Бестөбеліктердің базынасын кім тыңдайды?
Бестөбеліктердің  базынасын кім тыңдайды?
1,165
оқылды
Ақмола облысының Бестөбе кентінде жылдар бойы қордаланған мәселелерден мезі болған тұрғындар ереуілге шықты. Алғашқыда шахта маңында жиналып, облыс әкімінің келуін талап еткен жұмысшылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялады. Бұдан кейін халық кенттегі «Рауан» мәдениет үйіне жиналып, тәулік бойы тырп етпестен билік өкілдерімен бірге Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың келуін күтті. Халық талап еткенімен Премьер-Министрдің орынбасары сол күйі келмеді. Жиналған жұртпен кездесуге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Иран Шархан, облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, қала әкімі Алпысбай Қайыржанов, «Қазақ Алтын» компаниясының директоры Рүстем Қаракесов, әлеуетті инвесторлардың өкілдері келді. Ереуілге «Алтын Алмас» компаниялар тобының құрамындағы «Қазақ Алтын» компаниясының мыңнан астам жұмысшыны бір-ақ сәтте жұмыстан қысқартатыны жөнінде хабар таратуы себеп болған көрінеді. Былтыр кенттегі шахтаның жартысынан астамы суға толып, бестөбелік белсенділер компаниядан шахтадағы судың сорылып, тазартылуын талап еткен. Алайда шахтадағы су сол күйі сорылмады. Жуырда «Қазақ Алтын» компаниясы мыңнан астам жұмысшының жұмыстан қысқартылатыны туралы ресми хабарлама таратқаннан кейін жұмысшылармен қоса тұтас кент халқы ереуілге шықты. Жиналғандар бұрынғы инвестордың кетуін, суға толып кеткен шахтаның іске қосылуын, кенді жер астынан қазып алу әдісімен өндіруді талап ететінін жеткізді. Халық мұнымен қоса жұмыс берушінің қысқарту туралы лицензияны кері қайтару және жаңа инвестор келгенде тұрғындарды жұмыссыз қалдырмау мәселелеріне назар аударуға шақырды. Жиын барысында Бестөбедегі жобаны қабылдап алуға «Сей Нар» компаниялар тобы қызығушылығын танытты. Аталған компаниялар тобына кіретін «Алтын Қазына» ЖШС басшысы Ерлан Қабылденов компания бұл жобаны қабылдау үшін өндіріс орнының геологиясы мен кен орнында алтын қорына барлау жүргізуі керек екенін жеткізді. Ал оған дейін компанияда аудиторлық тексеріс өткізілмек. Тұрғындар аудиттен кейін кен орнының басқа компанияға сатылар-сатылмасын, мыңнан астам жұмысшының қайтадан қаншасы жұмысқа қабылданатынын сұрады. Бірақ компания басшысының жауабы жұмысшылардың көңілінен шықпады.
«Мыңнан астам адамды бір мезетте штатқа жұмысқа алу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жобаның келешегі, лицензия алу мерзімі мен бұрынғы өндіріс иесінің қолда бар мүлкі мен қандай да бір келісімдерді білмей ешқандай уәде бере алмаймын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бізге тапсыруды жылдам жүзеге асыруға көмектессе дұрыс болар еді. Сондай-ақ бізге қандай жабдық берілетінін білу қажет. Қазір керек-жарақты Украинадан сатып алу қиын. Ресей нарығымен жұмыс істеу де оңай емес. Мұндай мәселелер де назардан тыс қалмауы керек», – дейді Ерлан Қабылденов.
Жоғарыдағы инвестор егер «Қазақ Алтын» компаниясы құжаттарын жылдам өткізуге министрлік ықпал етсе жағдайды бақылауға алып, шахтадағы суды соруға кірісетінін жеткізді. Компания бұрынғысынша кенді шахталық әдіспен өндіруді жалғастырмақ. Ал «Қазақ Алтын» ЖШС бас директоры Рүстем Қаракесов компанияның жұмысшыларды қысқарту мәселесінің қайта қаралмайтынын ашық айтты. Сонымен бірге бас директор инвесторға Бестөбе кен орнын қайта ресімдеу шарасын жеделдетуге уәдесін берді. Компанияның халықтың наразылығына қатысты айтар өз уәжі бар. протокол «Алтын Алмас» АҚ басшылығының айтуынша компания жұмысшыларды жаппай қысқартуға мәжбүрліктен барған. Шахтаға су толтыруды да алтын өндіруші компания суды басқа жаққа жіберу мүмкін болмағандықтан осындай қадам жасағанын айтады.
Ауыл белсенділері техногендік минералды түзілімдерді өңдеу фабрикасын тоқтатуды, сондай-ақ осы фабрикамен технологиялық байланыстағы қалдық қойманы жабуды және рекультивациялауды талап етті. 2021 жылдың мамырында талаптардың орындалуы технологиялық оқиғалар тізбегін, соның ішінде Бестөбелік байыту фабрикасының мәжбүрлі тоқтауына әкелді. Өйткені шахта суын тастайтын орын болмады. Бұрын бұл су беріліп, сол жерде пайдаланылған, одан кейін қалдықтардың құрамында болып қалдық қоймасына төгіліп тұрған. 2021 жылдың жазынан бастап кенішті табиғи түрде жер асты сулары басып жатыр, ал жергілікті тұрғындар талап еткендей, жер бедеріне су төгуге Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес тыйым салынады. Осы уақытқа дейін минималды жалақы мөлшерінде төленіп келді. Өткен жылдың 20 желтоқсанынан бастап тұрғындар талап еткендей Бестөбедегі жұмысымызды тоқтату шараларына кірісетінімізді хабарлағанбыз. 2023 жылдың қаңтарынан қызметкерлерге төленетін төлемдер 1,8 салалық коэффициентіне көбейтіліп, ең төменгі жалақыға дейін біртіндеп төмендетіле бастады. Жаппай қысқарту мәжбүрліктен болды. 27 наурызда жалпы саны 1013 адам қысқартылатыны жөнінде хабарлама алды. Жұмысшыларға демалыс өтемақысы, 1 айлық орташа жалақы мөлшеріндегі жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемі төленеді, – дейді «Алтын Алмас» компаниясы басшылығынан.
Компания әлеуметтік жауапкершілік танытып былтырғы жылдан бері бестөбеліктерді компанияның басқа өндірістік алаңдарынан жұмыс ұсынылғанын айтады. Атап айтқанда 2022 жылдың сәуірінде 530, 2022 жылдың желтоқсанында 1500-ден астам жұмыс онны ұсынылғанын. Барлығы 22 жәрмеңке ұйымдастырылғанын атап өтті. Бірақ ұсынылған жұмыстарға бар-жоғы 50-ге жуық қызметкерлер ғана қабылданған. Бірнеше сағатқа созылған жиын барысында билік пен бұқара ортақ келісімге келгендей болды. Дегенмен халық жағдайды реттеуге берілген бір айдың ішінде мәселе шешілмесе қайта бас көтермек. Жиын қорытындысы бойынша, «Қазақ Алтын» компаниясына осы жылдың 1 маусымына дейін жұмысшыларға ең төменгі жалақы төлеу, шұғыл түрде әлеуетті инвесторға сұралған ақпаратты ұсыну, әлеуетті инвесторға 1 мамырға дейін ұсынылған ақпаратпен танысу жөнінде шешім шығарылды.
«Осы жолы біз соңына дейін барамыз. Дегенмен бұл жолғы кездесуде де жауаптылар халықты алдап кеткен сияқты. Олар 1 айдан соң жүргізілген жұмыстар бойынша есеп береді. Көптің шешімі болғанымен, мен бұл хаттама талаптарымен өз басым келіспеймін. Халықтың басым бөлігі де келіспей отыр. Біздің басты талабымыз кезекті инвестор қабылдағанша біздің келісімшартты, яғни жұмыс орнын сақтау мәселесі шешілген жоқ, – дейді Бестөбе кентінің тұрғыны Қайрат Алатаев.
Әзірге кен орнында жұмыс істейтін 1200 жұмысшының алдағы тағдыры беймәлім. Екі ай бойы төменгі жалақы алып одан кейін далада қалуы да әбден мүмкін. Қазір кен шахтасы 300 метрге дейін суға толған. Оны сорып алып жұмысты жалғастыруға да біршама уақыт кетері сөзсіз. Ал бұл арада мыңнан астам жұмысшылардың артында қаншама отбасының көк тиын нәпақасыз қалуы мүмкіндігін ескеріп жауаптылар тез арада оң шешім шығарады деген сенімдеміз.

Ақмола облысы