарласып, мән-жайды анықтауға тырыстық.
«2023 жылғы 6 сәуір күні Қазалы ау­да­нында мектеп оқушылары арасында ұрып-соғу оқиғасы тіркелді. Осы келеңсіз оқиға бойынша анықтау шаралары атқа­рылуда. Нақты кезеңде бұл жағдай бо­йынша ҚР қылмыстық кодекстің 293-ба­бына сәйкес тергеу жұмыстары жүргізілу­де. Аталмыш оқиғаға орай әкімшілік қадағалауды өз деңгейінде үйлестірмеген және кемші­лік­терге жол берген Қазалы ауданындағы №266 және №70 мектеп-лицейлерінің дирек­торлары мен тәрбие жөніндегі орынбасар­ларына қатаң шара қолданылып, қызмет мә­селесі қаралатын бо­лады. Осы орайда облыстық білім бас­қарма­сының 13 сәуір күні болатын ке­ңейтілген мәжілісінде Қа­залы аудандық білім бөлімінің басшылары мен жауапты мамандарының жауапкершілігі қарала­тындығын хабарлаймыз», – деп мәлімдеді бұл жайында Қызылорда об­лыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің же­текшісі Бекбол Қаратайұлы.
Жалпы мәліметке сәйкес, 2023 жыл­дың 6 сәуір күні сағат 16:00 шамасында Қазалы аудандық ауруханасына 2007 жылы туған жасөспірім ауыр жарақатпен, нақты айтқанда, мидың шайқалуы диагнозымен жеткізілген. Аудандық полиция бөлімі та­рапынан баладан жауап алу кезінде ол өзінің құлап қалғанын, ешқандай арыз-шағымы жоқ екендігін айтқан. Алайда 7 сәуір күні әлеуметтік желі арқылы тараған Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс Баһадүр атындағы саябақта жерде қимылсыз жатқан бозбаланы аяусыз тепкілеп жатқан жасөспірімдердің ви­деосы көптің жағасын ұстатты. Осыдан кейін жергілікті полиция қызметі мен қыл­мысты жедел іздестіру бө­лімшесі тара­пынан шұғыл жұмыстар жүргі­зілген. Нә­тижесінде 7 сәуір күні түнгі 00.00 шама­сында Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Осы орайда Қызылорда облыстық полиция департаментінен оқиғаның жай-жапсарын сұрап көрдік.
«Аталған дерек бойынша қосымша тексеру мен әлеуметтік желілерге жүргі­зілген мониторинг нәтижесінде, кәмелетке толмаған тұлғаны ұрып-соққандығы анық­талды. Қазалы аудандық Полиция бөлімі­нің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бі­рыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) тіркеліп, тергеп-тексеру әрекеттері жүргі­зілуде. Тергеу барысында жәбірленушіні ұрып-соққан барлық тұлғалардың жеке бастары анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тиісті са­раптамалар тағайындал­ды. Ол жөнінде әлеуметтік желіге алғашқы ақпаратқа қо­сымша жариялым шығарылды. Қыл­мыстық істің маңыздылығына қарай және толыққанды қамтамасыз ету мақса­тында іс Қызылорда облысы Полиция депар­таментінің Тергеу басқармасының өнді­рісіне алынды. Қазіргі уақытта Қазалы ауданында криминогендік ахуал тұрақты. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері рейдтік жұ­мыс­тарын жалғастырып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс­тар Қызылорда облысы Полиция депар­таменті басшылығының бақылауын­да», – делінген Қызылорда облыстық по­лиция департамен­тінің бізге берген ресми мә­лімдемесінде.
Қазіргі уақытта аталған оқиғадан зардап шеккен жасөспірімнің жағдайы қалыпты. Тиісті емдеу шаралары тұрақты жүргізіліп жат­са керек. Бұл жайында Қызылорда облыс­тық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
«Қазалы ауданында болған топтық төбелес салдарынан зардап шеккен жасөс­пірім бүгінде дәрігердің қатаң бақыла­уында. Қазіргі уақытта баланың жалпы жағдайы ауыр. Динамикада асқынусыз, жақсарту белгілері байқалады. Есін біледі, сұрақтарға жауап береді. Аздап бас ауруына шағым­данады, жалпы әлсіздік басым. Дене қызуы қалыпты. Лабораторлық зерт­теулерде ай­тар­лықтай өзгеріс жоқ. Тұрақ­ты түрде көпбейінді облыстық балалар аурухана­сының дәрігерлерінен кеңес алы­нып, еміне коррекция жасалуда. Ба­ланың денсау­лы­ғына алаңдаушылық білдіріп жатқан облыс тұрғындарына ри­зашылығымызды білді­реміз! Осы ретте баланың денсаулығына байланысты әлеуметтік желілерде бірнеше пікірлер айтылуда. Оның ішінде баланың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр (ко­мада) деген жалған ақпараттар да жеткілікті. Соған орай облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы жалған ақпараттарды тарат­пау­ды, тек қана арнайы ресми құзырлы меке­мелердің мәліметіне жүгінуді сұ­райды», – делінген басқарманың ресми ха­барламасында.
Жасөспірімдер арасындағы төбелеске байланысты Қызылорда облысы әкім­дігінде шұғыл жиын да өткізілді. Жиында Қы­зыл­орда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданында бұған дейін де жаппай төбелес болғанын, аудан әкімі мен жер­гілікті полицияның осы жағдай­ға жол бе­ріп, әрекетсіздік танытқанын қатаң сынға алды. Төбелестің шығу себебін анық­тап, шұғыл шара қабылдауды тапсырды.
«Бәріміз де ата-анамыз. Әрбір ата-ана баласының үйге есен-сау оралатынына се­німді болуы керек. Ал полиция мен мектеп бұған қол жеткізе алмай отыр. Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш ауданы бо­йынша полиция басқарма­ларының жауап­кершілігі қаралсын. Со­нымен қатар аталған мектеп дире­кторла­ры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарла­ры да осы жағдайға жол бергендері үшін тиісті шараларын алсын», – деді сол жиында облыс әкімі.
Қазіргі уақытта жауапты басшыларға қала мен барлық ауданда рейд ұйым­дастыру, ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсы­рылып отыр. Жалпы соңғы жылдары Сыр өңірінде жасөспірімдер арасында топтық төбелес, құқықбұзушылық фактілері азаймай тұр. Мұның соңы осындай асқан қатыгездікке ұласып бара жатқаны аңғарылады. Қыл­мысты бүркемелегенмен, балалар ара­сындағы бассыздықты ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Ендеше тентектерді тезге салатын кез келді.  

Бет қатталып жатқанда: Аталмыш мәселеге орай Қызылорда облысы әкімдігінің өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл брифинг өтті. Брифингте Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшиддин Амитов қылмыстың алдын алуда жауапкершілік танытпағаны үшін 10 жауапты қызмет өкілдеріне шара көрілетінін, сондай-ақ, министрлікке Қазалы аудандық полиция бөлімшесінің басшысын қызметінен босату жөнінде ұсыныс жасалғанын мәлімдеді.

Қызылорда облысы