Күш атасы – Қалдан ақсақал
Күш атасы – Қалдан ақсақал
1,081
оқылды
Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында сексеннің сеңгіріне шықса да бұла күші бойынан таймаған Қалдан Шәмшиев есімді ақсақал тұрады. Қара күш иесі әлі күнге дейін аттан түспей, көкпар тартудан алдына жан салмай келеді. Жастайынан жылқы мініп, жан баққан қария бойындағы алып күші әкеден балаға дарыған қасиет деп санайды. Қалдан ақсақал дария жа­ғасында балалық дәуренін өт­кізген. Әкесі де қара күш иесі болыпты. Ертеректе дүйім жұрт­тың алдында түлік төресі – түйені иығына өңгеріп, көпті таңғал­дырған сәтін көзкөргендер аңыз қылып айтып жүреді. Отбасында төрт қыздың ішінде тұтқаұстар жалғыз тұяғы болған Қалдан да бойында ерекше алып күштің бүгіп жатқанын бала күнінен аңғарады. Бозбала шағында-ақ ересек адамның қолынан келе бермейтін бұла күшімен көптің көзіне түсіп жүреді. Небәрі 21 жасында екі ортан жілікті жалаң қолымен ұрып сындырғанын замандастары әлі күнге біледі.
«Жастайымнан дария бойын жағалап, қой, жылқы бақтым. Әрбір күнім жылқы үстінде өтті. Жылқышының басынан неше түрлі қызықты жайттар өтіп тұ­рады. Сол кездері ішім пысқан уақытта түйелерді көтеріп, ой­наушы едім. Сондай күндердің бірінде ауыл сыртынан бір топ қасқырды көріп, соны қудық. Жанымдағы серіктеріме «қас­қырды тірілей ұстаймын» деп айтып қалғанмын. Содан топ қас­қырдың ізіне түстік. Бір сек­сеуілдің түбіне тірелген сәтінде, намысқа тырысып, жыртқышқа қарсы ұмтылып, біреуіне жар­мастым. Жастық кездің буы бо­лар, бойымда «қасқыр тістейді» деген титтей де қорқыныш бол­ған жоқ. Әп-сәтте азулы аңды жалаң қолмен тырп еткізбей ұс­тадым. Бұған жанымдағылар таң-тама­ша күйде болды. Осыдан кейін бо­йымда ерекше алып күштің тулап жатқанын бай­қа­дым», – дейді өткен күндерін еске алған қария.
Жігіт бол­ған кезінде қырда қой бағып, сайын салада еркін көсілген Қалдан ақсақалдың әкесі өз заманында ба­луан кісі болған екен. Әкесінің көзін көрмесе де, бала кезінен ел аузынан естіген есті әңгімелеріне қанық болды. Бойында бұл­қын­ған бұла күш сол әкесінен қанмен дарыған қасиет екенін айтады. күш атасы – Қалдан ақсақал «Күш атасын танымас» де­гендей, қарт көкпаршының ауыл­дастарын таңғалдырған ерекше оқиғалары аз емес. Тіпті, жабайы қабанмен бетпе-бет келіп, ұрып құлатқан кезі де болыпты. Ал қол кү­рестіруге келгенде әлі күнге дейін ешкімге есе жіберген емес.
«1976 жылдар ша­масында К-700 трак­торын жүргіздім. Сол кездері ауыл арасынан жабайы қабанмен ұшы­расып қалдым. Әлгі қабан кері шегінбейді, тек адамға қарсы шабады. Со­дан ат­тан түсіп, қабанның екі кө­зінің ортасынан ұрып, құлаттым. Кейіннен жа­ным­­дағы жігіттер мұны ерек­ше ірі қабан тұқымы еке­нін айтты. Осындай ­жағ­­дайлардан кейін бо­йым­дағы ерекше күшті аңғара бастадым. Ешқандай спорт түріне қатысып, шынық­қаным жоқ. Ат үс­тінде, жыл­­қы соңында ғана жүр­дім. Алып денелі де емес­пін. Ал бойымдағы алып күш ата-ба­бамнан қонған қасиет деп бі­лемін, – дейді қария.
Қарт көкпаршы кемпірімен он бала тәрбиелеп өсірген. Үш баласы тағдырдың жазуымен ба­қилық болады. Бүгінде жеті ба­ласы бір-бір шаңырақ иесі ата­нып, ел қатарлы тұрмыс кешуде. Қалдан ақсақалдың дала жұмыстарына деген құмарлығы әлі де басылған емес. Денсаулығы тың, жүрісі ширақ қария дария бойын жағалап, балық аулауды сүйікті ісіне айналдырған. Ауыл ішінде палуандармен қол күрестіріп, белдесіп, алдына жан салмай, көпті таңғалдырумен келеді. Талай додада оза шапқан алып күшке ие қарияның мақтау қағаздары мен марапаттары да жетіп артылады. Сексеннің үстіне шықса да, әлі күнге аттан түспеген Қалдан ақсақал ауылда той-томалақта жас шабандоздарды көкпардың қыр-сырына баулып жүр. Бұған қоса, үйінің ауласын гүлзарға айналдырып, бау-бақшасын жайқалтып отыр.

Қызылорда облысы