Теріскейде ғаламтордың «торына» түскендер көп
Теріскейде ғаламтордың «торына» түскендер көп
© коллаж: Әсел Балтақызы
469
оқылды
Заманауи технологиялар мен жаппай цифрландыру қарыштап дамыған заманда ғаламторсыз адамның күні қараң. Бірақ интернетті алаяқтық алаңына айналдырған әккілер де осыны сәтті пайдаланып, тапқырлығы мен айласын асыра түсуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бес жылда тіркелген интернет-алаяқтық деректерінің саны жеті есеге артқан. Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы 2022 жылы тір­келген интернет-алаяқтық бо­йынша қылмыстық істерге талдау жүргізіп, оның қорытындысы жа­рияланған кеңесте айтылғанын­дай, 2018 жылы өңірде осындай 143 дерек тіркелсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 991-ге дейін артыпты. Прокуратураның Қылмыстық қу­далау басқармасының бастығы Ғани Жалбидің айтуынша, эко­но­микалық тұрақсыздық салдарынан интернет-алаяқтық қылмыстары күннен-күнге арта түскен. Айына 50-80, күніне кем дегенде 4 дерек тіркеледі. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2017 жылы небары 61 дерек қана тір­келген екен. Өңірде интернет-алаяқ­тықтың арту мәселесіне был­тыр өңірге келген Ішкі істер ми­нистрі Марат Ахметжанов та на­зар аударған болатын. Бүгінде халық үшін интернеттің пайдасы мен зияны бірдей. Олар ғаламтор арқылы сауда жасап, әлеу­меттік желілерін жүргізіп, қа­жетті құжаттарын да алады. Мұның бар­лығы, әрине, өмірді жеңілдете түс­кені рас. Алайда бұл қарапайым ха­­лық үшін ғана емес, қаскөйлер үшін де ыңғайлы. Олардың қарма­ғына түсу оп-оңай. Алаяқтықтың сан түрі бар: мәселен, несие ре­сім­деу, есеп-шоттағы ақшаны ше­шіп алу, онлайн-дүкеннен тауар са­тып алу және тағысын тағы. Про­курор Ғани Қуанышұлының мәлі­ме­тін­ше, өңірде ең көп тараған түрі – банк қызметкері атынан қоңырау шалып, есеп-шоттан ақша ұрлау. Өңірдегі барлық кибера­лаяқ­тық деректерінің 300-ге жуығы – дәл осындай жолмен жасалған қыл­мыстар. Облыстық Полиция депар­таменті Криминалдық по­лиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, Петропавл қаласы тұрғындарының үштен бір бөлігіне банктен қоңырау шалын­ған. Сондай-ақ жарнама сайтында ұсынылған тауар не қыз­мет үшін алдын-ала төлем жасап алданудың 250 шақты дерегі тір­келген. Мик­рокредиттік ұйым­дар­дың сайттары арқылы жалған онлайн-несие ре­сімдеу дерегі 130 рет тіркеліпті. Алаяқтан айла артылмайды Жергілікті тәртіп сақшылары, екінші деңгейдегі банктердің қыз­меткерлері, қаржыгерлер, про­ку­рор­­лар халықты ғаламтордағы алаяқ­тықтан қорғау мақсатында үне­мі қылмыс­тың алдын алу жұ­мыс­тарын жүр­гізеді, «Anti-fraud» же­дел алдын алу іс-шарасын, ті­келей эфирде кез­десулер өткізеді. Жадынамалар, буклеттер таратып, алаяқтық схе­малары туралы ес­кер­теді. Олар тұ­тас ұжымдармен, мек­теп, колледж, университет сту­дент­терімен, тіпті сауда үйлеріне келу­шілермен және көшеде жүрген адамдармен де жо­лығып, банктен, не бөтен адам­дар­дан түскен қо­ңырауға сенуге бол­майтынын ұда­йы түсіндіреді. Қо­ғамдық көлікте, адам көп жүретін жерлерде, бил­бордтарда, LED-экрандарда ақпа­рат жетерлік. Петропавл қалалық Полиция басқармасы екінші бөлімінің бас­тығы Талғат Смағұловтың ай­туын­ша, қылмыскерлер психология­лық қысым әдістерін тамаша мең­­гер­ген. Көбінесе қоңырау шал­­ған алаяқ­тар жәбірленушінің есеп-шо­тына қауіп тұрғанын айтып, жаны ашығансып бар қаржыны «сенімді» шотқа аударуға кеңес береді.
«Шын мәнісінде, бұл есеп-шоттарды қылмыскерлер өздері басқарады. Сондай-ақ жалған банк қызметкерлері sms арқылы келген кодтар мен азаматтардың жеке мәліметтерін алдап біліп алады да, кез-келген ақпаратты шебер пай­даланады. Бұл деректер қаскөй­лерге жәбірленуішінің есеп-шотын қашықтан басқаруға көмек. Интер­нет арқылы сатылатын тауарлар туралы хабарландырулардың кө­мегімен аңқау халықты алдай­­тындар негізінен заманауи игілік­терден хабарсыз кәрі-құртаң адам­дарды шиырлайды», – дейді Талғат Смағұлов.
Мәселен, жуырда 67 жастағы петропавлдық кейуана алаяқ­тар­дың қақпанына түсті. Қитұрқы­лық­тың бұл схемасы тіпті тәртіп сақшыларының өздерін де таң қал­дырды. Айланың бұл тәсіліне бірнеше «актер» қатысқан: «заң­гер», «қаржыгер» және «қазына­шы». Зейнеткерге алдымен «әділет департаментінің заңгері» хабарла­сып, қан қысымына қарсы дәрі алған-алмағанын сұрап білген. Қарияның оң жауабынан соң, ол аллергенді препаратты жеткізіп берумен айналысқан компания әшкереленгенін және оны пайда­ланған адамдардың барлығына едәуір өтемақы төленетінін айтқан. Осымен «заңгер» өз жұмысын тындырған соң, жәбірленушіге «қаржыгер мен қазынашы» хабар­ласады. Олар әжейге «өтемақыны» алу үшін алдымен «сақтандыру», «тексеру» және «транзакция» се­кілді операциялардың ақысын төлеу керек деп сендірген. Зейнет­кер бар жиған-тергенін жұмсап қана қоймай, тіпті қарызға батып, қаскөйлерге алғашында 69 мың 800, кейіннен 190 мың және 270 мың теңге аудара салған. Оңай олжаға кенелгендер мұнымен де тоқтамай, өтемақы сомасы ұлғай­ғанын алға тартып, тағы 310 мың теңге сұраған. Абырой болғанда, кейуана қаражат сұрай барған таныс құрбысы алаяқтардың қулы­ғынан хабардар екенін айтып, полицияға жүгінуге көндірген. Сондай-ақ Тайынша ауда­нын­дағы Келлеровка ауылында тұра­тын 80 жастағы зейнеткерді де алаяқ әйел алдап соқты. Қостанай қаласынан келген бейтаныс әйел қарияның үйіне кіріп келіп, оның ауырып жүргені дуа жасалғанына байланысты деп сендірген. Дуадан арылу үшін мән-мағынасыз қи­мылдар жасап, одан кейін әмиянын да «тазалауға» көндірген. Қария жиған-терген 270 мың теңгесін оның қолына ұстата салған, бірақ қайтып алған кезде ақшасының азайып қалғанын байқаған. Зей­неткер бірден полиция қызмет­кер­лерін шақырады. Тәртіп сақшы­ла­ры анықтағанындай, қаскөй әйел қарияның қолына жасанды суве­нир­лік ақша ұстатып кеткен екен. Сондықтан тәртіп сақшылары тұрғындарды егде жастағы туған-туысқандарының алданбауына назар аударуға шақырады. Алайда адамдар жасы мен жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, әккі қулардың құрбанына айналуы мүмкін. Мәселен, былтыр жоғары оқу орнының оқытушысы, білдей бір ғылым кандидаты айлакер­лер­дің нұсқауымен екі пәтерін сатып, 30 миллион теңгесін олардың есеп-шотына аударған. Осыған қара­ғанда, тісқаққандарға тіпті көзі ашық, көкірегі ояу деген азамат­тардың да аузын аңқитып кету қиындық тудырмайтындай. Алдын алудың амалы қайсы? Солтүстік Қазақстан облы­сын­да хабарландырулар сайтта­рын­дағы тауарлар мен қызметтер ар­қылы аңқаулардың аяғына тұсау салу тым кең етек жайған. Әсіресе, автокөлік сату туралы хабарлан­дырулар сұранысқа ие. Полицейлер жуырда Сергеевка қаласында сатылатын көлік туралы мысал кел­тірді. Арзанқолдау, 90-жылдары шығарылған «Audi-80» маркалы көлік сатылатыны туралы жалған хабарландыруларды үнемі жария­лайтын әккі қулар сатып алушы­ларға осы елді мекенде мүлдем көлігі жоқ адамдардың мекен­жа­йын атай салған. Бейнеқоңырау арқылы хабарласқандарға интернет сапасының нашарлығын айтып, көлікті көрсетуден бас тартқан. Кейін баласының қатты ауырып жатқанын алға тартып, алдын-ала төлем сұраған, ақша қолдарына тиген соң, телефон қоңырауларына жауап беруді қойған. Бір сөзбен айтқанда, іс бітті, қу кеттінің кері. Кейде шынайы хабарландыру­лардың иелерін де жарға жығып кететіндер баршылық. Оларға алаяқтар сатып алушы ретінде хабарласуы мүмкін. Мұндайды болдырмау үшін облыс полицейлері жалған хабар­ландыруларды анықтау мақсатында веб-кеңістікке ұдайы мониторинг жүргізеді. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, был­тыр қылмыскерлер тұрғындар­дың сеніміне кіріп, хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілер арқылы жерлестерін 343 рет сан соқтырған. Сондықтан тәртіп сақ­шылары танымал хабарландыру сайттарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатқан. Бұрын жалған хабарланды­рулар мен аккаунттарды өшіру үшін бірталай уақыт қажет болса, қазір тез арада жоюға болады. Сонымен қатар полицейлер жеке мәлімет­терді ешкімге таратпау, ұялы те­лефондарға бөгде қосым­шаларды орнатпау, мол табысқа кенелуді насихаттайтын күмәнді сілте­ме­лер­ді ашып қарамау тура­лы ес­кертеді. Полицейлер банк қызмет­кер­лері қандай да бір қар­жы опе­рациясы немесе құпия деректермен бөлісу туралы өтініш жасамай­тын­дықтарын, ақша аудару үшін тек карта нөмірі мен аты-жөні ғана қажет екенін үнемі еске салады. Алайда айла-шарғысын сан түрлі етіп құбылтып, қитұрқы әре­кетке баратын айлакерлер әлі де болса айылын жияр емес. Интер­нет-алаяқтық бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесіне, тіпті сын-қатеріне айналды. Биыл небары 3 айы ішінде облыста интернет-алаяқтықтың 180-нен астам дерегі тіркелген. Прокуратураның мәліметінше, былтыр солтүстікқазақстандықтар алаяқтықтан 2 млрд теңгеге зардап шекті, ал жыл басынан бері залал сомасы 108 млн теңгені құрайды. Киберқылмыстың белең алуына цифрландырудың, интернет-тө­лемдердің дамуы, мобильді ин­тер­неттің қолжетімділігі, тауарлар үшін қолма-қол ақшадан бас тарту ықпал еткен. Мамандардың тү­сіндіруінше, мұндай қылмыстармен күрестің негізгі әдісі – тиісті про­филактикалық жұмыс, халық­тың құқықтық сауаттылығын арт­тыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу ғана. Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерге құқық қорғау орган­да­рымен өзара іс-қимыл қарқынын арттыру және несие беру рәсімін жетілдіру қажет.

Солтүстік Қазақстан облысы