Цифрландыру сапалы қызметке сеп
Цифрландыру сапалы қызметке сеп
767
оқылды
Цифрландыруға жаңа мән-мәртебе беріліп отыр. Президент оны бүкіл мемлекеттік басқару жүйесі тиімділігінің өмірлік маңызды факторы деп атады. Енді биліктің барлық үш тармағы электронды форматқа ауысқаны жөн. Жобалар лайықты жүзеге асса, қазақстандықтар мемлекеттік мекемелердің қайда орналасқанын ұмытуы бек мүмкін. Өйткені барлық жұмысты смартфон не компьютер арқылы тындыра алады. Республикадағы бірыңғай үй кезегі, балабақшаға ортақ цифрлық кезек, жайлауымызда өрген төрт түлікті толық есепке алатын бір тізілім және басқасы пысықталып жатыр. Биыл сан түрлі саланы цифрландыруда тың жаңалықтарға серпін беріледі деп күтілуде. Ел қалаған «электронды Парламент» VIII сайланған жаңа Парла­мент­­тің алғашқы сессиясының ашы­луында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселесіне қайта ора­лып соқты. Және жай ғана тілге тиек, әңгімеге арқау ете салған жоқ, басымдықты маңызын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы «элек­трон­ды Үкімет» инфрақұрылымы дамып жатқанын, бірақ онымен шектел­мей, биліктің өкілді тарма­ғын да цифрландыруға күш-жігер шоғыр­лан­дыру қажетін нықтады. Қ.Тоқаев «электронды Үкімет» үл­гісінде «электрон­ды Парламент» және «электрон­ды Мәслихат» жо­баларын ұсынды. Оның пікірінше, бұл қоғам­ның билікке сенімін елеулі ны­ғайтуға септеседі. Мысалы, Мәжіліс пен Сенат ғимаратына былайғы жұрт түгіл, журналистер де еркін кіре алмайды, арнайы аккредитациядан өтуі шарт. Қарапайым адам депутатпен жо­лығуы үшін алдын ала хабарласып, келісіп, рұқсатын алуы керек. Со­дан соң алдымен рұқсат беру бю­росын­да, ізінше қабылдау бөл­ме­сінде бі­раз уақытын күтумен өткі­зеді. Не­ме­се депутаттар уақыты жоқ­тығын ал­ға тартып, жүздесуден жиі бас тар­тып жататыны жасырын емес. Жалпы, Парламенттің қос па­латасы да цифрлық ғасыр игі­лік­терін толыққанды іске жарат­пай­тыны байқалады. Сенат пен Мәжі­лістің сайттары тек палата­лар­дың жалпы отырысын, заң жобала­ры­ның тұсаукесерін онлайн транс­ля­циялаумен шектеледі. Ал заң жоба­ларының түсу, талқылану және жыл­жу барысын бұқара түгіл, са­рапшылар да түсіне алмай дал. Мы­салы, VII шақырылымдағы Пар­ла­мент Мәжілісінің қарауында 264 заң жобасы болыпты, екі жыл ғана жұ­мыс істеген сол депутаттық корпус оның 191-ін қабылдап үлгерді. Мә­жіліс жоқта, Сенат біраз заң жо­басын өзі жалғыз қабылдап тастады. Содан бүгінде төменгі палатаның қарауында қанша құжат қалғанын жаңа депутаттар да білмейтін болып шықты. Тағы бір жайт: депутаттардың қабылдауына кіре алмаған сайлау­шылар амалсыз, оларға хат жазады. Мысалы, тек өткен шақырылым­дағы Парламент Мәжілісіне азамат­тардан 14 360 өтініш түсті. Бұған қоса, еӨтініш (eOtinish) ақпараттық жүйесі арқылы тағы 4 945 арыз жолданған. Олардың қатарында заңгер Ораз Елғондиев Парламентке бірнеше рет ұсыныс жіберді. Бір рет қана жұмыс тобының отырысына шақы­рылған екен, бір ұсынысы қабыл­данған. Бірақ ақыр соңында ол заңнамалық түзетуі депутаттардың бірінің атынан енгізілген. Соған қанағаттаныпты. Оның айтуынша, кейде халықтан, бизнестен түскен мыңдаған ұсыныстың, шағым хат­тар­дың кейінгі тағдыры белгісіз бо­лып қалады.
«Азаматты мазалаған түйткілдің шиеленіскен түйіні тарқатылды ма әлде жалтарма жауаптан тауы ша­ғылды ма? Ұсыныс заң жобасына енгізілді ме әлде қараусыз қоқысқа лақтырылды ма? Бұл – үлкен мә­селе. Цифрландыру бұл салада тың шешімдер ұсынады. Мысалы, AliExpress-тен тауарға тапсырыс берсеңіз, трек-нөмірге (tracking number) қол жеткізесіз, сол арқылы сәлемдемеңіздің дәл қазір қандай пошта арқылы жіберілгенін, қандай қала, хаб пен портқа келіп жеткенін, тіпті қай күні қолыңызға түсетінін біліп отырасыз. Сол сияқты «элек­тронды Парламентте» де өтініш, шағым, ұсыныстардың қаралу, қа­былдану барысын ұдайы қада­ға­лауға, хаттың ағымдағы мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретін тре­кинг сервис болса, жөн», – деді заң­гер.
Керегіне кезекте тұрмай қол жеткізеді Қазақстан Президенті өз сөзінде елде жүргізіліп жатқан барлық – саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа да реформалардың нә­тижелі болуының базалық бір шар­ты ретінде толық, өзекті және шы­найы деректердің болуын атады. Мемлекет басшысы Үкіметке сапа­лы мемлекеттік қызмет көрсету үшін деректер қорын өзара кірік­ті­руді және бұл істе «ақылды тех­но­логияны» пайдалануды тапсырды. Президенттің пайымдауынша, бұл қадам қабылданатын шешім­дердің сапасын арттырады. Сондай-ақ шалғайдағы ауыл тұрғындарына осы игіліктің бәрі қолжетімді бо­лады. Ол үшін мемлекеттік қызмет, мемлекеттік статистика және мем­лекет көрсететін қызметтер туралы заңдарға өзгертулер енгізу қажет. Ең бастысы, биылдан бастап, «электронды Үкіметтің» архитек­турасын жаңғырту жоспарланған. Бұл соңғы екі жылда сөз болған әңгіме. 2021 жылы ел Үкіметі ресей­лік «Сбер» компаниялар тобымен меморандум бекітіп, соның Platform V өнімі негізінде GovTech цифрлық тұғырнамасын дамытуға бел буды. Бұған қазақстандықтар қарсы шық­ты, ізінше Украинаға соғыс ашқаны үшін Ресей батыстық санкцияға ілікті. Сондықтан ел Үкіметі былтыр Сбербанк тұғырнамасын пайда­ла­нудан бас тартты. Енді жаңа серік­тестер іздестіріп жатқан көрінеді. сапалы қызмет Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Бағдат Мусиннің мәліме­тінше, биыл мемлекеттік органдар кем дегенде 66 цифрлық бастамасын жүзеге асырады. Тиісті тізім түзілді.
«Оның ішінде мүгедектікті бел­гілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы цифрландыру, бала­бақшаға қабылдау үшін бірыңғай цифрлық кезекті іске қосу, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алатын Vet Mobile қосымшасын енгізу, әскерден босату, оны уақыт­ша кейінге қалдыру рәсімін авто­мат­тандыру, нотариалдық қызмет­терді электронды форматқа көшіру қыз­меттері бар. Осы бастамаларды іске асыру азаматтар мен бизнестің күн­делікті өмірдегі мәселелерін шеше­ді. Енді олар құжат жинап, та­балды­рық тоздырмайды және ұзақ уақыт кезек күтпейді», – деді министр.
Мұның сыртында тұрғын үй алуға цифрлық кезек енгізу, онлайн режимде еңбек шарттарын жасасу, мобильді қосымшада жеке тұлғалар үшін кедендік декларациялаудан өту мүмкіндігі қарастырылған. Жергілікті тұрғындарды өз емха­насында медициналық профилак­тикалық тексеруден өту қажеттігі, өз өңірінде жұмысқа орналасуына мүмкіндік туғаны туралы хат (push-хабарлама) жолдайтын сервис іске қосылмақ. Бұдан бөлек, қазақстан­дықтар жанар-жағармай құю стан­сасында мұнай өнімдерінің бар-жоғын бір сервис арқылы тексере алатын болады. Жер қатынастары саласы да ары қарай цифрландырылады. Оның аясында Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын кезең-кезеңмен қолданысқа беру жоспарланып отыр. Соның негі­зінде жер ресурстарының жария кадастрлық картасы және элек­трон­ды сауда алаңы іске асырылады. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне ауыл жерлерін цифр­ландыру процесін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау жүктелді. Әйтпесе, ол тәсілдер ескіріп қалған. Бизнесін дамытқысы келетін ауыл кәсіпкері де, жеке үй салып алғысы келетін тұрғындар да нақты қандай жер телімдері бос екенін білмейді. Әскерден SMS-пен босатады Жүзеге асып жатқан жаңа ше­шімдер қатарында Ішкі істер ми­нистрі Марат Ахметжанов тұсауын кескен жобаны атауға болады. Аза­маттарға өз бетінше жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуге мүмкіндік бе­ретін жаңа терминал елімізде әзірге біреу ғана. ІІМ Цифрлық даму ми­нистрлігімен бірге, алдағы уақытта осы жобаны барлық өңірге таратуды жоспарлады. Осының арқасында бұдан былай қазақстандықтар құжаттарды алуға өз бетінше әрі жылдам өтінім бере алады. Алдымен көші-қон қызметі қызметкерінде тіркеуден өтіп, содан соң суретке түсіп, одан ары төлем жасау үшін кассаға жүгіруге уақыт шығындау қажет болмайды. Терминал соның бәрін бір жерде тындыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде әрбір адам құжат үшін сәтті түскен фотосуретін өз бетінше таңдай алады. Министр Бағдат Му­син «бұл процесс 10 минуттан ас­пайды» деді. Бірақ ол өтініш беру­шіге бәрібір көші-қон қызметкеріне жүгіну керек болатынын мойын­дады. Бұл қателіктер мен түсініс­пеушіліктерді болдырмау үшін қажет көрінеді. Олқылықтары болғанымен, мұның өзі – қоғам мен билікті бю­рократиядан арылтуға, мемлекеттік қызметтерді ашық, айқын етуге және Invisible Government, яғни «Көрінбейтін мемлекет» тұжырым­дамасын іске асыруға бағытталған кезекті, оң қадам. Мұның бәрі қыз­мет көрсету саласының сапалы әрі жедел болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Әрі меморгандардың үйлесімді қимылдауына да жол ашады. Аталған жобаны Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті мен ІІМ Ақпараттық-өн­дірістік орталығы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік кор­порациясымен тығыз іс-қимыл жасай отырып әзірледі. Қазір Қазақстанда әскерге шақырудың көктемгі науқаны жүріп жатыр. Жылда осы кезде жергілікті жерлердегі қорғаныс істері жөнін­дегі бөлімдер мен басқармалардың жұмысына жан бітеді. Мұндайда әс­керге жарамайтын жігіттер де ке­зекті қалыңдатады. Сала бүгінде бұл бюрократиядан арылып жатыр. Өйткені әскери сала да цифрлан­дырылуға көшті. Нәтижесінде, әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру үшін анық­тамалар талап етуден бас тартылады. Мұны жүзеге асыру үшін бір­неше жүйені біріктіру қажет еді. Осы бағыттағы бірлескен жұмыс та­бысты тәмамдалыпты. Осылайша, Қорғаныс министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, қазақстандықтарды әс­керге шақырудан босату және ке­йінге қалдыру туралы ақпарат бе­ре­тін проактивті мемлекеттік қызметті іске қосты. 2023 жылдың 1 наурызы­нан бастап, азаматтар әскерге жа­рам­дылығына қатысты өз мәртебе­сін күнібұрын бір жүйе­ден біле ала­ды. Ол үшін бұрынғыдай толып жат­қан анықтамалар мен құжаттар жинап, оны қорғаныс істері жө­нін­дегі бө-лім­дер мен басқармаға ұсы­нып, соның шешімін күтудің қажеті жоқ. Әскерге баруға борышты ер адамның, яғни 18-27 жастағы аза­мат­тардың телефондарына оның әс­кер­ден босатылғаны немесе ­ша­­қыру кейінге қалдырылғаны туралы хабарлама түседі. Қазіргі кез­де жар­ты миллионға жуық әс­керге ша­қы­рылушы 1414-тен ЅМЅ хабарлама алып үлгерді. Көктемгі шақыру нау­­рыз-маусым аралы­ғында жалғасады. Қорыта айтқанда, Президент былтыр ғана аяқталған билік транс­формациясынан кейін енді мемле­кеттік басқаруды цифрлық транс­фор­мациялау процесін бастап беріп отыр.