Дизель отыны шетел асып жүр ме?
Дизель отыны шетел асып жүр ме?
© коллаж: Елдар Қаба
603
оқылды
Шымкентте жүргізіліп жатқан ауқымды жол жөндеу жұмыстары тоқтап қалудың алдында тұр. Осылай деп дабыл қаққан бизнес өкілдері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жиналды. Олар дизель отынының тапшылығы салдарынан жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Әсіресе қаладағы ең үлкен көшенің бірі Қонаев даңғылын созу, кеңейту жұмыстарын жүргізіп, айналма жолды салып жатқан «Береке Корпорациясы» ЖШС-не күн сайын 15 тонна дизель отыны керек. Олар 2 миллиард доллар кө­лемінде тапсырыс алған.
«Біз дизель отыны мен битум үшін бір ай бұрын алдын ала төлем жасап қойған­быз. Енді соған қарамастан қазір көлік­терімізді қаңтарып қоюға мәжбүр болып отырмыз. Күн сайын қажетті 15 тоннаны емес, ары кетсе 3 тонна ғана беріп отыр. Жинаған қор да таусылды. Жыл сайын осы мезгілде дизель отынына тапшылық туындайды. Былтырғы жұмысты да зорға бітірген едік. Қазір бізге дизель отыны жөнелтіліп жатқан жоқ, себебі зауыт жөндеуге тоқтап қалды дейді. Сонымен бір­ге бізге жанармай құю бекеттері ар­найы техникаларымызды осында әкеліп толтырыңыз дейді. Ыдыстарға құйып бермейміз деп отыр. Бірақ біздегі кран мен экскаватор сынды бірқатар құры­лысқа қажетті техника жанармай құю станциясына жете алмайды. Сондықтан бір жұмыс үшін бір-біріне байланған тех­никалар жұмысты тоқтатуға мәжбүр. Алай­да біз бекітілген мерзімді бұзғалы отыр­мыз. Бұл үлкен айыппұлға алып ке­ле­ді. Дизель отынын қалайша өндіруші­лерден тікелей жеткізуге болмайды? Құ­ры­лыс салатындарға мемлекеттік бағдар­ламалар аясында дизель отынын үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуді ұйымдастыру аса қиын ба?», – деп ашынды «Корпорация Береке А» құрылыс компаниясының бас директоры Еркінгүл Оспаналиева.
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға жиналғандар осылайша құрылыс жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр екенін айтып, билікке жанай­қайын жеткізді. Кәсіпкерлердің айтуынша, Шымкент­тегі жанар-жағармай құю станцияларында дизель отыны жоқ. Барының өзі ұзын-сонар кезек. Көлік және құрылыс ком­паниялары жанармай жеткізушімен қолданыстағы келісімшарт болған күннің өзінде аз мөлшерде ғана ала алады. Ал бөлшек саудаға мүлдем жоқ. Кәсіпкерлер бірнеше күн бойы бір жанармай құю беке­тінен екіншісіне жүгіріп, ақыры отынды жоғары бағамен сататын делдалдарға тап болған.
«Дизель отынының жеткіліксіздіне қатысты жағдайдың шиеліністі деңгейге жетуіне Шымкент мұнай өндіру зауыты­ның жөндеуге жабылуы себеп болып отыр. Дизель отынының жетіспеушілігі кәсіпорындардың тоқтап қалуына және шығындарға тап болуына әкеледі. Одан бөлек, жүргізушілердің еңбекақысы тө­мен­дейді. Тапсырыс берушілермен екеу­ара шарттардың орындалу мерзімі мен сапасына әсер етеді. Ал кәсіпкерлердің шығындарын айтпаса да түсінікті», – деді жиынды жүргізіп отырған Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директоры­ның орынбасары Сабира Адамбекова.
Ал «Атамекен» өңірлік кеңесінің кеңесшісі Тахирбек Нишанбаев шағын жанармай құю бекеттерінде дизель отынының қажетті көлемі болмағандықтан 230 теңгеден сата алмайтынын айтады. «Petrosan» наурыз айында барлық шағын жанармай құю станцияларына 20 тонна ғана дизель отынын берді. Бұл сома бір аптаға жетеді. Қазір шағын жанармай құю бекеттерінде дизель отыны таусылды», – деп атап өтті ол.
«Жанар-Жағармай» бірлестігінің төра­ғасы Қайыпбек Қамбаров болса, басты мәселе – ашықтықтың жоқтығында дейді. «Қанша мұнай өңделеді, қанша мұнай өнімі қайда берілуде? Оның қайда кететінін білмейміз. Олар соңғы тұтыну­шыға жеткізе ме? Бізде мұндай нақты ақпарат жоқ. Қоғамдық, уәкілетті орган – әр облыстың әкімдігі бар, солар бақылауға алып, есеп жүргізуі керек деп есептеймін. Соңғы тұтынушыға жету үшін кері байланыс болуы керек», – дейді ол.
Кәсіпкерлер жыл сайын жұмыс қыза­тын науқан кезінде жыр болатын осы жағ­дайға тағы бір мәселенің түрткі болатынын жеткізді. Отандық мұнай өнімдерін жақын маңдағы мемлекеттерге заңсыз әкету бойынша жылдар бойы жолға қойылған схемалардың бар екенін жоққа шығармады. Бұған көрші елдердегі жанар-жағармайдың қымбаттығы сеп болып отыр. Мәселен, елімізде дизель отыны 260 теңге деп белгіленсе, Ресейде 367, Қырғызстанда 408, ал көршіміз Өзбекстанда дизель отыны 544 теңге болып тұр. Демек, Шымкентке бар-жоғы 120 шақырым қашықтықтағы Өзбек­станмен баға айырмашылығы жер мен көктей. Яғни, жасырын сауданың болуы әбден мүмкін. Біздегі қордың Өзбекстан асып жатпасына кім кепіл?! Сондықтан жиналған бизнес өкілдері­нің бірі көрші елмен бағаны теңестіру керек деген пікірін айтып қалды. «Дизель отыны қымбат болса да, болғаны дұрыс» дейді олар. Кәсіпкерлер сонымен бірге сараланған тарифтен бас тартуды ұсынды. Мұнда да сыбайлас жемқорлық схемалары бары айтылды. Сондай-ақ кәсіпкерлер көр­ші елдерге дизель жіберіп жатқан кеден бекеттерінде бақылауды күшейтуді сұрады. Шымкент қаласы әкімінің орын­баса­ры Мақсұт Исахов болса, кәсіпкерлердің көзін бақырайтып қойып, «қалада дизель отынына тапшылық жоқ» деді.
«Шымкентте 9 мұнай базасы мен 196 жанар­май құю станциясы жанармай сата­ды. Бүгінде 71 ірі жанармай құю станция­сында талон арқылы шектеулі көлемде дизель отыны босатылуда. Тәуліктік мөлшері жеңіл автокөліктер – 100 л, жүк көліктері – 300 л көлемінде алуда. Айтып отыр­ғандарыңыздай, дизель отыны тек жо­ғары бағамен жеткізілетін шағын жа­нар­май құю бекеттерінде ғана жоқ. Қалаға Атырау мұнай өндіру зауыты­нан 900 тонна келе жатыр. Қаланың ай сайынғы дизель отынына деген қажеттілігі 10 мың тонна­ны құрайды», – деп атап өтті Мақсұт Исахов.
Оның айтуынша, билік дизель отыны­на мұқтаж құрылыс компанияларымен жұмыс істеуге дайын. Қала әкімінің орын­басары «көтерілген мәселелер бойынша энергетика министрлігіне шығып, тіпті қажеттілік туындаса, оларды Үкіметке жеткізуге дайынбыз дейді. Жалпы аталған ұсыныстардың барлы­ғы қала басшысымен талқыланып, компа­ния­лармен келіссөздер арқылы шешімін та­буы мүмкін. Қалай болғанда да ірі құры­лыс компаниялары зардап шегудің алдын­да тұр. Құрылыс компанияларынан бөлек, дизель отынының жыры шаруаларға да едәуір зиянын тигізіп келеді. Жыл сайын болатын жырдың шешімін қанша жерден жиналып талқыласа да, қайталана беретіні түсініксіз...

Шымкент қаласы