Қызылордадағы жасөспірімдер төбелесі: кінәлілер жазалана ма?
Қызылордадағы жасөспірімдер төбелесі: кінәлілер жазалана ма?
869
оқылды
Жуырда әлеуміттік желіде ес-түссіз жатқан баланы аяусыз тепкілеген жеткіншектердің әрекеті  жарияланып, жұртты шошытты. Кейіннен төбелес Қызылорда облысы Қазалы ауданында орын алғаны белгілі болды. Бүгін осы жағдайға байланысты Қызылорда облысы әкімдігінің өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл брифинг өтті. Брифингте Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшиддин Амитов қылмыстық оқиғаға орай шұғыл тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, кінәлілер жазадан қашып құтылмайтынын мәлімдеді. “Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданында орын алған жантүршігерлік оқиға жіті назарымызда тұр. Бүгінде қылмысқа қатысы бар жасөспірімдер қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Нақты ақпарат алдағы уақытта жария болады. Осы орайда қылмыстың алдын алуда жауапкершілік танытпағаны үшін 10 лауазымды қызмет өкілдеріне шара көрілетін болады. Сондай-ақ министрлікке Қазалы аудандық полиция бөлімшесінің басшысын қызметінен босату жөнінде ұсыныс жасадық. Ешкім де жазадан қашып құтылады алмайды”, - деді өз сөзінде Шамшиддин Егембердіұлы. Қызылорда облыстық білім басқармасы тарапынан ауданда орын алған ахуалға байланысты тиісті шаралар қолға алынған. Бұл орайда жасөспірімдер оқитын мектептермен арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басқарма басшысы Мейрамбек Шермағанбет жауапкершілік танытпағандар қатаң жазаланатынын жеткізді. “Жасөспірімдер оқитын аудан орталығындағы  екі мектепке барып, мәселенің мән-жайын зерделедік. Нәтижесінде кенттегі 70 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды. Сонымен қатар 266 мектептің директорына шара көрілетін болады. Нақты уақытта жалпы облыс аумағында арнайы рейд  үйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Ахуал жіті назарымызла тұр”, - деді бұл жайында басқарма басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы. Өз кезегінде Қызылорла облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов қазіргі уақытта зардап шеккен оқушының жағдай тұрақты екенін жеткізді. Жасөспірім аудан орталығындағы емдеу мекемесінде тұрақты емделіп  шыққасын, облыстық көпбейінді ауруханасында арнайы тексеруден өткізіліп, денсаулығы ұдайы бақылауда болатынын алға тартты. Осы орайда айта кетейік, жантүршігерлік қылмыс Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс Баһадүр саябағында сәуірдің 6-сы күні орын алған. Сол күні 2007 жылы туылған бозбала ауыр жарақатпен аудандық ауруханаға түседі. Полиция қызметкерлеріне зардап шеккен оқушы алғашында жаңбыр суынан тайып қүлағанын, ешкімге арыз-шағымы жоқ екенін мәлімдеген. Алайда, 7-сәуір күні әлеуметтік желіде саябақта ес-түссіз жатқан баланы аяусыз соққылап жатқандардың вилеосы жарияланып, аталмыш іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тағы бір айта кететін жәйт, алғашында Қазалыдағы ауданаралық ауруханасына жатқызылған жеткіншек кейіннен теміржол ауруханасына ауыстырылады. Мұны ата-анасы аудандық аурухананың ем-шарасына көңілі толмайтынлығымен түсіндіріп отыр. Сонлай-ақ оқушыны соққыға жыққан бұзақы топтың арасында бұрынғы полиция қызметкерінің де баласы болғаны айтылып жүр. Бұл ақпаратты брифингте облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары да растады.